400 мың теңге табыспен қалай баюға болады? Сарапшылар жолын айтты
Айлығы шайлығынан артылмайтын заманда ақшаны қалай жинаймыз?
Ай соңына жетпей жатып әмиян босап қалатын жағдай көпшілікке таныс. Кеше Threads әлеуметтік желісінде бір жазба көзіме түсті. Онда желі қолданушысы: «Айлықтарыңызды қалай жинап жүрсіздер? Отыз күн еңбек етіп тапқан ақшам бір сәтте жоқ болып кетеді» деп жазған. Бірі автордың жағдайын түсінетінін айтса, енді бірі бұған таңданысын жасырмады. Шынында да, табысы бар адамның ақшасы неге жиналмайды? Қаражаттың қолда тұрмауына не себеп? Осы мәселені бірге саралап көрейік.
Оқи отырыңыз:
- Декреттегі әке: жаңа үрдіс пе, әлде дәстүрге қайшы қадам ба?
- 2026 жылы жұмыссыздарға қандай әлеуметтік төлем беріледі?
Байлықтың емес, тәртіптің белгісі
Экономистердің айтуынша, мәселенің төркіні табыстың аздығында емес, ақшаны дұрыс басқара алмауында. Яғни, адам қанша қаржы табатынынан бұрын сол ақшаны дұрыс жарата алуы керек. Экономист Мақсат Халық бұл пікірмен толық келіседі. Қаржылық тұрақтылық ең алдымен қаржылық тәртіптен басталатынын айтады.
Ақшаны көбейтуден бұрын, оны дұрыс бөлуді үйрену керек. Дамыған елдерде табыстың шамамен 20 пайызы жинаққа аударылады. Бұл байлықтың емес, қаржылық тәртіптің белгісі. Елде табыс төмен болуы мүмкін, бірақ ең болмаса 10 пайызды тұрақты түрде жинау керек. Оны көп десеңіз, бес пайыздан, тіпті үш пайыздан бастаңыз. Бастысы ақша жинауды әдетке айналдыру қажет. Мұнда мөлшер емес, жүйенің қалыптасуы маңызды, – дейді сарапшы.
Шын мәнінде, қаржы әлемінде бір қарапайым қағиданы естен шығармау керек. Үлкен капитал бірден пайда болмайды, ол тиыннан, үнемделген қаражаттан, жиналған қаржыдан құралады.
Шетелдік тәжірибе не дейді?
Дамыған елдерде қаржылық жоспарлау мәдениеті әлдеқайда ерте қалыптасқан. Мысалы, Еуропа елдерінде үй шаруашылықтары табысының орта есеппен 12-13 пайызын жинаққа бағыттайды. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін жетеді.
Енді бір мемлекеттер қаржы жинауда өзіндік қағида қалыптастырған екен. Мәселен ең бірінші – өзіңе төле қағидасы. Яғни, жалақы алған кезде алдымен белгілі бір бөлігін жинаққа аударып, қалған ақшаны күнделікті шығынға жұмсау ұсынылады. Бұл тәсіл адамдарға қаржысын жоспарлауды үйретіп қана қоймай, болашаққа капитал қалыптастыруға көмектеседі.
Инфляция кезінде ақшаны қалай қорғауға болады?
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, инфляция кезінде ақшаны үйде немесе картада жай ғана сақтап қоюға болмайды. Бұл қаржының құнын жоғалтуға әкеледі.
Инфляция кезінде ақшаны жай ғана сақтап қою – оның құнының біртіндеп төмендеуі деген сөз. Сондықтан жинақты әртүрлі құралдарға бөліп орналастыру маңызды. Мысалы, банктік депозит қаржыны жинақтауға арналған ең тиімді құрал. Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы белгілі бір мөлшерде мемлекет кепілдік береді. Сондықтан банктік депозит әлі де қауіпсіз құралдардың бірі саналады. Оның үстіне теңгедегі депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі салыстырмалы түрде жоғары, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы жинақты әртүрлі активтерге бөліп сақтауды ұсынады. Мысалы, шетел валютасында, алтынға айырбастауды немесе акция. Оның айтуынша, мұндай тәсіл қаржы әлемінде диверсификация деп аталады. Яғни барлық ақшаны бір ғана құралға салмай, бірнеше бағытқа бөлу тәуекелді азайтады.
Аз сомамен инвестиция бастауға бола ма?
Көпшілік инвестицияны тек үлкен капиталдан бастау керек деп ойлайды. Бірақ қазіргі қаржы нарығы бұл түсінікті өзгертіп жатыр. Бауыржан Ысқақтың айтуынша, қазіргі таңда шағын сомамен де инвестиция жасауға мүмкіндік бар.
Қазіргі инвестициялық әлемде үлкен капитал міндетті емес. Брокерлік қосымшалар арқылы шағын сомамен де инвестиция бастауға болады. Мысалы, мемлекеттік немесе корпоративтік облигациялар, акциялар сияқты құралдар арқылы қаржы нарығын үйрену жақсы мүмкіндік, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, 300-400 мың теңге қатты үлкен қаржы емес, бірақ бұл қаржылық тәртіп қалыптастырудың алғашқы қадамы болуы мүмкін.
Күн сайын 2000 теңге үнемдесеңіз, қанша ақша жиналады?
Көп адам ақша жинау үшін үлкен табыс керек деп ойлайды. Бірақ кейде мәселе табыста емес, күнделікті ұсақ шығындарда болуы мүмкін. Мысалы, күн сайын:
- кофе – 1000–1500 теңге
- такси – 1000–2000 теңге
- қажетсіз ұсақ сатып алулар – 500–1000 теңге
Осы сияқты шығындар күн сайын байқалмай кетуі мүмкін. Ал егер адам күн сайын шамамен 2000 теңгені үнемдеп отырса, нәтиже мынадай болады:
- 1 күнде – 2000 теңге
- 1 айда – шамамен 60 000 теңге
- 1 жылда – 720 000 теңге
Яғни байқалмай кететін ұсақ шығындардың өзі бір жылда айтарлықтай ақшаға айналуы мүмкін. Қаржы сарапшылары да дәл осы себепті күнделікті шығындарды бақылауға кеңес береді.
Мысалы, қолыңызда шартты түрде 400 мың теңге жинақ бар делік. Мамандар мұндай соманы бір ғана құралға салмай, бірнеше бағытқа бөліп инвестициялауға кеңес береді. Мәселен, қаражатты шартты түрде былай бөлуге болады:
- 150 мың теңге — банктік депозит
- 100 мың теңге — облигациялар
- 100 мың теңге — акциялар
- 50 мың теңге — доллар немесе алтын
Бұл тек мысал. Бірақ мұндай тәсіл тәуекелді азайтып, ақшаны инфляциядан қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ, қаржы жинау немесе инвестиция жасау кезінде адамдар жиі бірдей қателіктерге жол береді. Көп жағдайда бұл қателіктер ақшаның жиналуына кедергі болып жатады. Мамандардың айтуынша, адамдар көбіне мынадай жағдайларға тап болады:
- Жалақы көбейсе, жинаймын деп ойлау
Көп жағдайда табыс артқан сайын шығын да көбейе береді. - Барлық ақшаны бір активке салу
Мысалы, бір акцияға немесе криптовалютаға. - Жылдам байытатын ұсыныстарға сену
Мұндай ұсыныстар көбіне қаржы пирамидалары болып шығады. - Қаржылық резервтің болмауы
Сарапшылар кемінде 3–6 айлық шығынды жабатын қор жинап алу керек екенін айтады. - Инвестицияны кейінге қалдыру
Қаржы әлемінде ең маңызды ресурс – уақыт.
Иә, бәлкім жоғарыда айтылған 300-400 мың теңге сіз үшін үлкен капитал болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ ол қаржылық тәртіп қалыптастырудың алғашқы қадамы бола алады. Қазақта «теңге тиыннан құралады» деген сөз бар. Қаржы жинаудың мәні де дәл осы қарапайым қағидадан басталады. Өйткені үлкен капитал көбіне бір күнде емес, күн сайын қабылданған шағын қаржылық шешімдердің нәтижесінде қалыптаспақ.

