Жаңалықтар

500 мыңнан астам баланы мектепке даярлау үшін қаржылай көмек көрсетіледі

500 мыңнан астам баланы мектепке даярлау үшін қаржылай көмек көрсетіледі
Фото: El.kz 01.08.2024 12:17 656

Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында 500 мыңнан астам баланы мектепке даярлау үшін қаржылай көмек көрсетіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жалпыға міндетті білім қоры жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға қолдау көрсетіп, оқуға қажет құралдар береді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға материалдық қолдау көрсетіледі.

Жаңа оқу жылы қарсаңында төтенше жағдайға тап болған оқушылар қаржылай көмек алады. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, биыл әкімдіктер мектепке 500 мыңнан астам баланы даярлауға тиісті қаражат бөлді.

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың карт-шоттарына ақша қаражатын аудару бөлігінде көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек, мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, осылайша сапасыз тауарларды алуға жол берілмейді, – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Сонымен қатар, жалпыға міндетті білім беру қорының қаражатын біркелкі бөлу мәселесі шешілді. Енді әрбір білім алушыға қаржылық қолдаудың ең төменгі мөлшері белгіленді, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауға тиіс. Биыл бұл көрсеткіш 43 407 теңгені құрайды, яғни материалдық көмектің мөлшері осы сомадан төмен болмауы керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға