©El.kz/Арман МУХАТОВ

3,4 млн теңге: елімізде ең жоғары жалақы кімдерге ұсынылды

2025 жылғы желтоқсанда еңбек нарығында сұраныс ұсыныстан асып түсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2025 жылғы желтоқсанда Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында еңбек нарығындағы теңгерім айтарлықтай өзгерді. ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, ай соңында жұмыс берушілер 109,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, жұмыс іздеушілер тарапынан небәрі 71,5 мың түйіндеме орналастырылды. Қараша айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 8,4%-ға артқан (+8,5 мың), ал түйіндемелер саны керісінше 29,4%-ға қысқарды (-29,8 мың).

Оқи отырыңыз:

Нәтижесінде жыл соңында жұмыс күшіне деген сұраныс ұсыныстан шамамен 38 мыңға асып түсті. Бұл көрсеткіш желтоқсан айына тән маусымдық үрдісті айқын көрсетеді.

Әлеуметтік және базалық салаларда кадр тапшылығы сақталды

Бос жұмыс орындарының құрылымында бұрынғыдай әлеуметтік және базалық салалар жетекші орын алды. Ең көп бос орын білім беру саласында тіркелді – 23,3 мың немесе жалпы көлемнің 21,3%-ы. Өзге қызмет түрлеріне тиесілі бос орындар саны да осы деңгейге жуық болып, 23,2 мыңды (21,2%) құрады.

Сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жоғары сұраныс сақталып, бұл бағытта 18,7 мың бос жұмыс орны орналастырылды (17,1%). Жалпы алғанда, аталған үш сала желтоқсанда жарияланған барлық бос жұмыс орындарының шамамен 60%-ын қамтыды.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 7,2 мың, өңдеуші өнеркәсіпте 6,2 мың, көтерме және бөлшек саудада 6,1 мың, ал құрылыс саласында 3,8 мың бос жұмыс орны тіркелді. Бұл жыл соңында да жұмыс берушілердің экономиканың негізгі секторлары үшін кадр іздеуді жалғастырғанын көрсетеді.

Жұмыс іздеушілер арасында кеңселік және әлеуметтік мамандықтар басым

Жұмыс іздеушілер арасында әлеуметтік және кеңселік бағыттағы мамандық иелері ерекше белсенділік танытты. Ең жиі жарияланған түйіндемелер бухгалтерлерге (1 463), медициналық мейірбикелерге (1 181) және заңгерлерге (1 132) тиесілі болды.

Гендерлік бөліністе айтарлықтай айырмашылық байқалмайды: түйіндемелердің 52,1%-ын әйелдер, 47,9%-ын ер адамдар орналастырған. Әйелдер көбіне білім беру, денсаулық сақтау және бухгалтерия салаларында жұмыс іздесе, ер адамдар техникалық және басқарушылық бағыттарға басымдық берген.

Жастар еңбек нарығында белсенді

Желтоқсанда жарияланған түйіндемелердің негізгі бөлігі 35 жасқа дейінгі жастарға тиесілі болды – 40,8%. Оның ішінде 24 жасқа дейінгі жастардың үлесі 15,2%-ды құрады. Бұдан кейін 35-44 жас аралығындағы азаматтар (29,9%) мен 45–54 жас санаты (19,1%) тұр. 55 жастан асқан жұмыс іздеушілердің үлесі 10,2% болды.

Жалақы ұсыныстары мен күтілімдері арасындағы айырмашылық сақталды

Жалақы деңгейі бойынша желтоқсанда ең жоғары ұсыныстар өндіріс басшысы (шамамен 1,8 млн теңге), кеніш директоры (шамамен 1 млн теңге) және инженер-химик (шамамен 1 млн теңге) лауазымдарына қатысты тіркелді.

Ал жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы күтілімі агроном-энтомологтар (шамамен 3,4 млн теңге), стюардессалар (шамамен 3,3 млн теңге) және компьютерлік жабдықты монтаждаушылардың (шамамен 2,7 млн теңге) түйіндемелерінде көрсетілді. Бұл жалақы күтімі мен нақты ұсыныстар арасындағы алшақтықтың әлі де сақталып отырғанын аңғартады.

Маусымдық құбылыс және 2026 жылға болжам

Жалпы алғанда, 2025 жылғы желтоқсанда ЭЕБ деректері еңбек нарығында бос жұмыс орындары санының өсуін және жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуін көрсетті. Бұл – жыл соңына тән маусымдық үрдіс. Жұмыс берушілер, әсіресе әлеуметтік салада, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығында кадр іздеуді жалғастырса, көптеген азаматтар жұмыс іздеуді жаңа жылдың басына қалдырған.

Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылдың алғашқы айларында жұмыс іздеушілер белсенділігінің қайта артып, еңбек нарығында анағұрлым теңгерімді ахуал қалыптасуы күтіледі.

Бұған дейін 2026 жылдан бастап кімнің жалақысы өсетіні туралы жазғанбыз. Сонымен қатар банк қандай жағдайда сіздің картаңызды бұғаттай алады деген сауалға жауап іздеп көрдік.