Жаңалықтар

300 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін. ChatGPT туралы не білеміз?

300 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін.  ChatGPT туралы не білеміз?
Фото: © Reuters/Dado RUVIC 17.04.2023 17:10 2394

Былтырғы жылдың қараша айынан бастап, жасанды интеллект жемісі ChatGPT-ді талқылап жатқандар көп. Тиісінше, пікірлер де әр түрлі. Бірі өмірімізді жеңілдетеді десе, енді бірі көптеген мамандық иелері жұмыссыз қалады деп дабыл қағуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, Goldman Sachs зерттеу орталығы чат-бот 300 миллион адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін айтады. Олардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, заңгерлер, маркетологтар, мұғалімдер, графикалық дизайнерлер, қаржылық кеңесшілер, саудагерлер, техникалық мамандар, тұтынушыларға қызмет көрсетуші мамандар. 

Ал туристер саяхатты үйлестіруде чат-бот қызметіне жүгініп жатқанын айтқан.

Профессорлар студенттердің ғылыми мақалаларының түпнұсқалығына күмәнмен қарай бастады. Өйткені чат-бот кез келген тапсырманы бұлжытпай орындайды. Әрі еш жерден көшірмейді. Түпнұсқа мақала немесе эссе жазып береді.

Мысалы, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің студенті Александр Жданов ChatGPT-ге 15 сағатта диплом жұмысын жаздырған. Өзі 8 сағат ішінде өңдеп, диплом жұмысын жазуға бар-жоғы 23 сағат жұмсаған. Ол бұл туралы Twitter-де бөлісті. Диплом жұмысы 82 пайыз түпнұсқа болған.

Бір қызығы, бұл туралы кейбір университет басшыларының өзі білмейді екен. Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің пікірін сұраған едік. Ол бұл туралы естімегенін айтты.

Сонымен, ChatGPT деген не? Былтыр қараша айында OpenAI жасанды интеллектіні зерттеу компаниясы ChatGPT деп аталатын чат-бот құрды. Жасанды интеллект жемісінің адамға берер пайдасы зор. Чат ботты күн сайын жетілдіріп жатыр. Жақында ғана оның жаңа нұсқасы ChatGPT-4 шықты. Ұлыбритания, Италия сияқты дамыған мемлекеттер ChatGPT-ді адам құқықтарын бұзады деп айыптады. Осы мәлімдемеден кейін шығарушы компания осы елдерде чат-ботты бұғаттады. Тіпті, Деректерді қорғаудың еуропалық кеңесі ChatGPT-ге қарсы қандай шара ұйымдастырамыз деп кеңес жасап та үлгерді. Бірақ кеңес мақсаты чат-ботты шығарушыларды жазалау емес, оның жұмысын адам құқықтарын бұзбайтындай етіп ыңғайлау екенін айтты. Қалай десек те жасанды интеллект жемісі өмірімізге дендеп еніп келеді. Мәселен, таралуы жылдамдығы бойынша ол TikTok-ты да басып озған. 5 күннің ішінде 1 миллион қолданушы жазылған.

ChatGPT - жасанды интеллект жемісі. Онымен сөйлесуге, диалог құруға, көмек сұрауға болады. Ол әртүрлі тапсырмаларды орындай алады. Эссе, науқасқа диагноз қою, өлең шығару сияқты.

Бүкіл әлем талқылап жатқан ChatGPT-дің ғылымға әсері қандай? Академик Асқар Жұмаділдаев әшейін темір деп отыр.

Мен 100 долларлық конкурсқа есеп беремін. Соны беріп жүр едім. Маған жауап келе бастады. ChatGPT-мен шығарған. Бірақ бірде-бір дұрыс шығарғаны жоқ. Бәрі қате. Ол шикі нәрсе ғой. Ол тек қана гуманитарлық салаға ғана бірдеңе істей алады. Өйткені гуманитарлық салада екі жердегі екіміз бес те, алты да бола береді ғой. Сондай. Ұқсатып айта берсе болады. ChatGPT деген әшейін темір. Оның ештеңесі жоқ. Одан гөрі білімді балаларға көбірек сенім артамын. Осындай мықты балалардың бесеуін кіргізіп тапсырма беріп қойшы. ChatGPT-дің жазғанының онын жазып береді, - дейді академик.

Дәрігерлердің анализді тура қоятынын анықтағанын айтқанымызда академик тұмау тигенді тура қоятын шығар деп жауап берді.

Мен сенбеймін оған. Жасанды интеллект тарих, философия, тіл сияқты салада мүмкін. Онда ақыл жоқ. Шамалы ақпаратты енгізіп қоясың. Оның ғылымы түкке тұрмайды. 10 томдық кітапты енгізіп қой. Соны жаттап алады да, соған ұқсастырып айта береді. Онда ешқандай ғылым жоқ. Ерінбей тек енгізу керек. Одан да мынандай білімді балаларға күш салуымыз керек. Осындай қазақ тілді балалар сондай технология жасаса, қазақ тілі ең керемет тіл деп шығады әлем. Оны енгізіп қоюдың қиын ештеңесі жоқ. Әңгіме қабілетті балаларды табуда. Балаларды таба алмай отырмыз. Қазақ тілін де меңгеріп отыр, ағылшын тілін де меңгеріп отыр. Технологияны меңгеріп отыр. Осындай балаларды мақтамағанда, кімді мақтайсың, - дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға