Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы (жастар саясаты туралы) екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: "Заң жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылы Жастар жылы аясында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді", - деді.
Министрдің айтуынша, заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қажетті мүмкіндіктер жасауға негізделген.
Заң жобасында мынадай ұғымдарды заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылған:
1. Жастардың даму индексі;
2. Уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET санатындағы жастар);
3. Жастармен жұмыс жөніндегі маман;
4. Жастардың еңбек жасақтары;
Сондай-ақ «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту ұсынылды. Жастарға тұрғын үйді жеңілдікпен жалға беру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейту көзделген.
Айта кету керек, мемлекеттік органдардың мемлекеттік стратегиялық жоспарлау құжаттарына, оның ішінде аймақтарды дамыту бағдарламаларына жастармен жұмыс бойынша нақты индикаторлар, бағалау критерийлері және күтілетін нәтижелер енгізіледі.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру үшін заң жобасы шеңберінде әлеуметтік блокты шешетін мынадай түзетулер енгізілді. Олар: бала күтіміне байланысты жәрдемақыны бала 1,5 жасқа дейін жеткенше төлеу; ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінен – 70 пайызға дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін жеткізу; әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп бекіту және тағы басқа.
Сенат депутаттары заң жобасын екі оқылымда мақұлдады.