Оқу-ағарту министрлігі

460 мың оқушыға арналған жоба: «Келешек мектептері» қандай мамандарды дайындайды?

19.12.2025 19:14

«Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында 460 мың орынға шақталған 217 мектеп ашылады деп жоспарланған. Қазір 168 білім мекемесі балаларға есігін ашқан. Бұл жай ғана мектептер емес, заманауи оқыту тәсілдері мен соған сай инфрақұрылым қалыптастыратын оқу ордалары.

Мұнда заман қажеттіліктеріне сай ең озық материалдық-техникалық база қамтамасыз етілген. Оған қоса, бұл оқу ордаларында күшейтілген қауіпсіздік режимі қамтамасыз етіліп, әр балаға қолжетімді сапалы білімге жағдай жасалады. Бұл – тұрғылықты жерінде, қолжетімді әр оқушыға сапалы білім беруді көздейтін білім ордалары.

«Келешек мектептерін» басқару да тиімділік принціптері бойынша ұйымдастырылады. Директорларды тағайындау кезінде басымдық «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге берілетін болады. Бұл жоба президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған. Онда болашақ басшыларды қызметке тағайындалмай тұрып дайындауды міндеттейтін халықаралық тәжірибе негізге алынған. Үміткерлер бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, кешенді түрде оқытылады. Оған қоса, тәлімгерлермен жұмыс істеп, тағылымдамадан өтеді. Мұндай тәсіл сыни ойлайтын әрі өзгерістерге дайын басқарушыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде республикалық кадрлық резервте 1000-ға жуық маман бар. Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында ашылған 40 мектепті осы «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының резервистері басқарады. Осылайша, бұл білім ордалары жаңа стандарттарды, цифрлық технологияларды және тәрбиелік бағыттағы тәжірибелерді енгізетін алаңға айналуда.

Негізінен, «Келешек мектептері» бірыңғай заманауи стандарттармен және технологиялармен ерекшеленеді. Оған қоса, бұл оқу ордаларында күшейтілген қауіпсіздік режимі қамтамасыз етіліп, әр балаға қолжетімді сапалы білімге жағдай жасалады. Соның ішінде, ерте жастан кәсіби бағдар беруді де ерекше атап өту қажет. Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, арнайы апталықтар ұйымдастырылады. Ал 7-сыныптан бастап бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім курстары енгізіледі. Бұл қадамдар болашақ ұрпақтың дұрыс таңдау жасап, мықты маман болуына ықпалдасу мақсатында жасалып жатыр. Әрбір оқушы өз саласына саналы түрде баруы үшін ерте кәсіби бағдар беру жүйесін енгізу маңызды. Әрі мұндай жаңашылдықтар – әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіндегі қажеттілік. Сондықтан, қазір еліміздің барлық мектептеріне профориентолог маман жұмысын жандандыру үшін жұмыстар жүріп жатыр.

ҚР ОМ Орта білім беру комитетінің төраға орынбасары Зейнеп Махсутова