El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

2050 жылға қарай спорт өмірге қауіпті болуы мүмкін — зерттеу

19.03.2026 14:36

Ғаламдық жылыну тек экологияға ғана емес, адам өмірінің күнделікті дағдыларына да тікелей әсер ете бастады. Ғалымдардың жаңа зерттеуі көрсеткендей, 2050 жылға қарай жоғары температура физикалық белсенділікті шектеп, бүкіл әлем халқының денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

The Lancet Global Health журналында жарияланған зерттеуде 2000–2022 жылдар аралығындағы 156 елдің деректері талданған. Ғалымдар жаһандық температураның көтерілуі адамдардың қозғалыс белсенділігіне қалай әсер ететінін зерттеген. Орташа ауа температурасы 27,8°C-тан асқан сайын, адамдардың қозғалысы азая бастайды. Яғни, әрбір сондай ыстық ай физикалық белсенділікті шамамен 1,5%-ға төмендетеді. Ал табысы төмен және орташа елдерде бұл әсер одан да күшті - шамамен 1,85%-ға дейін азаяды.

Бұл мәселе тек өмір салтымен шектелмейді. Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай адамдардың аз қозғалуынан жұмыс өнімділігі төмендеп, экономика миллиардтаған доллар жоғалтуы мүмкін. Сонымен бірге ерте қайтыс болу жағдайлары да көбейеді. Әсіресе ауа райы өте ыстық өңірлерде адамдардың қозғалысы қатты азаяды. Олардың қатарына Орталық Америка, Кариб аймағы, Африканың кей бөліктері және Оңтүстік-Шығыс Азия жатады.

Жоғары температура жағдайында спортпен шұғылдану немесе ауыр физикалық еңбекпен айналысу өмірге қауіпті болуы мүмкін. Алайда қозғалыстың азаюы да өз алдына үлкен қауіп. Физикалық белсенділіктің төмендеуі жүрек-қан тамырлары ауруларының, екінші типті диабеттің, психикалық бұзылыстардың және кейбір қатерлі ісік түрлерінің даму қаупін арттырады.

Зерттеудің жетекші авторы Кристиан Гарсия-Витульскидің айтуынша, мәселе тек ыстықта емес, оған бейімделу мүмкіндіктерінде жатыр. Яғни салқындату жүйелерінің жетіспеуі, қауіпсіз жабық кеңістіктердің аздығы және күн тәртібін икемді жоспарлау мүмкіндігінің болмауы физикалық белсенділіктің төмендеуіне әкеледі. Бұл тұрғыда жаһандық жылыну әлеуметтік теңсіздікті де тереңдете түседі, өйткені ең осал өңірлерде бейімделу ресурстары әлдеқайда шектеулі.

Қазіргі таңда физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі ересектер арасындағы ерте өлімнің шамамен 5 пайызына себеп болып отыр. Ал әлем халқының үштен бірі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған апталық қозғалыс нормаларын орындамайды.

Осылайша, климаттың өзгеруі тек табиғи құбылыс емес, ол адам денсаулығы мен өмір салтына әсер ететін жаһандық қауіпке айналып отыр. Демек, алдағы жылдары бұл мәселе тек экологиялық емес, қоғамдық денсаулық сақтау саясатының да басты бағытына айналуы ықтимал.