Жаңалықтар

5 сәуір кинопремьералары

Бәлкім бұл ең қызық премьералар аптасы болар
5 сәуір кинопремьералары
04.04.2018 10:40 5361

Әміре Қашаубаевтың Парижге сапары туралы кино, Асқар Бисембин мен Әсел Сәдуақасованың кезекті шығармашылық тандемі, Мария Магдалина өміріне арналған драма, Брюс Уиллистің қатысуымен экшн-триллер, Даниэль Брюль  мен Розамунд Пайк түскен қылмыстық драма, селфидің зияны туралы канадалық хоррор, Винчестер әулетінің қарғысы туралы үрейлі триллер, Гоголь туралы ресейлік киносерияның екінші эпизоды және қалтасында ақшасы таусылмайтын сиқырлы пиджак киген кейіпкердің басынан кешкенін баяндайтын украин комедиясы.

1925 жылы Париждегі ЭКСПО аясында ән салған қазақ әншісі туралы картинаның халықаралық статусы бар. Біріншіден фильмге Эбби Корниш, Бен Элдридж сынды шетелдік актерлер қатысты және америкалық Джефф Веспа режиссер болды. Екіншіден фильм ағылшын тілінде түсіріліп, кейін орыс және қазақ тілді көрермендер арналып бөлек дыбысталды.

«Әміре» - қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. 1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes аясында өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әмре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді. Фильм, сондай-ақ, дарынды әншінің Мұстафа Шоқаймен кездесуі, джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен танысуы және туған жеріне оралғанда басты кейіпкердің бастан кешкен сынақтары туралы сыр шертеді. 

Әміре рөлінде – Санжар Мәди, Мұстафа Шоқай рөлінде – Еркебұлан Дайыров.

Әсел Сәдуақасова ең белсенді кинематографшы десек артық айтқандық болмас. Ол жылына кем дегенде 2-3 жобадан көрінеді және өзі продюсер болады. Наурызда «Класстастарын» көріп едік, енді міне «Жена – не стена» комедиясын ұсынып отыр. Бұл оның режиссер Асқар Бисембинмен бірлесіп жасаған үшінші фильмі екен. Осыған дейін екеуінің шығармашылық тандемінің арқасында «Адель», «Замуж в 30» фильмдері жарық көрді.

«Жена – не стена» - бір ерлі-зайыпты төңірегінде өрбитін оқиға туралы. Олардың арасындағы қарым-қатынас салқындай түседі, тіпті әйелі күйеуінің көңілдесі бар екенін сезеді. Келіншек құрбысының кеңесімен көңілдестен құтылудың әрекетіне кіріседі.

Әсел Сәдуақасова кейіпкерінің күйеуін Дәурен Айдарқұлов ойнайды.

«Мария Магдалина» («Mary Magdalene») ‒ дін тақырыбындағы британдық кинофильм. Басты рөлде Руни Мара, ал Иса пайғамбарды Хоакин Феникс ойнайды.

Бұл әлем тарихындағы ең жұмбақ жандардың бірі туралы хикая. Өз уақытының қалыптасқан наным-сенімдеріне қарамастан, Мария өз жақындарын тастап Иса бастаған топқа қосылады. Ол бұл жерде өз орнын табады және өзгелермен бірге Иерусалимге бағыт алады.

«Жажда смерти» («Death Wish») – 1974 жылы шыққан аттас фильмнің ремейкі. Фильм сюжетіне Брайан Гарфилдтің кітабы арқау болған. Қоюшы-режиссер - Элай Рот, ол актерлігімен де белгілі.

Брюс Уиллис аталған триллерде Пол Керси есімді жақсы хирург, өз ісінің маманын сомдайды. Бірде оның әйелі мен қызы көше бандасының құрбаны болады, ал полиция істі ашуға аса талпынбайды. Ол әділеттілікті өз қолымен орнатпақ болады. Қылмыскерлерді өлтіріп жатқан видеолар интернетке тез тарап, кек алушы туралы қауесет көпшілікті сүйсінтеді.

Басты рөлде Даниэль Брюль  мен Розамунд Пайк ойнаған қылмыстық драма «Операция «Шаровая молния» («Entebbe») деп аталады. Жобаға Бразилиядан шыққан Жозе Падилья режиссер болды, ол «Робокоптың» жаңа нұсқасын түсірген маман ретінде белгілі.

1976 жылы Тель-Авивтен Парижге бара жатқан ұшақты террористер жаулап алып, Угандадағы Энтеббе әуежайына қондырады. Қылмыскерлер кепілге алынған жолаушыларды түрмеде отырған адамдарымен алмастырмақ болады. Алайда 7 күнге созылған келіссөздер оң нәтиже бермейді. Сол кезде өте құйтырқы әрі батыл құтқару жоспары әзірленеді...

«Селфи из ада» («Selfie from Hell») – режиссер және сценарийші Эрдал Джейлан түсірген канадалық хоррор. Фильмге неміс студенттері түсірген аттас қысқыметраж негіз болған. Екеуінде де басты рөлде Мила Адамс ойнайды. Қысқаметраж оның вирусты видеоның тиімділігі тақырыбындағы дипломдық жұмысы ретінде жасалды, кейін бұл ролик YouTube платформасында 20 миллионнан астам қаралым жинады.

Сюжет бойынша Германияда тұратын видеоблогер Джулия Америкадағы туысы Ханнаға қонаққа келіп, кенеттен сырқаттанып қалады. Көп кешікпей Ханнаның үйінде біртүрлі оқиғалар бола бастайды. Себебін анықтамақ болып ол интернеттің көмегіне жүгінеді. Джулияның видеоблогын қараймын деп Ханна қатерлі тұзаққа тап болады.

Винчестерлер үйі туралы аңыз бар. Үйді 1984 жылы Сара Винчестер сатып алған екен. Сара Винчестер – атақты винтовканы жасаған Оливер Винчестердің ұлы Уильямның жесірі. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін медиум арқылы оның аруағымен тілдеседі. Қайтыс болған ерінің кеңесімен отбасыға жабысқан қарғыстан арылу үшін ерекше үй тұрғызады. Винчестерлер әулеті өндірген қарудан көз жұмған адамдардың аруағы отбасының соңына түскен-міс. Соларды жолдан жаңылдырып, шатастыру үшін үйдің іші лабиринттер мен тұйық бөлмелерге толы болған екен.

«Винчестер. Дом, который построили призраки» («Winchester: The House that Ghosts Built») - ағайынды Спиригтердің осы оқиғаға қатысты нұсқасы. Фильмде басты рөлдерде Хелен Миррен мен Джейсон Кларк.

 «Гоголь. Вий» ‒ орыс режиссері Егор Барановтың детективті-мистикалық триллері. Фильм 2017 жылы шыққан «Гоголь. Началоның» жалғасы. Александр Петров өз рөліне қайта оралды. Алда үшінші бөлімі жоспарланған.

«Вий» алғашқы картинаның оқиғасын жалғастырады. Санкт-Петербургтан шыққан хатшы Николай Гоголь Диканька ауылының төңірегінде бойжеткендерді қатыгездікпен өлтірген қара салт аттыны құрықтамақ болады. Ол үшін жергілікті полицейден, ішкіш дәрігерден, ырымшыл ұстадан және кезбе философ-экзорцистен құралған команда жасақтап, Гоголь салт аттының соңына түседі. Алайда оның жолына адам жанын жұтып қоюға қауқарлы Вий тұрады.

«Сотка» - Украина кинематографының жаңа картинасы. «Валюталы комедия» деген айдармен шыққан фильм сиқырлы пиджакка ие болған кейіпкердің басынан өткен қызықтарды баяндайды.

Супермаркетте істейтін Леопольд Барановский күтпеген жерден сиқырлы пиджактың иесі болып шығады. Киімнің ерекшелігі - қалтасында жүз долларлық купюралар таусылмайды. Осыдан кейін жігіттің өмірі өзгеріп сала береді: мейрамханалар, бутиктер, қымбат автомобилдер мен алғашқы махаббат. Алайда пиджактың нағыз иесі оны іздеуге шыққан еді.

Бұлардан бөлек «А вот и любовь» («Toute première fois») француз ромкомы шектеулі прокатпен жарық көрді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға