Жаңалықтар

24 сағат бойы қайнайтын сорпаның қандай ерекшелігі бар? Кәсіпкер тың деректі бөлісті

24 сағат бойы қайнайтын сорпаның қандай ерекшелігі бар? Кәсіпкер тың деректі бөлісті
Фото: жеке мұрағат 09.02.2024 16:00 5874

Сүйек сорпасының адам ағзасына деген пайдасы біз ойлағаннан да әлдеқайда көп. Мәселен, оның құрамында кальций, магний, фосфор сынды түрлі дәрумендер, аминқышқылдар мен коллаген бар. Сорпа асқазан, ішек жолдарын қалпына келтіріп, ішек ауруларының алдын алып қана қоймай, иммунитетті де көтереді. Бүгінгі El.kz ақпарат агенттігінің сұхбат алаңында өзінің авторлық рецебімен сорпа әзірлеп, бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкер Әйгерім Нұқпаева.

Кейіпкеріміздің жасы -34-те, Алматы қаласының тумасы. Негізгі мамандығы – экономист, аудитор, бухгалтер. Екінші мамандығы – маркетолог.

«Сорпа істеп, сату туралы ой Жаратушыдан келді»

Әйгерім Нұқпаева сорпа сату кәсібін бастамас бұрын көптеген дүниеге қызығушылық танытқан.

24 сағат бойы қайнайтын сорпаның қандай ерекшелігі бар? Кәсіпкер тың деректі бөлісті

Фото: Айбек Төлеп

Өзімнің мамандығым бойынша бірнеше компанияда жұмыс істеп көрдім. Уақыт өте келе ол маған қызық емес болып қалды. Алматы қаласында гид те, фотограф та болып көрдім. Соңғы 2-3 жылда продюсер мамандығын онлайн оқып, біраз сарапшылардың танылуына, табысқа жетуіне себепкер болдым. Қазір бизнесіммен бірге осы продюсерлік жұмысымды қатар алып жүрмін, - деді ол.

Кейіпкеріміз сорпа істеп, сату туралы ой нақты Жаратушыдан келді дейді.

Бұл бизнесті бастаған кездегі әр сәтім есімде. Бір күні Instagram желісіндегі өзім сүйіп оқитын бір дәрігердің парақшасын қарап отырып, сүйек сорпасы туралы ақпаратты көріп қаламын. Сонда ол сторисында Татарстандағы бір адамның сорпасын мақтайды. Сол кезде «маған да неге осындай сорпа қайнатып көрмеске» деген ой келеді. Менің бір нәрсені бастасам, түбіне жетпей қоймайтын әдетім бар. Осы сәттен бері сорпа туралы ақпаратты бастан-аяқ зерттеп шығамын, - деді кәсіпкер.

Әйгерім Нұқпаева бұл бизнесті бастау үшін Астана мен Шымкент қаласындағы сорпа сатумен айналысып жүрген кәсіпкерлермен байланысқа шыққан. Тіпті сорпаның қалай әзірленетінін көру үшін арнайы Шымкентке де барып қайтқан.

Қаншама сорпа сататын кәсіпкерлердің парақшасын қарап шықтым. Соның ішінде Шымкентте сорпа әзірлейтін бір жерді ұнатып, өзіме жақын тарттым. Сөйтіп, кешке Алматыдан автобусқа отырып, таңертеңінде Шымкентке барамын. Жанар деген қыздың қалай сорпа әзірлегенін көріп, құтыдағы сүйек сорпасын сатып аламын. Одан кейін Стамбұлға да барып, ол жақтың сүйек сорпасының дәмін татып қайтқанмын. Осылайша бұл кәсіпті толыққанды зерттеп шықтым, - деді ол.

Әйгерім алғаш рет 5 литр сорпаны тапсырысқа алған

Кәсіпкер өзінің бірінші тапсырысы есінде жақсы сақталып қалғанын айтады.

Алғаш рет тапсырысымды 2022 жылдың 22 желтоқсан күні алдым. Оны маған Астана қаласында сорпа сатумен айналысатын Жанар ханым берді. Ол кезде мен Стамбұлда жүрген едім. Тапсырысты орындау үшін Алматы қаласына қайтып ұшып кеттім, - дейді Әйгерім Нұқпаева.

Кейіпкеріміз сүйек сорпасына бірінші тапсырысын алғанда өте қатты қуанған.

Алматыға жеткенде 4 кг сүйек сатып алып, оған 10 литр су құйып, 24 сағат екі күн газды күзетіп сорпа дайындадым. Нәтижесінде 3 литр сорпа ғана шықты. Қайта-қайта дәмін көреміз деп жарты литрын тауыстық. Тұтынушы бізге 5 литр сорпаға тапсырыс берген соң тағы да сүйек сатып алып, сорпа қайнату керек болды. Сөйтіп, бүкіл процесті қайталап, сорпаны толықтырдым. Осылайша Мотрена есімді қызға тапсырысты аман-есен жеткіздік, – деп есіне алды кәсіпкер.

Бас-аяғы цехта 4 адам жұмыс істейді

Әйгерім Нұқпаева кәсібін бастағанда сорпаны өзі үйден қайнатып жүрді.

Бастапқы уақытта сорпаны үйде қайнататынмын. Оның иісі бүкіл бөлмеге жайылып, 24 сағат үздіксіз жағылған газ үйді моншаға айналдыратын. Үй жағдайында сорпа дайындау мүмкін емесін көрген соң басқа жерлер іздестіре бастадық. Сол аралықта достарым үлкен қолдау көрсетті. Сөйтіп, Жанар деген құрбымның уақытша шағын жаздық үйіне көштік. Сол жақта ата-анасы 2 айдың көлеміндей сорпа қайнатып, туғандарына көмектескендей қолдау білдірді, - деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, ол Жанар құрбысының үйінен кейін Нұргүл деген әпкесіндей болып кеткен құрбысының цехындағы бір бұрышты 6 айдай паналаған. Оның жұмыс жасағанына қарап көп бой түзеген. Содан кейін қанаты қатайғанда бөлек шыққан.

Қазіргі уақытта арнайы бір жерді жалға аламыз. Бас-аяғы цехта 4 адам жұмыс жасаймыз. Бір басқарушы, SMM маманы, өзім және арасында бір келетін көмекші бар, - дейді кейіпкер.

«Бәрін тастап, жылап отыра қалған кездер болды»

Кейіпкеріміз ел арасында танылған сорпаны өзінің авторлық рецебімен әзірлейді.  

Әр адам қарапайым бір ет тағамын әзірлесе, оның дәмі әртүрлі болып шығады. Себебі біреу етті баяу отта, екіншісі қатты отта, үшіншісі көкөністермен қосып қайнатады. Сол сияқты біздің сорпамызға қосатын ингридиенттеріміз басқалардыкіне ұқсас болғанымен, жасау тәсіліміз бөлек, сондықтан дәмі де өзгеше шығады. Біз 6 ай бойы тәжірибе жүргізудің арқасында өзіміздің авторлық рецебіміз пайда болды, - дейді кәсіпкер.

Әйгерім Нұқпаева керемет сорпаға жету үшін басынан қаншама сәтсіздік өткергенін де жасырмады.

Сорпаға сүйекті көп немесе аз салу, суын жеткізбей құю, қатты қайнатып жіберу деген сынды түрлі кезеңдерден өттік. Барлығы тек тәжірибемен келеді. Қазіргі ел ұнататын сорпаның артында қаншама қателік жатыр. Тіпті 20, 40 литрлік дұрыс шықпаған, ашып, дәмі бұзылып кеткен сорпа әзірлеген кездер болған. Бәрін тастағың келіп, отырып жылай салған сәттерді де бастан өткердік, - деді ол.

Кейіпкердің сөзінше, қазіргі таңда оны тұтынушыларының алғысы, жылы лебізі қанаттандырып отырады.

Сорпа неліктен 24 сағат қайнайды?

Әйгерім Нұқпаеваның әзірлейтін сорпасының басты ерекшелігі – оның 24 сағат қайнайтындығында.

Жалпы, сүйектің құрамындағы пайдалы элементтер тек 12 сағаттан кейін ғана бөліне бастайды. Сондықтанда біз оны 24 сағат бойы қайнатамыз. Сорпаны о баста 16 сағат та, 18 сағат та қайнатып, тестілеуден өткіздік. Бірақ бұл жарамады. Ал 24 сағат қайнаған сорпаның дәмі де, түсі де өзгеше болады, - дейді ол.

24 сағат бойы қайнайтын сорпаның қандай ерекшелігі бар? Кәсіпкер тың деректі бөлісті

Фото: Айбек Төлеп

Ұзақ уақыт қайнайтын сорпаның құрамында адам ағзасына пайдалы түрлі дәрумендер бар екен.

Сорпаның құрамында 19 түрлі аминқышқыл, аминқышқылдың глицин, пролин, гидросипролин деген үш тізбегінен тұратын коллаген, ақуыз, дәрумен, калий, магний, фосфор сияқты түрлі минерал бар.  Ол адамның ұйқысының жақсы болуына,  шаштың өсуіне, бет терісінің жылтырауы сынды ағзаға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ сорпа иммунитетті көтеріп, ішек жолын тазартады, - деп атап өтті ол.

Әйгерім Нұқпаеваның айтуынша, сүйек сорпасы адам ағзасындағы тапшы дәрумендердің орнын толтырады. Оны тоғыз айлық баладан бастап, тоқсандағы қарияға дейін ішуіне болады.

«Ешкімді бәсекелес көрмейміз»

Кейіпкеріміз сүйек сорпасын дайындап сататын өзге кәсіпкерлерді бәсекелес көрмейтінін айтты.

Сорпа әзірлеп, оны сатумен айналысатын кәсіпкерлердің басты бағыты көбіне адамдарды дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру деп ойлаймын. Ал біздің ең басты назарымыз өнімде болғандықтан, алдыңғы қатарға шығып жүрміз. Жалпы кез келген кәсіпкер өніміне ден қойып, әрдайым ізденіс үстінде жүріп, қателіктерімен жұмыс істеп отырса, оған тұтынушының өзі-ақ тартылады, - дейді Әйгерім Нұқпаева.

Кәсіпкер қазіргі таңда бұл бизнестің түрін оңай ақша табу жолы деп бастап кетіп жатқандар көп дейді.

Бүгінде кейбір адамдар сүйекті жай суға сала салып, сорпа әзірлеу оңай деп ойлайды. Сөйтіп, кәсіпті қолға алғанда түрлі сұрақтары пайда болады. Мұндай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін бұл кәсіпті зерттеп, қаншама тәжірибеден өту керек, - дейді ол.

Кейіпкеріміз өзінің бизнесін дамыту үшін мемлекеттің кәсіпкерлерге арналған жобасына қатысып, грант алмаған.

Мемлекеттен тек субсидия арқылы 3 ай бойы 85 мың теңдеген алдық. Оның өзі бізге үлкен көмек болды, - дейді Әйгерім Нұқпаева.

Кәсіпкердің алдағы уақытқа құрған қандай жоспары бар?

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде еліміздегі сүйек сорпасына деген сұраныс өте жоғары. Ол сорпаны Алматы қаласында дайындаса да, Қазақстанның өзге қалаларына жеткізуге мүмкіндігі бар.

24 сағат бойы қайнайтын сорпаның қандай ерекшелігі бар? Кәсіпкер тың деректі бөлісті

Қазіргі таңда сорпаны Астана, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Теміртау, Ақтөбе сынды көптегін ірі қалаларға жібереміз. Өнімімізді басқа қаладан келіп, алып кететіндер де бар, - деп атап өтті кейіпкер.

Сондай-ақ Әйгерім Нұқпаева алдағы уақытқа құрған жоспарымен де бөлісе кетті.

Болашақта ассортиментімізді көбейтіп, өнімімізді өзге дүкен желілеріне қойғым келеді. Жас кәсіпкерлерді қолдап, өзіміздің атымыздан берілетін грант ұсынғым келеді. Осы арман-мақсатым алдағы жылда орындалады деп ойлаймын, - деді ол.

Әйгерім Нұқпаеваның жас кәсіпкерлерге кеңесі

Кейіпкеріміз кәсіпкер ретінде өзге жас кәсіпкерлерге ақыл-кеңес беруге әлі ерте дейді.

Егер мен басқаларға адам ретінде кеңес берер болсам, ең бірінші кітап оқысын дер едім. Өзі бастағысы келетін саланы зерттеп, адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға, сауда-саттықпен айналысуға қатысты басылымдарды оқығаны дұрыс болады. Кітап кез келген адамға бағыт-бағдар беріп, кәсіби деңгейде өсуіне септігін тигізеді. Ал екінші кеңесім, қаржылық сауаттылықты үйрену. Ол бизнеспен айналысатын әрбір кәсіпкерге қажет. Үшіншісі, жақсы қарым-қатынас құра білу. Себебі кәсіпкер тауар жеткізушілермен, тұтынушылармен тікелей жұмыс істейтіндіктен, олармен дұрыс сөйлесе білуі керек, - деді Әйгерім Нұқпаева.

Кәсіпкердің сөзінше, кез келген бизнес түрін бастағанда түрлі қиындықтар кездеседі. Оның барлығына мойымай, бастағын ісін аяғына дейін жеткізген адам ғана табысқа жете алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға