Жаңалықтар

30 қараша кинопремьералары

Аптаның үздік кинопремьералары
30 қараша кинопремьералары
01.12.2017 00:39 10678

Ақан Сатаевтың «Она» триллері, әнші Бүркіттің алғашқы режиссерлік жұмысы, Джеки Чан ойнаған «Иностранец» боевигі, актер Энди Серкис түсірген «Дыши ради нас» өмірбаян-драмасы, алыс аралдағы саналы тіршілік иелері туралы «Атлантида» фантастикалық триллері, үш діннің өкілінен құралған музыкалық топ туралы француз комедиясы және «Сука-судьба» француз драмасы. Бұлардан бөлек Ресейдің төрт бірдей картинасы прокатқа шықты: жартылай аңыз, жартылай тарихи тұлға - Евпатий Коловрат батыр туралы эпикалық боевик, орыстың «Шварценеггері» Александр Невскийдің экшн-комедиясы, «Конверт» деген үрейлі триллер және «Comedy Club» резиденттері дыбыстаған мультфильм.

Сатаевтың «Она» деген жаңа режиссерлік жұмысы - психологиялық триллер жанрында. Идеясы Айсұлу Әзімбаеваға тиесілі. Басты рөлде де өзі ойнайды. Одан бөлек Анастасия Вострова есімді кішкентай қыз бар. Болды, кадрдан сіз басқа актер көрмейсіз.

Сюжетте үлкен қалада кішкентай қызы екеуі ғана тұратын жас келіншек туралы айтылады. Бірде олардың басқа тағы біреудің бар екенін сезеді. Осыдан бастап бәрі өзгермек.

Фильмді жасаушылар Қазақстанда алғаш болып «20th Century Fox»кинокомпаниясымен әріптестік орнатып отыр, сондықтан «Она» халықаралық прокатқа да шығып қалар.

Бүркіт деген сахналық есіммен белгілі Айбек Жансейітов музыкамен шектеліп қалмай, өзін кинода да сынап көріпті. Сол үшін «Отанфильм» деген кинокомпания да құрды. «Логово» деп аталатын оның режиссерлік дебюті Бурабай маңында түсірілді. Сюжет демалуға келген бір топ достар төңірегінде өрбиді. Олар отырған үйге қарулы біреулер баса-көктеп кіреді.

«Иностранец» боевигін Джеки Чанның карьерасында сирек кездесетін құбылыс десек те болады Бұнда ол салмақты рөлімен көрінеді. Фильм Вьетнам соғысының ардагері Нгуен Нго Мин туралы. Соғыстан кейін түрмеге отырып шыққан ол, отбасымен бірге Гонконгке қашады. Алайда тай қарақшылары оның үлкен екі қызын зорлап, өлтіріп кетеді. Осыдан кейін Мин Лондонға қоныс аударады. Осы жерде қытай мейрамханасын ашады, өсіп келе жатқан кішкентай қызының тәрбиесімен айналысады. Бақытсыз күндер артта қалды деп ойлаған еді. Бірақ қызы мен әйелі теракт кезінде қаза табады. Биліктен көмек болмасын түсінген Мин, қылмыскерлерді өз бетімен іздеп, кек алуға шығады.

Басты зұлым рөлінде Пирс Броснан, режиссері – Бонд туралы «Казино Рояль» фильмін түсірген Мартин Кэмпбелл.

«Властелин Колец», «Планета обезьян» трилогияларында CGI технологиясының көмегімен Голлимды, маймыл Цезарьды ойнаған актер Энди Серкис алғашқы режиссерлік жұмысын ұсынады.«Дыши ради нас» деп аталатын британдық драмаға Робин Кавендиш есімді адвокаттың өмірі арқау болған. 28 жасында ол полиомиелит дертінің салдарынан жүре алмай қалып, тыныс алуы да қиындап кетеді. Бірақ қайсар әйелінің көмегімен, мүгедек болып қалғанына қарамастан, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алады. Фильмде басты рөлде Эндрю Гарфилд ойнайды («Жаңа Өрмекші-адам»).

«Атлантида» - фантастика элементі бар испан-француз триллері. Испан жазушысы Альберт Санчес Пиньольдің «Суық тері» («La pell freda») кітабына негізделген фильмді Ксавье Жанс («Хитмэн») түсірді.

Сюжет бойынша жас метеоролог Френд мұхиттағы аралға бір жылдық вахтаға келеді. Аралда маяк қарауылы Грюнер ғана тұрады. Көп кешікпей Френд Грюнердің бірдеңе жасырғанын ұғады, ал арал тек бастапқы кезде ғана елсіз мекендей көрінеді.

Франциядан осы аптада тағы екі премьера келді. Біріншісі – «И смех и грех» деген комедия жолы болмай жүрген музыкалық продюсер туралы баяндайды. Жұмыссыз қалмау үшін ол батыл қадамға барып,,католик, имам және раввиннен құралған музыкалық топ құрады.

«Сука-судьба» деп аталатын келесі фильм достан айырылудың қандай қиын болса, ал махаббатты жоғалтпау одан да қиын екенін көрсететін драма. Басты рөлде мексикалық актер Гаэль Гарсиа Берналь.

Енді Ресей кинофильмдеріне тоқталайық. Осы аптада көрші елден төрт премьера келіп отыр. «Легенда о Коловрате» эпикалық фэнтези-боевигі орыс халқының аңыз батыры Евпатий Коловрат туралы. 360 млн рубльге түсірілген ауқымды жоба осы батырдың Алтын Орда жасағына қарсы көтерілуін баяндайды.

«Максимальный удар» - орыстың «Шварценеггері» атанып кеткен Александр Невскийдің актерлік һәм продюсерлік жұмысы. Фильмде халықаралық дәрежедегі қылмыскерді ұстау үшін бірлесіп жұмыс істеген ФСБ мен ЦРУ агенттерінің басынан кешкен оқиғалары айтылады. Невский осы жобасына Дэнни Трехо, Эрик Робертс , Марк Дакаскос секілді Голливуд актерлерін де шақырыпты.

«Конверт» - біреудің хатын оқимын деп қарғысқа кейіпкер туралы үрейлі триллер. Басты рөлдердің бірін жас жұлдыз Юлия Пересильд орындайды. Фильмге Святослав Подгаевский режиссерлік еткен. Ол «Невеста», «Пиковая дама: Черный обряд», «Владение 18» секілді хоррор картиналарымен белгілі.

Ресей телеарналарында «Колобанга» атты мультсериал шығып жүр екен. Интернет әлемінде өмір сүретін смайл-колобоктардың басынан кешкен қызықтарын баяндайтын анимациялық сериал үлкен киноға жолы түсіп, «Колобанга. Привет, Интернет!» деген атпен шығып жатыр. Кейіпкерлерді белгілі комедианттар Гарик Харламов, Александр Ревва, Михаил Галустян дыбыстайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға