Мәжіліс

38 миллион шот бұғатталған: Мәжіліс депутаты әлеуметтік шот енгізуді ұсынды

05.11.2025 20:12

Мәжілісте «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында депутат Темір Қырықбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға әлеуметтік шот жүйесін енгізу жөнінде сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Депутаттың айтуынша, қазір елімізде 38 миллионнан астам банктік шот бұғатталған, бұл өз кезегінде азаматтардың қаржылық белсенділігі мен әлеуметтік тұрақтылығына кері әсерін тигізіп отыр.

Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлердің құқықтарының теңгерімін сақтау мақсатында заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім. Мұндай шотқа ай сайын 300 мың теңгеге дейінгі түсімдерге өндіріп алу шаралары қолданылмауы тиіс, — деді Темір Қырықбаев.

Сондай-ақ депутат Мәдина Әбілқасымовадан аталған бастамаға көзқарасын және шоты бұғатталған азаматтарға көмектесудің жаңа тәсілдері бойынша агенттіктің қандай шаралар қарастырып отырғанын сұрады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта борышкерлердің құқықтарын қорғау, банктердің автоматтандырылған өндіріп алу жүйесін жетілдіру және әлеуметтік маңызы бар төлемдерді қорғау мәселелерін қарастырып отыр.

Заң жобасының мақсаты – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын сақтау және банктік жүйеге деген сенімді арттыру.