28237 әскери бөлімінде өртке қарсы оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді
Жамбыл ауданында ауа райының күрт жылынуынан, даладағы құрғақ шөптердің жану оқиғалары тіркелуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Осыған орай 28237 әскери бөлімінің оқу орталығының аумағында Жамбыл ауданындағы елді мекендердегі «Ерікті өрт сөндіру жасақтары» мен 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және № 4 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өрт сөндіру жаттығуларын пысықтау бойынша бірлескен оқу-жаттығу өткізді.
Іс-шара барысында арнайы өрт ошақтары қойылып, оны сөндіру бойынша тәжірибелік іс-қимылдар көрсетілді.
Аталған оқу-жаттығудың мақсаты - дала, тау өрттерін сөндіру кезіндегі іс-қимыл әрекеттерін айқындау, өрт сөндіру құрал-саймандарын (шартылдақтар, мотопомпалар, жанар-жағармайлар, су бүркегіштер, соқа тіркелген тракторлар) әзірлігін тексеру болды.
Іс-шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары А. Туматаев пен Жамбыл аудандық Өрт сөндіру бөлімінің бастығы Е. Жагипаров қатысып, еріктілерге өрт қауіпсіздігі бойынша сақталатын ережелер мен талаптарды жеткізді.
Оқу-жаттығуға Төтенше жағдайлар гарнизоны қызметкерлерінен 11 адам, 2 бірлік техника, ерікті өрт сөндіру жасақтарынан 50 адам және 28237 әскери бөлімінен 20 әскери қызметші жұмылдырылды.