Жаңалықтар

22 наурыз – Жыл басы

22 наурыз – Жыл басы
Фото: t.me/aqorda_resmi 22.03.2024 09:26 3147

«Жыл басы» – халқымыздың салт-дәстүрі мен құндылықтарын тағы бір жаңғыртып, тарихтың жаңа бетін ашуға шабыттандыратын күн, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Жыл басы» күнтізбедегі жай ғана күн емес. Бұл – мерекелік қуанышқа бас қосып, тарихымыздың жаңа кезеңінің басталуын мақтанышпен атап өтетін ерекше сәт.

Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты.

Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтады. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мерекесінде халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға