Жаңалықтар

45 күн қалды: Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қалай дайындалып жатыр?

45 күн қалды: Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қалай дайындалып жатыр?
Фото: primeminister.kz 26.07.2024 10:00 629

Биыл 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл дүбірлі додаға қатысу үшін 89 елден өтінім түскен. 21 спорт түрінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Барлығы 97 медаль жиынтығы ойнатылады. Қазіргі таңда көшпенділер ойынына дайындық жұмыстарының финалдық кезеңі жүргізіліп жатыр. El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі ұйымдастыру жұмыстары мен спортшылардың дайындығы туралы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қондыбаевпен тілдесіп, сұрады.

El.kz: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда өтеді деген күннен бастап төрткүл дүние елімізге көз тігіп отыр. Бүгінде дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? Қандай да бір мәселелер туындамады ма?

Абылай Қондыбаев: Бүгінгі таңда ойынға қатысуға ниет білдірген 89 мемлекеттің өтінімдерін алдық. Бастапқыда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 4 мыңға жуық спортшы қабылдаймыз деп жоспарланды. Бірақ еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты мемлекет басшысының тапсырмасымен ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаржысы қысқартылды. Соған сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты сараланып, көшпенділер ойындарының негізгі бағдарламасын қысқарттық. Осылайша, спортшылар саны 4 мыңнан 2 мыңға азайды.  

Бүгінде ұйымдастыру жұмыстарына 5,6 миллиард теңге бөлінді. Бастапқыда бюджеттен 7,4 миллард теңге қарастырылған еді. Дегенмен демеушілер мен серіктестерді тартып жатырмыз. Ойындардың бас серіктесі – қаржы саласындағы лидер Халық Банк. Сондай-ақ Alageum Electric электротехника компаниясы бекітілді. Демеушілер көшпенділер ойындарының жүлде қорына қаржы бөледі.

El.kz: Спортшылар қалай іріктеледі?

Абылай Қондыбаев: Қазіргі таңда Ұлттық спорт қауымдастығы, спорт түрлері бойынша федерациялармен бірлесіп келіп түскен өтінімдерді қарап жатырмыз. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігімен келісіп, өзге елден келетін мемлекеттердің Спорт министрлігімен бірлесіп, өтінімдерді бірге қарастырып, 2 мыңға жуық қатысушыны іріктеп алатын боламыз. Қазір тізім қаралып жатыр. Келіп түскен өтінімдердің саны одан екі есе көп.

Көшпенділер ойындарына түркі тілдес мемлекеттерден келетін спортшылардың делегаттары өте көп. Әсіресе, көшпенділер ойындары бастама алған Қырғызстаннан, сондай-ақ Өзбекстан,Тәжікстан, Қытай мен Венгриядан үлкен делегация келеді деп күтілуде. Бұл елдерден шамамен 50 спортшы қатысады деп жоспарланған. Ал көшпенділер ойынындағы ең үлкен құрама – Қазақстаннан қатысады. Еліміздің ұлттық құрамасынан 272 спортшы тіркелді.

Қазақстанда өтетін көшпенділер ойындарының ауқымы өте кең. Себебі, ойынға сан ғасыр тарихында көшпенді болмаған алыс-жақын елдердің спортшылары да қатысқалы жатыр. Атап айтсақ, Оңтүстік  Америка, Венесуэла, Колумбия, Жаңа Зеландия, Аустралия, Африка, Мадагаскар елдерінен өтінімдер келді.

El.kz: Қатысушылар қай спорт түрінен көп тіркелді?

Абылай Қондыбаев: Көшпенділер ойындарының бағдарламасына 21 спорт түрі бекітілді. Оның тең жартысы біздің ұлттық ойындарымыз. Мәселен, көкпар, бәйге, жамбату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі бекітілді. Әлемге кеңінен тараған халықаралық федерациялардың көп бөлігі қазақ күресі, тоғызқұмалақ, садақ ату сияқты негізгі спорт түрлеріне тіркеліп жатыр.  

Бағдарламада күрестің бірнеше түрлері бар. Олар – қазақ күресі, өзбектің ұлттық күресі – кураш, татардың ұлттық күресі – көреш. Барлығының атауы бірдей күрес болғанымен ережелерінде өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан спорттың тап осы түрінен түркі елдері көп қатысады.

El.kz: Спортшыларға қандай жүлде қоры қарастырылған?  

Абылай Қондыбаев: Биыл біз бесінші көшпенділер ойындарын өткізейін деп жатырмыз. Бұған дейін үш рет Қырғызстанда, бір рет Түркияда өтті. Көшпенділер ойындарының өзіндік қалыптасқан дәстүрлері бар. Қатысушыларға сертификат, алғыс хаттардан бөлек қаржылай жүлде қоры қарастырылған. Бүгінде Халық банкпен бірлесіп жеке шығатын спортшыларға және командалық құрамдағы спортшыларға жүлде қорларын бекіттік. Мысалы, көкпарда жеңісті еншілеген командаға 10 млн теңге жүлде қоры беріледі. Ал жеке сайыстың жеңімпаздары 500 мың теңгеден алады. Біз бұл жүлде қорын бұған дейін Қырғызстан мен Түркияда өткен көшпенділер ойындарының жүлде қорларына қарап, талдау жасап шешім қабылдадық.

El.kz: Спортшылардың дайындығына қандай баға берер едіңіз?

Абылай Қондыбаев: Қазір ұлттық құрама барлық дайындық жұмыстары бойынша ақтық мәреге шықты. Спортшыларымыздың беталысы жаман емес. Бүгінде Алматы облысында көкпар, аударыспақ, жамбату, теңге ілуден, Көкшетауда дәстүрлі асық атудан оқу-жаттығулар қызу жүріп жатыр. Жалпы ұлттық құрамаға кіру бойынша спортшылардың арасында үлкен бәсеке бар. Сол үшін де біз біраз спорт түрлерінен үлкен халықаралық жарыстарды күтіп отырмыз.

Көшпенділер ойындары – түркі халықтарының үлкен мейрамы. Себебі, ол біздің мәдениетіміздің, өркениетіміздің, ұлттық ойындарымыз бен тарихымыздың көрінісі. Сондықтан дайындық жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, жоғары деңгейде атсалысып жатырмыз. Барлық федерациялар, құзыретті органдар күш-жігерін салуда.

Тағы бір айта кету керек мәселе – көшпенділер ойындарының өзіндік дәстүрі болғанымен, олимпиада, универсиада сияқты  қалыптасқан жүйе жоқ. Мұнда ұйымдастырушы елдің тарапынан ережелері бекітіледі. Мысалы, бізде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан спортшылар осы ойындарға қатыса алмайды деген ереже жоқ. Барлығына бірдей мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, бір спортшы бірнеше спорт түріне қатыса алады.

El.kz: Көшпенділер ойындарына төрешілер қалай іріктеледі? Олар арнайы дайындықтан өтеді ме?

Абылай Қондыбаев: Бүгінгі таңда көшпенділер ойындарына қатысатын 370 төрешіні дайындап жатырмыз. Әрине, ойын елімізде өтетіндіктен төрешілердің басым көпшілігі өзіміздің мамандар болады. Одан бөлек басқа мемлекеттердің халықаралық федерациялары ұсынған төрешілер де бар.

El.kz: Бүгінде ұлттық құраманың көшпенділер ойындарына киім шығатын киім үлгілері дайын ба?

Абылай Қондыбаев: Бұл жұмыспен Турзим және спорт министрлігі айналысып жатыр. Министрлікте ұлттық құраманы дайындауға және оның нәтижесіне жауапты ұйым бар. Соның ішінде Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы спортшылардың киімдерін дайындап жатыр. Киім үлгілері дайын болған уақытта міндетті түрде таныстырамыз.

El.kz: Көшпенділер ойындарына қатысатын 2 мың спортшыға қандай жағдай жасалады? Қанша транспорт, қонақ үй қызметі қарастырылды?

Абылай Қондыбаев: Көшпенділер ойындарына 7 нысан бекітілді. Ең біріншісі – Астана арена, онда ашылу салтанаты өтеді. Бүгінде ғимаратта күрделі жөңдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қазанат атшабарында көкбар, бәйге спорт түрлеріне сайыс өтеді. Қазір ол жерде де жеке меншік иеленуші тарапынан күрделі жөңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар көшпенділер ойындары үшін арнайы халықаралық стандарттағы 10 мың адамға арналған иподром салынады. Нысан көшпенділер ойындарынан кейін де ұлттық спортты дамыту бойынша  Астана қаласындағы үлкен орталықтардың біріне айналады.  

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен сайыс өтеді. Олар – қазақ күресі, алаш қырғыздарының күресі және татарлар күресі.

Бүгінде Алау мұз сарайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанда біздің 6 спорт түрі бекітілген. Олар – асық ату, арқан тартыс, мас рестлинг және түрік, өзбек күрестері.

Қазақстан жеңіл атлетика спорт кешенінде қатысушыларды аккредиттеуден өткіземіз. Бағдарламада 3 зияткерлік ойын бар: тоғызқұмалақ, Батыс Африка елдерінің зияткерлік ойын түрі аварей және түрік елінің зияткерлік ойыны мангала. Ол Думан кешенінде өтеді.

Ойынға келетін қонақтар үшін 20 қонақ үй таңдадық. Барлығы спорттық нысандардың қасында орналасқан. Бүгінде қалалық әкімшілікпен көшпенділер ойындарына арналған арнайы штаб құрылды. Олар спорттық нысандарды, қонақ үйлерді дайындау бойынша жұмысқа кірісіп кетті.

El.kz: Бүгінде қаланы көшпенділер ойындарына безендіру жұмыстарының басталып кеткенін байқауға болады. Түрлі мүсіндер, құрылғылар, шағын архитектуралық формалар орнатылған. Жалпы безендіру жұмыстары жайлы да айта кетсеңіз...   

Абылай Қондыбаев: Көшпенділер ойыны авторлардың идеясы мен тұжырымдамасы бойынша үш бағыттан құралды. Олар – спорт, мәдениет және ғылым. Ғылым бағыты бойынша ұлттық музейде халықаралық конференция өтеді. Мәдениет бағыты бойынша екі үлкен жоба қарастырылған. Оның біреуі – Бірлік керуені этноауылы. Бірлік керуені жобасы Астана қаласында өтетін көшпенділер ойындарына басқа өңірлердің де кішкентай бөлігі қатыссын деген мақсатта бағытталған жоба. Осы арқылы әрбір өңірден этноауыл құрылады. Нақтырақ айтқанда, 20 өңір Астанаға 3 киіз үйден жібереді. Этноауыл арқылы қонақтарға, туристерге еліміздің  жетістіктері, туристік потенциалы көрсетіледі. Оның ашылу салтанаты 7 қыркүйекте өтеді.

Сонымен қатар, өңірлерден ең үздік қолөнершілер келіп, әшекей бұйымдарын сатуға мүмкіндік алады. Үлкен сахна орнатылып, конақтарға концерт қойылады.  Ол үшін өңірлерден шығармашылықпен айналысатын әріптестерімізді шақырдық. Қазақ үйде көшпенділердің ұлттық тағамдары беріледі. Алыс шет елдерден келетін қонақтардың көшпенділер тағамдарына деген қызығушылығы үлкен. Сондықтан этноауыл алаңында ұлттық тағам фестивальін ұйымдастырамыз. Сондай-ақ этноауылда аударыспақ, алыптар сайысы, құсбегілік, жамбату және теңге ілу сайыстары өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға