4,3 мың шақырым жол жөнделеді: министрлік жол бойындағы сервисті жақсартады
Көлік министрлігі жол саласының су тасқыны кезеңіне, көктемгі құрылыс маусымына дайындығын пысықтап жатыр. Министрлік биыл ауқымды жұмыстар жоспарланғанын атап өтіп, дайындық шараларын жеделдетуді тапсырды.
Жол бойындағы дәретхана мәселесі шешіледі
Салаға жауаптылардың айтуынша, 2026 жылы реконструкция, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 4,3 мың шақырым автожол қамтылады. Жол бойындағы сервисті дамыту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Азаматтарға қолайлы жағдай жасап, барынша санитарлық-гигиеналық тораптың жай-күйі қаралады.
Бұған дейін кейбір нысандардың жабық болуы немесе санитарлық жағдайының талапқа сай келмеуі туралы тұрғындар тарапынан шағымдар түскен. Осыған байланысты Сапа орталығы республикалық маңызы бар автожолдардағы жол бойындағы сервис нысандарына тексеру жүргізді.
«Тексеру барысында 684 санитарлық-гигиеналық торап пен суық дәретхана қаралды. Нәтижесінде 13 СГТ-ның жұмыс істемейтіні, ал 69 суық дәретхананың санитарлық жағдайы қанағаттанарлықсыз екені анықталды», – деп хабарлады ведомство.
Жауапкершілік жүгі ауыр
Министрлік басшылығы барлық жол бойындағы сервис нысандарын қысқа мерзімде тәртіпке келтіруді, олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және инфрақұрылымды күтіп ұстау бойынша жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қоғамдық бақылауды күшейту қажеті атап өтілді.
Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметіне сәйкес, жол бойындағы сервис нысандарын тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін Ақмола облысындағы «ҚАЖ-Сервис» ЖШС филиалының басшысы қызметінен босатылғаны, сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бірқатар басшылары бақылаудың жеткіліксіздігі және дер кезінде шара қолданбағаны үшін тәртіптік жазаға тартылғаны хабарланды. Санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайына бақылау күшейтіліп, анықталған бұзушылықтарды жедел жою шаралары қабылданады.
2,1 мыңнан астам техника дайын
Кеңесте қаралған тағы бір маңызды мәселе – су тасқыны кезеңіне дайындық. Қазіргі уақытта республикалық автожолдарда 15 мыңнан астам су өткізгіш құбыр тазартылып, ашылды.
Жол қызметтері жоғары дайындық режиміне көшірілді. Су тасқыны кезеңінде жедел әрекет ету үшін 2,1 мыңнан астам мамандандырылған техника әзірленді. Сонымен қатар ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет ету шаралары пысықталып, төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын баламалы маршруттар айқындалды.
Министрлік басшылығы тасқын кезеңінде автомобиль жолдарының жағдайын тәулік бойы бақылауды, су деңгейін және қауіпті учаскелерді тұрақты қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Заманауи әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

