Жаңалықтар

32 жастағы кәсіпкер: Мың адамды жұмыспен қамтып отырмын

Алдағы уақытта бизнес бастайтын адамдарға пайдалы кеңес
32 жастағы кәсіпкер: Мың  адамды жұмыспен қамтып отырмын
24.02.2020 18:27 53360

32 жастағы кәсіпкер алты жыл ішінде өз бизнесін дамытып, бүгінде мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Азат Сембинов ашқан жеке компания интернет дүкен арқылы сән мен денсаулыққа арналған түрлі өнімдерді сатумен шұғылданады. Елімізден бөлек көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Армения елдерінің де нарығына өз тауарларын шығарып үлгерген кәсіпкердің кәсібі жайында өзімен әңгімелескен болатынбыз.

Алматылық Азат Сембинов өз маңдай терімен табыс тапқысы келгендіктен еңбекке 14-15 жасында араласқан. Үш айлық жазғы демалыста қатарластарымен бірге доп қуып та, күзетші сынды жеңіл-желпі түрлі жұмыстарды да атқарып, табыс тауып үлгерген. Бұл пысықтық оның мінез-құлқының қалыптасуына көп септігін тигізіпті.

– Заңгер мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін әскерге кеттім. Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң шағын несие компаниясында заңгер-кеңесші болып қызмет жолымды бастадым. Жұмысым өзіме ұнайтын. Тіпті айлығы аз болса да, өз-өзімді дамытуға арналған арнайы кітаптарды сатып алуға ақшамды аямайтынмын. Жұмыстан қолым қалт еткенде осы кітаптарды оқуға отыратынмын. Сол кездері мен қаржылық тәуелсіздікке жету мен жұмыстан тыс бос уақыттың көп болуын қалағандықтан жеке бизнеспен айналысу жағын ойлай бастадым, - дейді Азат Сембинов.

4d7a8004-fc70-45c8-9535-2eba3e94da1d.jpg

(Суретте Азат Сембинов)

Ол 2013 жылы еліміздегі шетелдік инвесторлармен бірлесе жұмыс істеп, олардың бизнес үлгісімен жақынырақ танысқан.

– Сол жылы біз досым екеуіміз сұлулық пен денсаулық саласындағы жеке компаниямызды аштық. Мұнда интернет-дүкен арқылы тауарларымызды жарнамалап, тапсырыстарды пошта арқылы тұтыгушыларға жіберіп, ісімізді бастағанбыз. Осы кәсіппен қоса, ТМД елдерінің жетекші СРА желісінде (Сұлулық пен денсаулық саласындағы ірі интернет-дүкендері) жұмыс істейтін серіктестіктермен байланыс орнаттық. Нақтырақ айтқанда Ресей, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдердегі қалалар мен аудандарда 200-ден астам филиалдарына курьерлік жеткізу қызметтерін дамытуды қолға алдық. Бұл өз кезегінде тапсырыс берген адамдарға өз тауарларын қысқа мерзімде алуға көмектеседі. Осы орайда бір айта кететін жайт, жеті жыл бұрын бірге жұмысты бастаған шетелдік серіктестіктермен әлі күнге дейін қоян-қолтық еңбек етіп келеміз. Қазіргі кезде мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын.   - дейді кәсіпкер.

Содан бері олар тапсырыстарды алыс-жақын аймақтарға жеткізумен айналысып келеді. Осының арқасында тұтынушыларды жиі мазалайтын сұрақтар бойынша жеке категорияларға бө луге болатын арнайы база жинақталған екен.

– Бір күні жалпы бағытта жұмыс істейтін медициналық орталықтың құрылысын салу жайында ой келді. Ұзақ ойлана келе, өткен жылы сол ғимаратты салып, оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жұмысты бастауға арналған тиісті мекемеден лицензиясын алдық. Нұр-Сұлтан қаласындағы жалпы бағыттағы бұл клиникада жоғары білікті дәрігер-мамандар күн сайын біздің науқастарға мазалаған сұрақтары бойынша қызмет көрсетеді.

Жаңа технологиялар заманында интернет-дүкен, курьерлік қызмет көрсету саласы да қарқынды өсіп келе жатқаны рас... Күнделікті өмірде адамдар тапсырыстың осы түрін жиі пайдаланғандықтан «оларды өңдеуге қызметкерлер саны көбірек қажет болып жатыр» дейді Азат Сембинов.

59371b76-00f4-47a3-ab13-ae3f1a6b7445.jpg

(Суретте кәсіпкер жалпы бағытта жұмыс істейтін медициналық орталықтың қызметкерлерімен бірге)

– Жұмыс барысында кез келген қиындыққа қарамай, оларды еңсеріп шығу принципін ұстанамын. Әсіресе біз айналысатын бизнес саласында көптеген келеңсіздіктерді бастан кешіреміз. Күнделікті өмірде сол тығырықтардан шығу үшін және сынақтарға төтеп беру үшін адам бойында төзімділік болғаны жөн. Оған қоса, мен қызметте адалдық қағидасын ұстанамын және айналамдағы адамдардың бойынан осы қасиетті өте жоғары бағалаймын. Ал өмірлік ережем: «Қажетті сәтте ерік-жігерді көрсетсеңіз, соңында сіз міндетті түрде жетістікке жетесіз»

Алдағы уақытта кәсіпкер киім сату нарғына шығуды жоспарлап отыр.

– Бизнес саласында жүргендерде күнделікті қатып қалған тәртіп жоқ. Өйткені өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысқанда «жұмыс» не «жұмыстан тыс уақыт» деген түсінік болмайды. Бизнесімді басқарудан бөлек, уақытымды отбасыммен және достарыммен бірге өткіземін.  

Бала кезінен кітапқұмар болып өскен кәсіпкер қазір де қолынан түрлі оқулықтарды тастамайтынын айтады.

– Менің сүйікті романдарым – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы және Исай Калашниковтың «Қатыгез ғасыры». Қазіргі кезде көбінесе сату, басқару яғни маркетингтік, жеке компаниялар құру саласындағы кітаптарды көп оқуға уақыт бөлемін. Әсіресе осы бизнес стратегиясы жанрында жазылған Джим Коллинздың «Жақсыдан ұлыға» атты кітабы ұнайды.

Кәсіпкердің пікірінше, қандай да бір бизнесті бастау үшін арнайы білім міндетті емес. Тек нарықтағы сұраныс пен ұсыныс заңдарының жұмыс істеу механизмін түсінсе жеткілікті дейді ол. Бүгінде Азат Сембинов сынды өз кәсібін ашқысы келген жастар өте көп. Бірақ көпшілігі кәсіпкер болғысы келгенімен идеяны таба алмай біраз әбігерге түседі. Ал кез келген бизнестің іргетасы болып саналатын идеяның бірнеше түрін тапқанымен ол қаржылық табыс не моральдық тұрғыдан қанағаттандырмай жатады.

– Әр кәсіпкер өз ісін ашпастан бұрын келесідей сұрақтарға жауап беруі қажет деп ойлаймын. Біріншіден, менің бизнесімнің басты аудиториясы кімдер? Екіншіден, менің бұл кәсібім тұтынушының қандай проблемасын (тауар немесе қызмет көрсету саласы тұрғысынан) шеше алады? Үшіншіден, бұл мәселе қазіргі кезде тұтынушы үшін қаншалықты өзекті болып саналады? Төртіншіден, сіздің бизнесіңізде өзгелерден ерекше қандай да бір жаңалық бар ма әлде жоқ па? Бесіншіден, нарық саласындағы бәсекелестікте сіздің ісіңіздің артықшылықтары аз ба, көп пе?... Осыған ұқсас тағы басқа мәселелерді жіті қарастырып алғаны жөн.

Ілгерідегі сауалдарға жауап тапқан соң, кәсіпті бірге басқаратын команда жасақтау қажет дейді Азат. Әсіресе, бизнес саласында «сенімді серіктер» болғаны жақсы. Оның пікірінше қазіргі уақытта инвесторларды алдымен IT саласындағы жаппай пайдаланушыларға арналған қосымшалар мен жобалар қызықтырады. Кәсіпкер қолында бір миллион қаржысы бар адамға интернет арқылы құны қымбат емес тауарларды онлайн режімінде сатумен шұғылдануға болатынын айтады.

– Қазақстан нарығының өзге елдер нарығынан басты ерекшелігі – бізде салыстырмалы түрде көтермелі салық жүктемесі бар. Артықшылық ретінде Қытай мемлекетіне жақындығын айтар едім. Бұл тауарларды жеткізу мен оның құнына оң әсер етеді. Ал кері жағы көрші Ресеймен салыстырғанда біздің елде үлкен нарық жоқтығын жатқызуға болады.

Алдағы уақытта кәсіптің тізгінін ұстауды жоспарлап жүргендерге Азаттың өз кеңесі бар: «Алғашқы қиындықтардан бірден бас тартпай, керісінше қайта тұрып, барлығын қайтадан бастап көр». Бастысы бұл іспен шұғылдану кезінде сол іске деген қызығушылық пен ынта болуы шарт.

– Меніңше, қазақстандықтарға жиі пайдаланатын салалар бойынша бизнес ашқан жөн. Олардың қатарына алыс-жақын аймақтарға жеткізетін авиа және темір жол билеттерін сату қызметтерімен айналысса болады. Қателеспесем, қазіргі кезде ритейлинг сауда желілері элиталы бизнес түріне жатқызылады.

Бизнес саласында қызмет етудің арқасында біраз тәжірибе жинаған Азат Сембинов жақында еліміздегі «100 жаңа есім» жобасына қатысып, оның жеңімпазы атанды. Айтуынша бұл жобаға алғаш рет қатысқан ол жеңіс тұғырынан көрінетініне аса қатты сенімді болмаған. «Өтініш берген уақытта жеңімпаздар қатарында боламын деген сенімділік болмады» дейді алматылық жігіт.

– Ел мақтаныштарын көпшілік арасында насихаттайтын бұл жоба мақтауға лайық. Өзге жобаларға ұқсамайтын бірегейлігімен ерекшеленетін «100 жаңа есімнің» көпшілік қауымға берері көп. Менің өмірімде де үлгі аларлық әрі соған қарап бой түзейтін тұлғалар болды. Әр адам бұл өмірде «бәрі де мүмкін» екенін білуі қажет. Бастысы – соны іштей қалау. Жоба жеңімпазы болғандықтан, алдағы уақытта көпшілікке барынша үлгі боларлық дүниелерді көрсетуге, үйретуге бөлісуге тырысатын боламыз.

Өз күшімен кәсібін дөңгелетіп отырған Азат Сембиновтың халықаралық нарық әлемінде байланыс орнатар серіктестіктер қатары молая беруін тілейміз.

(Суреттер Азат Сембиновтың жеке мұрағатынан алынды)

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға