24 этномәдени бірлестікті біріктірген орталық
Павлодар облысындағы «Достық үйі» мәдени-сауық орталығында 24 этномәдени бірлестік, 27 вокалдық-хор және 17 би ұжымы бар.
Павлодарда облыстық «Достық үйі» мәдени-сауық орталығы 2008 жылы 30 қыркүйекте ашылды. Мекеме шаһардың сәулеттік келбетін көріктендіріп қана қоймай, халыққа мәдени-рухани демалыс сыйлайтын орталыққа айналды. Достық үйінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысты.
5800 шаршы метрлі алаңы бар төрт қабатты ғимаратта Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, 24 облыстық этномәдени бірлестік, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жастар бірлестігінің үйлестіру кеңесінің кеңселері, Қанат Болатұлы Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебі, сондай-ақ Достық үйінің әкімшілігі орналасқан.
2015 жылғы 1 маусым күні Павлодар облыстық «Достық үйі» мәдени-сауық орталығы Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (КММ) болып қайта құрылды.
Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесін Оразгелді Әліғазыұлы Қайыргелдинов басшылық етіп отыр.
«Қоғамдық келісім» КММ-де конференц-зал мен акт залы, репетиция және хореографиялық залдар, мультимедиялық, компьютерлік және оқу сыныптары, медиа-орталық, ұлттық әдебиет кітапханасы мен мұражайы бар.
«Қоғамдық келісім» КММ-де этномәдени бірлестіктер негізінде вокалдық-хор және би ұжымдары, өз мүдделеріне байланысты көптеген клубтар қызмет етеді.
2012 жылдан бастап «Қоғамдық келісім» КММ www.pvldostyk.kz веб-сайты жұмыс істейді.
2013 жылы наурыз айында «Қоғамдық келісім» мекемесінде медиа-орталық ашылды. Аталмыш ұжымның жылдығын мерекелеу қарсаңында жаңа «Достық шаңырағында» атты газет жарық көрді. Бұл – Павлодар облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің бірлескен жобасы. Газет беттеріне облыстың барлық этномәдени бірлестіктің, «Қоғамдық келісім» КММ шығармашылық ұжымдарының, бөлімдерінің жемісті еңбегі туралы жарияланады.
«Қоғамдық келісім» КММ-де аналитика-әдістемелік жұмысы жөніндегі және ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу, этномәдени бірлестіктерімен жұмыс жүргізу жөніндегі, халық шығармашылығы және жасөспірімдермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімдер қызмет атқарады. Бөлім мамандары қоғамдық маңызды шараларға белсенді қатысып, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізеді.
«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және аналитикалық-әдістеме жұмысы жөніндегі бөлім жетекшісі Гүлнар Типанова:
Бөлімнің негізгі мақсаты – этномәдени бірлестіктерге әдістемелік көмек көрсету, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесі мүшелерімен тығыз байланыс орнату, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметіне үнемі мониторинг және талдау жүргізу, әр түрлі жоспарлы шаралар өткізу.
Елімізде қабылданған заңымыз да, өркениетті елдердегідей бейтарап медиаторды тарту арқылы істі бітімге келтіріп, заманауи құқықтық жүйенің дамуына ықпал етіп, адымдай бастады. Бүгінгі күні Елбасы осы мәселеге улкен зер салып, медиация тәсілі адам құқықтарының ең қымбат қазынасы ретінде қастерлейтін мемлекеттің алғышартына айналып отыр.
2015 жылдың тамызында «Қоғамдық келісім» КММ басшыларының қатысуымен этносаралық келеңсіздіктердің алдын алу және оларды шешу бойынша республикалық Медиация орталығының отырысы өтіп, әр облыста ҚХА немесе «Қоғамдық келісім» КММ жанынан медиация орталықтарын ашу туралы шешім қабылданған болатын.
Осыған орай, 2016 жылғы 29 ақпан күні Павлодар облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің аналитика-әдістемелік жұмысы жөніндегі және ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу бөлімі жанынан Медиация орталығы салтанатты түрде ашылып, қалалық және аудандық мемлекеттік органдары өкілдерінің, медиаторлардың, ішкі саясат бөлім басшыларының, қоғамдық келісім, аналар кеңесі мүшелерінің, этномәдени бірлестіктері төрағаларының қатысуымен «Медиация – келісім әлемі» атты дөңгелек үстел өтті. Бүгінгі күні Медиация орталығының консультативтік кеңесі құрылып, сенім телефоны қызмет етуде.
Этномәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімі ҚХА-мен тығыз қарым-қатынас жүргізеді, алуан түрлі нысандағы және түрлі тақырыптық бағыттағы шараларды ұйымдастырып, өткізеді. Ол қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастыруда және оларды өткізуде әдістемелік, сценарийлік, режиссерлік көмек көрсетеді. Бөлім өзінің жұмысын ұйымдастыруда тек ірі шараларды (халық шығармашылығы фестивальдері, этномәдени бірлестіктердің мерейтойлары, халықтық дәстүрлі мейрамдар, тақырыптық кештер) ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен қатар камералық түрлерін (шығармашылық зертханалар, шығармашылық қонақ үйлер, тақырыптық танымдық бағдарламалар) қолданады.
«Қоғамдық келісім» КММ халық шығармашылығы бөлімін Л.В. Трафимова басқарады. Халық шығармашылығы бөлімінің негізгі міндеттері: ұжымдардың толыққанды жұмысы үшін қажетті жағдайларды құру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру (шығармашылық ұжымдардың инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыздандыру және материалдық-техникалық базасын нығайту); шығармашылық ұжымдардың жұмысын үйлестіру және оларға көркемдік деңгейін көтеруде әдістемелік көмек көрсету; шығармашылық ұжымдарға репертуарларын құруда және музыкалық материалын таңдауда көмек көрсету; концерттерді, шығармашылық кездесулерді, ұлттық мерекелерді ұйымдастыру болып табылады.
Бөлім мамандары «Қоғамдық келісім» КММ-нің шығармашылық ұжымдарына және клубтық бірлестіктеріне үнемі әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетеді.
«Қоғамдық келісім» КММ-де өз ісін жақсы білетін, білікті мамандар қызмет етеді, олар: А.А. Абдикаримов («Ару ана» хор ұжымы), Н.Б. Беков (Достық үйінің хореографиялық ансамблі), С.И. Дьяченко («Аногенниси» хореографиялық ұжымы), О.К. Ленский («Крыницы» вокалды ансамблі), Г.А. Ташимов («Чишмя» және «Сеспель» вокалды ансамбльдері), Н.Ф. Федосова («Раздолье» және «Paradiez» хореографиялық ансамбльдері), В.И. Федосов (казактар одағының хореографиялық ансамблі).
Көптеген ұжымдар Достық үйінде қызмет еткен уақыты ішінде облыс шегінен тысқарыда әйгілі болды. «Wir» и «Мирас» вокалды ансамбльдері (Н.В. Шабулдаева), «Иртышская линия» халықтық казак хоры (В.Н. Ковеня), «Эвришим» хореографиялық ұжымы (Ш.А. Бекова), «Надзея» вокалды тобы (Т.П. Пучек), «Воля» халықтық казак әндерінің ансамблі (М.С. Немцева), «Ялкын» хореографиялық ансамблі (Л.В. Мусселиус) беделді республикалық және халықаралық фестивальдер мен байқаулардың лауреаттары атағына ие.
Республикамыздағы жалғыз бандуристтер ансамблі құрылды, жетекшісі – Г.В. Григориади.
– 2013 жылы екі ұжым – «Иртышская линия» халықтық казак хоры мен «Воля» халықтық казак әндерінің ансамблі «халықтық» атағын қорғады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысының тапсырмасы бойынша Е. Селиванова басшылық ететін Достық үйінің жасөспірімдермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімі және облыс ҚХА жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі бірлесіп жұмыс істейді. Бірлескен көптеген әртүрлі іс-шаралар өткізіледі, шаралардың мақсаты жастар ортасында толеранттық тәртіпті қалыптастыру, жас ұрпақты ұлтаралық келісім және бірлік рухында тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді насихаттау болып табылады, – дейді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және аналитикалық-әдістеме жұмысы жөніндегі бөлім жетекшісі Гүлнар Типанова.
«Қоғамдық келісім» КММ аймақ этностарының мәдени-тарихи мұрасын сақтау мақсатында мұражай қызмет етеді. Мұражай қоры этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен әрдайым толықтырылуда. Мұнда ұлттық киімдердің, халық тұрмысының, халықтық-қолданбалы өнерінің атрибуттары, сирек кездесетін фотосуреттер мен жазбалар көрсетілген. Экспозициялар арқылы түрлі этностардың ерекшеліктерін терең түсіне алады, олардың тарихымен, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен таныса алады. Мұнда сондай-ақ мекеменің фото және бейнематериал картотекасы сақталынады. Мұражай жанында ұлттық әдебиеттер кітапханасы орналасқан. Кітапхана қорында аймақ этностарының тіліндегі әдебиеттер, газет-журналдар бар. Кітапхана жұмысының негізгі мақсаты мәдени және тілдік алуандықты ақпараттық қолдау, көпұлтты аймақ жағдайындағы этникалық сана-сезім мен этносаралық толеранттылықты қалыптастыру болып табылады. Мұражай мен кітапхана қызметкері облысымыздың мектеп оқушылары мен студенттеріне, ресми кездесулерге келетін меймандарға, жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктерінің және «Қоғамдық келісім» КММ тыныс-тіршілігіне қызығушылық танытқан жандарға есігі ашық, және келушілерге үнемі тақырыптық сөрелер мен көрмелер, экскурсиялар ұйымдастырып тұрады.
«Қоғамдық келісім» КММ ашылғаннан бастап аймақтық, республикалық және де халықаралық деңгейдегі ресми мемлекеттік шараларды, форумдарды, отырыстар мен кездесулерді, мерекелік және қайырымдылық концерттерді ұйымдастыру орталығына айналды.
Солардың ішіндегі жыл сайын өткізілетін дәстүрлі, ең көлемді әрі маңызды шаралардың бірі: облыстық этникалық мәдениеттер фестивалі, «Бірлік - Единство.kz» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық жастар форумы, «Ертіс – достық өзені» атты халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивалі, республикалық этномәдени бірлестіктердің жастар құрамалары арасындағы «Менің Қазақстаным» зияткерлік шоуы, «Мәдениет диалогынан – диалог мәдениетіне» атты этномәдени орталықтары жастар бірлестіктерінің облыстық форум-фестивалі, облыстық этномәдени бірлестіктердің жастар ұжымдары арасындағы жыл сайынғы мемлекеттік тілдегі патриоттық әндер байқауы, Славян және түркі жазулары күндері, «Бір отбасында тұрамыз» атты жазғы фестиваль аясындағы ұлттық мәдениеттер күндері, облысымыздың қалалары мен аудандарында «Қазақстан халқы Ассамблея күндері», «Золотая осень» атты жыл сайынғы орыс мәдениеті мен өнері фестивалі, «Қымызмұрындық» дәстүрлі мерекесі және тағы басқалары.
Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ негізінде Наурыз, Қазақстан халқы бірлігі, Жеңіс күні, Астана күні, Қазақстан Республикасы Конституциясының күні, Тұңғыш Президент күні,Қазақстан тәуелсіздігінің күні және т.б. мемлекеттік мерекелерге арналған салтанатты шаралар мен халық серуендерін өткізу игі дәстүрге айналды.
Бүгінгі күні «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері халыққа сан алуан шараларды ұсынып, шаһардың саяси-мәдени өміріне барынша үлес қосуда.
«Қоғамдық келісім» КММ маңызды шараларды өткізетін орын ғана емес, сонымен қатар әртүрлі этностар мен мәдениет өкілдері жұмыс атқаратын құтты мекен, ол – Павлодар облысы аумағындағы достық, бірлік пен бейбітшілік нышанына айналып отыр.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттер «Қоғамдық келісім» КММ жеке мұрағатынан алынды