Жаңалықтар

400-ге жуық сарбаз ант берді

400-ге жуық сарбаз ант берді
13.07.2022 22:20 2172

Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген 400-ге жуық жас жауынгер Отан алдындағы борыншын адал атқаруға ант берді, деп хабарлайды EL.KZ.

Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, әскери бөлім табалдырығын осыдан 40 күн бұрын аттаған бозбалалар жарғыға сай жүріп-тұрудың қыр-сырымен танысып, арнайы дайындық курсынан өтті.

Ұлттық ұлан қатарына Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан жиналған сарбаздар аз уақыттың ішінде әскер міндеттерімен танысып, саптық іс-қимылдарды меңгеріп, сымдай тартылып шықты. Өздеріне артылған жауапкершілік жүгін сезініп, жақындары мен командирлері алдында Отанға адал қызмет етуге серт берді.

Айтулы шарада оркестр ұжымы салтанатты киімдерін киіп, үрмелі-соқпалы музыкалық аспаптарымен рухты әуендерді әуелетті. Әскери ант қабылдау шарасы ашық деп жарияланған соң, оркестр сүйемелдеуімен Мемлекеттік әнұран шырқалып, еліміздің көк байрағы көкке көтерілді. Мемлекеттік туды көтеру құқығы 1 оқу ротасының үздік сарбазы қатардағы жауынгер Ербол Мұхтарұлына берілді.

Жауынгерлік қызметтегі маңызды рәсім аяқталған 5571 әскери бөлімінің командирі полковник Бақдәулет Оспанбеков, ардагерлер мен балаларының ант қабылдап, сарбаздар қатарына қосылғанын көргелі келген ата-аналар мінберге шығып, құттықтау сөз сөйледі.

Әскери ант – әскерилер өміріндегі ерекше рәсім. Ант қабылдау арқылы сіздер Отан алдындағы азаматтық борыштарыңызды қалтқысыз атқаруға, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға, әскери және мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға, әскери істі мұқият үйреніп, оның ауыртпалықтарын көтере білуге, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға міндеттеме аласыздар. Алдағы уақытта мемлекет пен халық алдындағы конституциялық борыштарыңызды атқару кезінде барлықтарыңыздың осы қабылданған антты бұлжытпай орындап, әскери қызметтеріңізді абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін, - деді әскери бөлім командирі.

Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлер келген қонақтар мен ата-аналарға бір ай көлемінде үйренген жауынгерлік ұрыс, қарумен және қарусыз саптық тәсілдерді орындаудан қойылымдар көрсетті.

Шара соңында жас жауынгерлерге ата-ана, туыстарымен бірге қала аралап, серуендеп қайту мүмкіндігі берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға