Жаңалықтар

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Интернет-акция
26.02.2016 04:49 6677

5 ақпан күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» атты патриоттық интернет-акциясы басталған едіҚазір аталмыш акция жалпыхалықтық деңгейге жетті деп айтуға толық негіз бар. Күні бүгінге дейін әлеуметтік желілердің 94 мыңға жуық қолданушысы 25.el.kz әлеуметтік сервисінің көмегімен өз аватарларын мерекелік символмен безендіріп үлгерді.

Акция аз ғана уақыт ішінде қалайша үлкен қолдауға ие болды? Осы мәселе жөнінде интернет белсенділерінің пікірлерін білген едік.

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы:

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне әлеуметтік желілердің қазақстандық пайдаланушыларының аватарларды мерекелік безендіру акциясы өте сәтті басталды. Аз күннің ішінде 100 мыңға жуық аккаунт иесі өзінің негізгі суретін безендіріп үлгергеніне қарап осылай деп айтуға толық негіз бар сияқты. Аватар өзгерту жай ғана парақшаңды безендіру емес. Бұл әлеуметтік, халықтық акцияның бір түріне айналды. Париждегі террорлық оқиғадан кейін әлемдік өркениетте өзіндік орны бар қаланың басына түскен қайғылы оқиғаны қолдау мақсатында Эйфель мұнарасының, Франция туының түсімен безендірілген болатын. Өз басым бұны кәдімгі материалдық, гуманитарлық көмек деген сияқты моральдық тұрғыда қолдау деп түсіндім. Ал, «бұл акцияны неліктен көпшілік қолдады?» дегенге келер болсақ, қазір халық бұрынғыдай мерекелік шеру, демонстрация дегенге аса қызықпайтын болды. Оның виртуалды кейпі – осындай акциялар. Әр адам өзінің үлесін қосып жатыр. Жиынтығын алып қарасаңыз, әлеуметтік желілерде ақпараттық трендке айналды. Бірақ, бұл жалпыұлттық сипат алып кете алмай отыр. Әзірге байқағаным, көбіне тек қазақтілді қолданушылар атсалысыпты. Орыстілді пайдаланушыларды байқамадым. «Бір ел. Бір тағдыр» деп тақырыбында тұрғандай, акцияның аясын әлі де кеңейте түсу керек деп ойлаймын.

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Данияр Сүгірәлинов, блогшы:

Жоба толықтай көңілімнен шықты. Бұл – кез-келген адам қолдана алатын жеңіл сервис. Қазіргі таңда әрбір қазақстандықтың жеке парақшасы бар деп айтуға да болатын шығар. Олай дейтінім, тіпті менің әжем де желіні белсенді қолданады. Қазір әлеуметтік желілер қоғамның ажырамас бөлігі іспеттес. Виртуалды өмір туралы қаншалықты сыни пікірлер болса да, онда болып жатқан оқиғалар шын өмірмен біте қайнасқан. Біздің отандастарымыз еліміздің өңірлеріндегі, тіпті әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларға бейтараптық танытпайды. Сол себепті қалың жұрт аватарларды патриоттық нақышта безендіру акциясын жақсы қабылдады деп ойлаймын. Бастамаға үлес қосу арқылы жастар Қазақстанда туып-өскенін мақтан тұтатындығын жеткізе алады. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы құтты болсын!

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Нұркен Өтеулов, актер:

Қазір бар игі шарамен қазақтың рухын көтеру маңызды. Тәуелсіздік мерекесі – бар қазақты біріктіретін күн. Бұл күн біздің өткенімізді санада саралап, келер күнімізге кемел оймен қарауға жетелейді. Дәл осы киелі, қасиетті мерекені біз биыл 25-ші рет атап өткелі отырмыз. Біз сияқты ел алдында, өнердің ордасында жүрген азаматтар осы айтулы күнді бұқараға насихаттамасқа?! Әрі-беріден соң бұл мерекені ұлықтау Қазақ елінің перзентімін дейтін әр адамның парызы. Сол себепті, осы белгіні жеке суретімнің бұрышына орнаттым. Бұл менің Отаныма деген шексіз махаббатымның нышаны!

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Ақсәуле Әлжан, «Хабар» арнасының жүргізушісі, журналист:

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған тың бастаманы мен де қолдадым. Жоба маған өте ұнады. Әлеуметтік желілердегі аватарларды айдаладағы  елдердің туының түсіне бояғанша, өзіміздің көк байрағымыздың  элементтерімен безендірген әлдеқайда жақсы. Жобаның ерекшелігі де осы деп есептеймін. Интернет акцияны көпшілік қауымның белсенді қолдағаны патриоттық сезімдерінің жоғары екендігін, Тәуелсіздік деген ұлы ұғымға құрметінің берік екендігін айшықтап тұрғандай.     

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Айнұр Төлеу, журналист

Менің əлеуметтік  желілерде  шетелдік  достарым  көп. Мəселен, Польшаның  Познань қаласында тұратын түрколог достарым бар. Олар  менің  суретімдегі  меркелік безендіруді көрді де, Тəуелсіздіктің 25 жылдығымен  құттықтады. Түркиялық достарым  да  суреттен  менің  Отаным үшін  ерекше  жыл  екенін  берден  түсініп, жылы  лебізін  білдірді. Демек, суретке  осындай  белгі  қою  арқылы да өзгелерге өзің туралы əжептеуір хабар беруге  болады. Сондықтан  осы  жоба  авторлары  қазаққа  қажетті  дүние  жасай  алған  деп  есептеймін. Ал  сайттарыңыз гүлдене берсін.

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Максим Рожин, фотограф

Аватарды безендіру жобасы өте сәтті шықты. Оның үстіне дер кезінде жасалды деп есептеймін. Олай дейтінім соңғы кездері әлеуметттік желіні пайдаланушылар белгілі бір оқиғаларға қатысты немесе өзінің көзқарасын айқындау үшін аватардағы суреттерін түрлі стильмен, түрлі амалмен безендіре бастады. Осы жолы El.kz интернет порталы ғаламтор пайдаланушыларына керемет мүмкіндік сыйлады. Бұл – өте сәтті жоба.  Акцияның сәтті жобаға айналуы – дер кезінде жасалуында. Жоба азаматтарға өз суреттерін ұлттық нақышта безендіруге мүмкіндік берді. Мәселе сурет бұрышына Елтаңба мен көк байрағымызды қоюда емес, бұған қоса аватар безендіру арқылы көп мәселені шеше қоймайтынымыз анық. Анық деп бір нәрсені айта аламын: бірінші кезекте өзім бұл шараға қатысу арқылы  еліміздегі маңызды шараларға ілтипат білдіріп, сол шараларды қуана қабылдап, осынау айшықты сәтпен мақтанамын. Өзгелер де сол себеппен аталмыш акцияға қатысуға тырысты деп ойлаймын. 

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясы неліктен сәтті жобаға айналды?

Есен Елеукен, Қазақстан КВН Одағының президенті

Биыл Еl.kz интернет жобасы іске асырған патриоттық акцияны көріп қуандым, қолдадым. Бұл – шын мәнінде ерекше акция болды. Жастарға үлгі боларлық тағылымы көңілден шықты. Отандастарымыздың еліне-жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық, отансүйгіштік қасиетін нығайту мақсатында мен де өз аватарымды ауыстырдым.

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға