Ей қазағым, жан бауырым, туғаным,
Сенің қамың бала жастан қуғаным.
Сен бақытты, сен өркенді ел болсаң,
Болмас еді менің дағы арманым.
Ей қазағым, кештің тағдыр күрделі,
Сендей болсын-болса бір ұлт зерделі!
Құрбандығың болар едім жолыңа,
Ел болсаң сен-өз алдыңа іргелі!
Бұл өлеңді кеңестік дәуірде қуғын-сүргін көріп, өмірінің 25 жылын туған жерден жырақта өткізген ақын Файзолла Сатыбалдыұлы 1920 жылы жазған екен.
Файзолла-1883 жылы бұрынғы Торғай облысының Батпаққара елді-мекенінде дүниеге келген. Әкесі Сатыбалды-дінбасы болған адам. Ол Бұхарадағы Көкілташ медресесінде діни білім алып, Құранды жетік меңгергені үшін «Ишан» атанады.
Файзолла ақын міне, осындай текті әулеттен өрбіген. Ол ең алғаш сауатты ауыл молдасынан алған, кейін 9 жасында Тройцкідегі Ахон хазіреттен білімін ұштайды. Содан кейін Бұхараға барып, діни білімін тереңдетеді. Бұл жердегі ұстазы-қари Баһрам деген ғалым. Жасынан зерек, оқуға алғыр жас бала 17 жасында «Құранқари» деген атаққа ие болады.
Файзолла діни білім алып Торғайға оралған соң Алаштың көрнекті тұлғалары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ахметсафа Жүсіпов, Байқадам Қаралдин секілді тұлғалармен тығыз байланыс жасайды. Оқыған зиялы азаматтар бас құрап, елдің жағдайына алаңдай бастайды. Патша құлап, қызылдар қыр көрсете бастағанда елдің іші де сан тарауға түскені белгілі. Осы кезде Алаштың көрнекті тұлғалары ұлт үшін басын бәйгеге тігіп, ұйыса бастаған болатын. Осы топтың алдыңғы қатарында Файзолла Сатыбалдыұлы да тұрды. Алайда, қызыл белсенділердің құрығына іліккен ол қуғынға ұшырады, - дейді шөбересі Рамазан Сұлтанұлы.
«Файзолла атамыз елге келген соң халықтың діни сауатын ашуға кіріседі. Медіресе ашады. Алайда, кеңес үкіметі дін жолындағы адамдарды да тергей бастайды. Жамали атамыз «халық жауы» деген айып тағылып атылып кетті. Мырза атамыз да үштіктің үкімімен өлім жазасына кесіліпті. Ал Файзолла атамыз 16 жылға сотталған. Оның сол түрмеде отырып жазған «Тас түрме» деген өлеңі бар».
Файзолла Сатыбалдыұлы ең алдымен діндар тұлға, құранқари һәм ақын. Парсы, түркі, орыс және араб тілдерін жетік меңгерген. Файзолланың ақындығы-өз заманындағы ақындардан кем емес. Оның өлеңдерінде терең философия, елдік, адамдық мұраттар басты орын алған. Құранқари ақынның дүниелері әлі толық зерттелген жоқ. Зерттеуді күтіп жатыр
Дүниеге ойлап тұрсаң адам қонақ,
Болғанда біреу ұста, біреу олақ.
Менің де өлеңдерім зармен жазған,
Күндердің бір күнінде болар сабақ…
Осы өлеңінен-ақ, Файзолланың адами болмысын байқауға болады. Ол-өз дәуірінің үні, сол заманның тынысын қапысыз тани білген. Дарынды ақын өз жүрегі сезінген дүниені ғана толғап, барынша тереңірек қаузап, оқырманды сан түрлі ойға салады. Ақын өлеңдері елдік қасиетті биік жырлайды. Өзі ғұмыр кешкен уақыттың ащы шындығын айтып шерленеді:
Ай, заман-ай, заман-ай,
Замананың зауалы-ай.
Құбылып соққан құйындай
Айласы мен амалы-ай…
Бір қазақтың баласын,
Екіге бөліп арасын,
Қырқыстырып қойғаны-ай,
Ағызып көзден сорасын.
Ұзақ жыл айдауда болға Файзолла босағаннан кейін елге оралмай, туған жерден жырақтап жүріп қалады. Оның өз себебі болған. Бұл жайында шөбересі Рамазан Сұлтанұлы былай дейді.
«Тұтқындалмай тұрғанда Файзолла атамыз Міржақов Дулатовпен жиі кездесіп, кеңесіп тұрған. Ахмет Байтұрсынұлын тығыз араласқан. Мағжан Жұмабаевпен кездескен. Осыны білетін елдегі арыз жазғыштар тағы да соңыма түсеме деген күдікпен Алматыға аялдайды. Алматыда ол Әліби Жангелдинді іздеп табады. Сол кездесуде Әліби оған қамқорлық жасап көп көмектескен екен. Сөйтіп жырақта ол біраз жыл өмір сүріпті».
Файзолла қазақтың азат бейнесін армандаған, сол үшін басын бәйгеге тіккен. Алаш арыстары қуғынға түсіп, шетінен ату жазасына кесілгенде, өзі айдауда жүріп, соларды жоқтап өлең жазған. Болашақтың жақсы боларына сенген. Мәселен. Міржақыптың қазасын естігенде:
Міржақып өлді деген сөз,
Ішімді өртеп кетті лез.
Дірілдеп жүрек демігіп,
Малынды жасқа екі көз.
Қасиет тұтқан Алашым,
Кеңге жайған құлашын.
Намысты қолдан бермеген,
Қайран да менің нағашым.
Міржақып пен Ахмет,
Нақақтан-нақақ болды шет.
Бір уақыттар болғанда,
Ақталар орнап әділет.
Қиянат кетпес тоқтаусыз .
Әділ сөз қалмас құптаусыз.
Күндердің күні болғанда,
Міржақып кетпес жоқтаусыз, – деген.
Алаштың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынов атылғанда, жүрегі қан жылаған Файзолла былай деп жырлаған екен:
Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,
Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе?
Ахмет опат болды дегенді естіп,
Егіліп жылай бердім, тек дедім де!
Айрықша артық көрген ғазиз досым,
Жоқ еді қысқада-кек, ұзында-өшің.
Алаштың қамын жеген азамат ең,
Сүйреген алға қарай Қазақ көшін.
Кеңестік дәуірде қуғын-сүргін көрген тек Файзолла ғана емес, оның туыс - туғандары да тар қапастарға тоғытылды. Оған Файзолланың шөбересі Рамазан Сұлтанұлының мына әңгімесі айғақ болса керек.
«Біздің әулет сталиндік репресияның қасіретін көрген әулет. Мысалы, 16 жастағы Нүриден атамыз бен менің әкем де «халық жауының балалары» деген айыппен сотталған. Кейін ақталды ғой. Бірақ, одан кейінгі өмірі де қызықты бола қойған жоқ. Жұмысты да жарытып істетпеді. Үнемі бақылауда болды», – дейді Рамазан Сұлтанұлы.
Құранқари ақын өлең-толғауларымен бірге үлкен дастан, поэмалар жазған. Оның: «Шәкір-Жамал», «Тоқымбет-Гүләйім», «Әбдіғапар хан», «Адамзаттың шежіресі», «Өмірбаян», «Ұзақ жол», «Ер Толыбай», «Имам Ағзам хазіреттің ақырғы ғұмыры» сынды шығармалары бар. Әрине, ұзақ жыл қуғын-сүргінде жүрген ақын көп қағажу көрді. Жазылған дүниелері дер кезінде жарық көрмеді. Өзі дүниеден озғасын да шығармалары бүркеуде болды.
Файзолла Сатыбалдыұлы 1959 жылы дүниеден озды.