Artem Balashevsky/pexels.com

2028 жылға қарай жүк тасымалы екі есе артады

15.07.2025 10:27

Мемлекет басшысының жолдарды қайта реконструкциялау және өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру 2028 жылға қарай жүк тасымалын екі есеге арттырады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Үкіметте еліміздің 2025 жылғы қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылау кезінде ондағы транзиттік-көлік саласының зор үлесі аталып өтті.

Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай резервтер бар. Осы ретте көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру шараларын жеделдетуді тапсырамын. Оның ішінде алдағы жылдары 3 мың шақырымнан астам автокөлік жолын күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізі аясында жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуға тиіс. Бұл шаралар 2028 жылға қарай әуе көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін, сондай-ақ 2027 жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса егін орағы мен жылыту маусымына дер кезінде дайындалу үшін ішкі тасымал көлемін ұлғайту қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысы кезінде.
2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша еліміздің көлік саласы 22,7%-ға өсті. Мұндай мәліметтерді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев келтірді.

Саланың өсу динамикасына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер етті. Бұл көрсеткіш 550,7 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9 %-ға жоғарлады. Оның ішінде автомобиль көлігімен жүк тасымалы 1,8 %-ға, теміржол көлігімен жүк тасымалы 12,4 %-ға және құбыр арқылы тасымалдар 18,2 %-ға артты.

Жолаушылар тасымалы 10,5%-ға өсіп, 928 млн жолаушыны құрады. Жүк тасымалы көлемінің өсуі экономиканың базалық секторының дамуы есебінен қамтамасыз етілді, атап айтқанда тау-кен металлургиясы, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларының есебінен өсті.