Жаңалықтар

2030 жылға дейін әскери техниканы жаңарту жоспарланып отыр

Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жауап берді
2030 жылға дейін әскери техниканы жаңарту жоспарланып отыр
Фото: Tumba.kz 16.07.2022 14:03 1462

Қазақстан Қарулы күштері 2030 жылға дейін жаңа, күрделі жөнделген және жаңғыртылған қорғаныс өнеркәсібі кешенімен қайта жарақтандырылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың жауабында айтылған, – деп хабарлайды El.kz.

– Қарулы күштерді қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі жүктелген міндеттерге сәйкес басымдық бойынша жүзеге асырылады. Бұл мәселеде қорғаныс өнеркәсібі кешеніне елеулі рөл жүктелген. Дамыған отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені мемлекеттің әскери-экономикалық қауіпсіздігінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатыны анық. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі құжат Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы болып табылады. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрылысы мен дамуының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жаңа редакциясы бекітілді, – деп атап өтеді министр.

Оның айтуынша, тұжырымдама Қарулы күштердің техникалық жарақтандырылуын арттыру үшін нақты міндеттер мен көрсеткіштерді, іске асыру кезеңдерін қамтиды. Сонымен қатар Президенттің 2018 жылғы 28 мамырдағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қайта жарақтандырудың және қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қолданылады. Осы тұжырымдамамен Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қайта жарақтандыру мүддесінде қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың мақсаттары мен міндеттері, негізгі бағыттары мен кезеңдері айқындалған.

– Құрылыс тұжырымдамасының іс-шараларын іс жүзінде іске асыру мақсатында 2030 жылға дейін Қарулы күштерді жаңа, күрделі жөнделген және жаңғыртылған қорғаныс өнеркәсібі кешенімен қайта жарақтандыру жоспары әзірленді және оны 2021 жылғы 30 қыркүйекте Қорғаныс министрі бекітті. Жоспар қазіргі заманғы жаңа қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қайта жарақтандырудың қажетті қарқынын, сондай-ақ Қарулы күштердің жауынгерлік және техникалық әзірлігінің талап етілетін деңгейін қамтамасыз ететін Қарулы күштердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып әзірленді. Жоспар отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту мен жүктеуді жоспарлау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданды. Қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың басты құралдарының бірі мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс болып табылатынын атап өту маңызды, – деді Руслан Жақсылықов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға