Жаңалықтар

23 қаңтардан бастап шетелдік автокөліктер заңдастырылатын болады

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары мәлім етті
23 қаңтардан бастап шетелдік автокөліктер заңдастырылатын болады
Фото: stan.kz 12.01.2023 12:43 2109

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелген және Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру жайлы жариялаған болатын. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха осы тапсырманы орындау мақсатында қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілетінін айтты.

«Үкімет 11 қаңтарда сол көліктерді тіркеу туралы ережелер мен шарттарды бекітті. Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни 23 қаңтар күні күшені енеді. Сол кезден бастап біз көліктерді заңдастыра бастаймыз», – деді Игорь Владимирович.

Сондай-ақ Игорь Лепеха автокөліктердің қандай шарттар бойынша заңдастырылатынына тоқталды.

«Ережеде нақты шарттарға сәйкес 200 мың теңге алым мөлшерлемесін төлей отырып қандай автокөліктерді заңдастыруға болатыны көрсетілген. Біріншіден, автомобиль елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы тиіс. Екіншіден, іздеуде болмауы керек. Үшіншіден, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет», – деді ол.

Жоғарыда аталған ереже 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін іске асатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға