«45 млн теңге»: отандық жұлдыздар Жаңа жыл кешінде қанша сыйақы сұрайды
Желтоқсанда ұжымдық кештерге байланысты танымал қазақстандық әртістердің кестесі бірнеше апта бұрын толып қалады. Forbes Kazakhstan жаңа жылдық корпоративтерге арналған жұлдыздардың жаңартылған сыйақыларын жариялады. Биыл көптеген өнерпаздар бағасын көтерген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мақпал Исабекованың бір кеште өнер көрсету құны 25 желтоқсанға дейін – 3 млн теңге, мереке күндері 4-5 млн теңгеге дейін өседі. Бұл сомаға жол шығыны кірмейді.
Айқын Төлепберген – 3 млн теңге, ал Luina – 4 млн теңге. Kalifarniya мен Мирас Жүгінісовтің сыйақысы – 5 млн теңгеден.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева жаңа жылда да, басқа уақытта да 5,2 млн теңгемен өнер көрсетеді. Жас әнші Dequine тобы және бэндпен бірге – 5,9 млн теңге.
Кайрат Нұртас корпоративке 6 млн теңгеге шығады, RaiM да дәл осы бағаны сұрайды. Ал оның жұбайы Ерке Есмаханның сыйақысы – 8 млн теңге.
Жастар сүйетін Sadraddinn бір кешке 11 млн теңге сұрайды.
Ең қымбат өнерпаздардың бірі – «Ирина Кайратовна». Топтың гонорары 70 мың доллар (шамамен 36,5 млн теңге), оған қоса команданың жол және тұру шығындары үшін тағы 8 млн теңге қажет.
Ал Димаш Құдайберген жеке іс-шараларға өте сирек келіседі. Оның гонорары 45 млн теңгеден басталады және әр тапсырыс жеке қаралады.
Қалта көтереді деген нұсқалар да бар: Қайрат Түнтеков – 500 мың теңгеден, Бейбіт Қорған – 1 млн теңге, Маржан Арапбаева мен Мадина Сәдуақасова – 1,5 млн теңге алады.

