500 күн жаттығу жасаған мұғалім: қарапайым адамның ерік-жігері қалай брендке айналды?
Спорт – тек қимыл емес, бұл – күнделікті тәртіп. Ішкі тәртіп болмаса, нәтиже де, мотивация да ұзаққа бармайды. Ал тәртіп – тұрақтылықтың бастауы. Бұл қағиданы 500 күн бойы бірде-бір күн жаттығусыз өткізбеген қарапайым мұғалім Елдос Серікбаев нақты дәлелдеп отыр. Оның бұл жолы жай ғана спорт емес – өз-өзіңді тәрбиелеудің, ерік-жігерді шыңдаудың шынайы үлгісі.
Физика пәнінің мұғалімі Елдос – Алматы қаласындағы №45 мектепте еңбек етеді. Жүгіруді күнделікті әдетке айналдырған ұстаз денесін ғана емес, санасын да шынықтырып келеді. El.kz тілшісі ұстазбен сұхбаттасып, оның мотивациясы, тәртіпке негізделген өмір салты және әлемдік спорт брендтерімен қалай байланыс орнағаны туралы әңгімелесті.
«Бәрі денсаулығым үшін басталды»
Иә, бүгінгі күнмен есептегенде 450 күн болды. Бұл – менің спорттағы үздіксіз күнім. Алғаш 2018 жылы жүгіруді денсаулығым үшін бастадым. Сол кезеңде жиі ауырып, дәрі-дәрмекке тәуелді болып қалғандай едім. Иммунитетімді нығайтқым келіп, жүгіруді әдетке айналдырдым. 2019 жылдың көктемінде алғашқы Алматы марафонына қатыстым.

Күнделікті жаттығу жасау қиын емес пе?
Қиын сәттер болады. Бірақ шыдамдылық пен ішкі тәртіп бәрін жеңеді. Жүгіру – тек физикалық емес, менталды жаттығу. Мысалы, 10 шақырымды 40 минутта жүгіргім келді – оған 2,5 жыл дайындалдым. Бұл – уақыт пен төзімді талап ететін процесс.
«Челлендж мотивацияға айналды»
Басында бар-жоғы 30 күнге арналған челлендж ретінде бастадым. Кейін 100 күнге дейін создым. Одан кейін «ары қарай не болады екен?» деген ой жетеледі. Бір шетелдік спортшы Хелла Гудтың 4000 күн үздіксіз жүгіріп жүргенін білгенде, «неге қазақтан да сондай бір адам шықпасқа?» деген ой келді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Instagram мен TikTok – күнделікті тәртіптің бір бөлігі»
Әлеуметтік желіде күн сайын видео, рилс жүктеймін. Бұл – маған шабыт береді. Аудиториям негізінен 20-35 жас аралығындағы ер адамдар. Алғаш блог басталғанда 600 ғана оқырманым болса, қазір 11 мыңнан асты. Бұл – тәртіп пен табандылықтың жемісі.

«Менен үлгі алып, жүгіре бастағандар көп»
Жекеме «сіздің видеоларыңызды көріп, мен де 100 күндік челлендж бастадым» деп жазатындар көп. Оқушыларым арасында да спортқа қызығушылық артты. Бірі тауға шығып, екіншісі тұрақты жүгіріп жүр.

«Таңғы 5-те тұрып, жаттығу жасаймын»
Қазір №45 мектепте 9-сыныптарға сабақ беремін. Таңғы сағат 5:00-де оянып, жаттығу жасап, мектепке дайындаламын. Сағат 8:00-де жұмысым басталады. Бір қарағанда ауыр көрінгенімен, тәртіпке үйренсең – бәрі мүмкін.
«Adidas, Puma, Nike – арманнан шындыққа»
Бұрын жай ғана армандап, «брендтермен жұмыс істегім келеді» деп жазып жүретінмін. Бүгінде Puma секілді алпауыт компаниямен бірлесіп жобалар жасап жатырмын. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта Adidas, Nike сияқты брендтермен жұмыс жасау жоспарда бар. Ұсынысқа ашықпын.

«13 жаста әкеммен бәстесіп басталған махаббат»
Спортқа деген қызығушылығым 13 жасымда басталды. Әкеммен бәстесіп, 50 рет отжимание жасап, шпагатқа отырғаным есімде. Содан бастап жаттығу, турник, жүгіру – өмірімнің бір бөлігіне айналды.
«Қостанайдан тауға деген сүйіспеншілік»
Туған жерім – Қостанай. Бірақ Алматыға оқуға түскен соң тауға деген қызығушылығым оянды. 2018 жылы алғаш рет тауға шықтым. 2019 жылдан бері тауға шығу – апта сайынғы әдетіме айналған.

«Менің басты мотиваторым – әкем»
Әкем көп сөйлемейді, бірақ әр ісімен үлгі. Болашақта өз балаларыма да іспен үлгі болғым келеді. Спортты бастай алмай жүргендерге айтарым – «не үшін?» деген сұраққа шынайы жауап беріп көріңіз. Сол себеп табылғанда, мотивация да табылатын болады.
Қорытынды. 30 жастағы мұғалім Елдос Серікбаев – спортқа деген тұрақты сүйіспеншіліктің және ішкі тәртіптің символы. 8 жылдан бері үздіксіз спортпен айналысып, соңғы 500 күн бойы бірде-бір күн жаттығусыз өтпеген. Қазір ол – мыңдаған жасқа мотивация беріп жүрген ұстаз. Оның тарихы – «бір қадамнан басталған табыс» үлгісі.

