«25 мың көрермен жиналады»: Дженнифер Лопестің концертіне байланысты үндеу жасалды
1 тамыз күні елордадағы «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтеді. Ірі мәдени шараға 25 мыңға жуық адам жиналады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Концертті ұйымдастырушылардың бірі Мәлік Хасенов Instagram парақшасындағы stories бөлімінде тыңдармандарға арнайы үндеу жасап, стадионға ертерек келуге кеңес берді.
Біз мұндай деңгейдегі концертті алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан стадионға кіру уақыты – өте өзекті мәселе. Егер 25 000 адам бір уақытта, яғни сағат 19:00-де келсе, «Астана Арена» маңындағы кіреберістер мұнша адамның тез әрі ыңғайлы өтуіне мүмкіндік бермейді. Осы себепті стадион есіктері сағат 16:30-да ашылады. Әр адамның тексеру мен өту процесі белгілі бір уақыт алады. Бұл жалпы көрермен санына көбейтілгенде, шамамен үш сағатты құрайды. Сол себепті ертерек келулеріңізді сұраймын, – деді ұйымдастырушы.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы әкімдігі 1 тамыз күні концертке байланысты «Астана Арена» айналасында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылатынын хабарлаған болатын.

