©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

2030 жылғы әлем чемпионатына 64 құрама қатысуы мүмкін

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2030 жылғы әлем чемпионатын 64 команда қатысатын форматта ұйымдастыруға әзір. Бұл туралы Ole басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Ақпарат көзінің мәліметінше, ұйым Оңтүстік Американың футбол конфедерациясы (КОНМЕБОЛ) ұсынған мундиаль қатысушыларын рекордтық деңгейде көбейту бастамасын қолдамақ. Егер бұл шешім қабылданса, турнир 16 топтан тұрады, әр топта төрт құрамадан болады. Әр топтың үздік екі командасы плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ойындар Испания, Португалия, Марокко, Аргентина, Парагвай және Уругвайда өтеді. Әлем чемпионатының үш тобы толықтай Оңтүстік Америка елдерінде ұйымдастырылса, қалған кездесулер Еуропа мен Африкада өтпек.

Айта кетейік, бұған дейін ФИФА құрамалар санын 32-ден 48-ге дейін ұлғайтқан болатын. 2026 жылғы әлем чемпионаты – тарихта алғаш рет 48 ұлттық құрама қатысатын турнир болмақ.

Бұған дейін ФИФА-ның жаңартылған рейтингінде Қазақстан құрамасының төмен сырғығаны туралы жазғанбыз.