Жаңалықтар

25.el.kz арқылы 100 мыңнан астам аватар безендірілді

Патриоттық акция
03.03.2016 09:26 4693

 Бүгін 25.el.kz сервисі арқылы өздерінің әлеуметтік желілердегі аватарларын ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай безендірген интернет пайдаланушыларының саны 100 мыңнан асты.

«25 жыл: Бір Ел. Бір тағдыр» акциясы үстіміздегі жылдың 5 ақпанында El.kz әлеуметтік желісінде басталып, қысқа уақыт ішінде интернеттің белсенді пайдаланушылары тарапынан қызу қолдау тапты. Пайдаланушылардың қызығушылығын ескерген «Қазконтент» АҚ акцияға техникалық қолдау көрсетіп, 25.el.kz  сервисін әзірлеген болатын.

  25.el.kz арқылы 100 мыңнан астам аватар безендірілді

Сервистің көмегімен кез келген әлеуметтік желінің пайдаланушысы өзінің аватарын мерекелік нақыштағы символмен безендіре алады. Ол үшін бар болғаны 25.el.kz сілтемесіне өту керек. Суретіңізді безендіру үшін жеңіл орындалатын 3 қадамнан өтсеңіз болғаны. Бірінші өз суретіңізді жүктейсіз, 2-қадам ұсынылған логотиптердің ұнағанын таңдайсыз, 3-қадам безендірілген суретіңізді электронды құрылғыға сақтап, достарыңызбен әлеуметтік желілерде бөліссеңіз болады.

Сервисте пайдаланушылар назарына 16 түрлі дизайнерлік логотип ұсынылған. Әрбір пайдаланушы өз қиялынан туған патриоттық нақыштағы безендіру үлгісін сайт ұжымына ұсына алады. Іріктелген үздік авторлық жұмыстар сервистің басты бетіне жарияланатын болады.

Атап өтерлік жайт, аватар безендіру ісі әлемде кеңінен қолданады. Мысалға, Google компаниясы кино өндірістегі әлемдік премьераларға байланысты аватарды көркемдеуге ұсынса, Facebook әлеуметтік желісі Франциядағы қайғылы оқиғаға ортақтасып, негізгі суретті сол елдің туының түсімен  безендіруді ұсынды. Ал біздің сервис ұлтты ұйыстырып, бір мүддеге біріктіруді мақсат етеді.

«25 жыл: Бір Ел. Бір тағдыр» акциясын байтақ еліміздің барлық өңірлерінің жастары толықтай қолдады. Сонымен қатар, шет елдегі қандастарымыз да шет қалмай, мерекелік бастамаға қуана ат салысты. Атап айтсақ Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Беларусь, Украина және Голландия елдеріндегі қазақ жастары да суреттерін безендірді.

Еліміздің танымал тұлғалары мен шығармашылық ортаның өкілдері де әлеуметтік желідегі парақшаларын ұлттық нақышта көркемделген суреттерімен ауыстыруда. Олардың қатарында Нұрсұлтан Құрманов,  Әділ Ахметов, Гүлмира Дайрабаева, Данияр Сүгіралинов, Жандос Кұрманбаев және тағы да басқалары бар.

Аталмыш акция 2016 жылдың 16 желтоқсанына дейін жалғасатынын еске сала кетейік. 25.el.kz. әлеуметтік сервисі – Қазақстанда тұңғыш рет жасалған бірегей жоба.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға