жасанды интеллект

2,3 млн адамға жоғары жылдамдықты интернет: елде ауқымды жоба басталды

17.02.2026 12:00

Қазақстанда 2,3 млн ауыл тұрғынының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ірі жобаға конкурс басталды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 1 123 ауылға сапалы интернет тартуды жоспарлап отыр. Бұл конкурсқа ұялы байланыс операторлары қатыса алады, ал жеңімпаз компанияға мемлекет желі тартуға кеткен шығынның 50 пайызын жабатын грант береді. 

Ресми құжатқа сәйкес, жоба 2026-2027 жылдары жүзеге асуы тиіс. Министрлік «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жедел цифрландыру» бастамасы аясында байланыс операторларына үлестік гранттар беруге ашық конкурс жарияланғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: 

Жоба сәтті іске асса, интернеті жоқ 1 123 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі салынады. Конкурс жеңімпазы бұл елді мекендерге жылдамдығы кемі 100 Мбит/с болатын интернет жеткізуге міндеттеледі. Ведомствоның мәліметінше, нәтижесінде шамамен 2,3 миллион адам жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.

Құжатта қай өңірде қанша ауыл қосылатыны да көрсетілген:

Абай облысы – 47 ауыл
Ақмола облысы – 99 ауыл
Ақтөбе облысы – 45 ауыл
Алматы облысы – 69 ауыл
Атырау облысы – 49 ауыл
Батыс Қазақстан облысы – 56 ауыл
Жамбыл облысы – 64 ауыл
Жетісу облысы – 77 ауыл
Қарағанды облысы – 68 ауыл
Қостанай облысы – 57 ауыл
Қызылорда облысы – 63 ауыл
Маңғыстау облысы – 7 ауыл
Павлодар облысы – 61 ауыл
Солтүстік Қазақстан облысы – 86 ауыл
Түркістан облысы – 195 ауыл
Ұлытау облысы – 14 ауыл
Шығыс Қазақстан облысы – 66 ауыл

Осылайша жоба ауылдардағы интернет қолжетімділігін кеңейтіп, онлайн білім алу, телемедицина, қашықтан жұмыс істеу және мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкіндігін арттыруға бағытталған.