28 қыркүйекте Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 28 қыркүйек күні еліміздің көп өңірінде жаңбыр жауады. Оңтүстік-шығыста найзағай ойнап, солтүстік аймақтарда нөсер байқалады. Ауа температурасының төмендеуі күтіледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тек республиканың оңтүстігі мен шығысында күн жауын-шашынсыз болады. Сонымен қатар, түнде және таңертең кейбір аймақтарда тұман түсуі ықтимал.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, бірнеше облыста өрт қаупінің деңгейі жоғары болып отыр:
-
Жоғары өрт қаупі – Батыс Қазақстан облысының солтүстігі, Павлодар облысының солтүстігі мен шығысы, Атырау облысының солтүстік-шығысы, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысы, Ақтөбе облысының оңтүстігі.
-
Төтенше (аса жоғары) өрт қаупі – Түркістан, Қызылорда, Жамбыл (батыс, солтүстік, орталық), Батыс Қазақстан (батыс, оңтүстік, шығыс), Ақтөбе (батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық), Алматы (солтүстік), Қарағанды (оңтүстік), Қостанай (оңтүстік), Ұлытау облыстары.
Мамандардың айтуынша, жауын-шашын мен қатты жел жол қозғалысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерге сақтық таныту ұсынылады.
Сондай-ақ, тұрғындарға далада от жақпауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес берілді.
Құрғақшылық пен қатты жел кезінде кез келген ұшқын үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Сондықтан азаматтарды абай болуға шақырамыз, – делінген Қазгидромет хабарламасында.

