Жаңалықтар

32 медаль: соңғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы қандай нәтиже көрсетті

32 медаль: соңғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы қандай нәтиже көрсетті
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 06.12.2024 01:31 429

Соңғы рет Қысқы Азия ойындары 2017 жылы өткен еді. Көпсалалы спорттық шара Жапонияның Саппоро қаласында ұйымдастырылып, оған 32 елдің спортшылары қатысты. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте төртінші орын алды. Бұл туралы Olympic.kz жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан құрамасы Саппороға үлкен мақсатпен аттанған еді. Алайда барлық спорт түрлерінен жанкүйерлердің үмітін ақтай алмады. Мысалы, шаңғы жарысында қазақстандықтар небәрі бір ғана алтын медаль жеңіп алды. Құрама спортшылары құрлықтағы ең мықты шаңғышылардың қатарында болғанына қарамастан, төмен көрсеткіш көрсетті.

Дегенмен, мұндай қарапайым нәтиже алдын ала болжанған еді. Біздің команданың көшбасшылары Азия ойындарына бармай, Финляндияның Лахти қаласында өткен әлем чемпионатына қатысуды жөн көрді. Сондықтан Жапониядағы ойындарға Алексей Полторанин, Евгений Величко, Анна Шевченко, Денис Волотка, Ольга Мандрика және басқа да мықты спортшыларымыз қатыспады.

Дегенмен, Ринат Мухиннің алтын медалінен бөлек, қазақстандық шаңғышылар төрт күміс пен екі қола медаль жеңіп алды. Айта кетерлігі, әйелдер арасында барлық жүлдені Елена Коломина иеленді. Ол екі мәрте екінші орын алып, бір рет үшінші орынға қол жеткізді.

Қазақстан құрамасының қоржынына ең көп алтын медальды биатлоншылар салды. Біздің спортшылар бұл спорт түрінде алты рет жеңіс тұғырынан көрінді. Ян Савицкий екі рет, ал Галина Вишневская-Шепоренко үш рет жеңімпаз атанды. Тағы бір алтын медаль аралас эстафетада жеңіп алынды. Бұл жарыста ел намысын Максим Браун, Ян Савицкий, Дарья Усанова және Галина Вишневская-Шепоренко қорғады.

Қазақстанның ерлер хоккей командасы үздік нәтиже көрсетті. Құрама барлық матчта жеңіске жетіп, қарсыластарының бірде-бір шайба соғуына мүмкіндік бермеді. Екінші орынды Оңтүстік Корея иеленсе, Жапония үздік үштікті қорытындылады. Әйелдер арасындағы жарыста қазақстандықтар үшінші орынға тұрақтады.

Фристайл-могулдан барлық төрт медальды Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд жеңіп алды. Галышева, 2017 жылғы Азия ойындарынан бір жыл өткен соң Олимпиадада қола алған спортшы. Бір алтын және бір күміс медальға қол жеткізді. Ал Рейхерд екі рет жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Азия ойындары алдында конькимен жүгіруден медаль болады деп күтілген еді. Алайда олар тек екі медаль жеңіп алды. Денис Кузин 1000 метр қашықтықта екінші орын алса, командалық жүгіруден Дмитрий Бабенко, Денис Кузин және Федор Мезенцев қола медальға ие болды.

Сол жылдары шорт-тректен Қазақстан құрамасының деңгейі қазіргідей емес еді. Сондықтан сол сәтте бір ғана медальмен шектелді. Әйелдер эстафетасында Анастасия Крестова, Мадина Жанбусинова, Ольга Тихонова, Анита Ногай және Ким Йонг А үшінші орынға тұрақтады.

Саппорода өткен Азия ойындары мәнерлеп сырғанаушылар үшін сәтсіз болды. Көпшілік Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннен жеңіс күтті. Алайда спортшы жарақатына байланысты жоғары нәтиже көрсете алмай, жүлдегерлер қатарына ілінбей қалды. Дегенмен, 2017 жылы Элизабет Тұрсынбаева сәтті өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.

Ал шаңғымен трамплиннен секіру спортының өкілдері үшін Азия ойындары табысты өтті. Сергей Ткаченко мен Марат Жапаров жекелей сында үшінші орын алды. Командалық жарыста Сабыржан Мүмінов, Константин Соколенко, Марат Жапаров және Сергей Ткаченко күміс медаль иеленді.

Жалпы алғанда, қазақстандық спортшылар 32 медаль жеңіп алды: 9 алтын, 11 күміс және 12 қола. Медальдар саны бойынша Қазақстан төртінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Жапония, екінші орынды Оңтүстік Корея, ал үшінші орынды Қытай иеленді.

Айта кетейік, келесі Азия ойындары 2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға