El.kz

2026 жылы жұмыссыздарға қандай әлеуметтік төлем беріледі?

19.02.2026 09:05

Жұмыстан айырылған сәтте бірден ақша мәселесі ойға оралады. Пәтерақы, несие, күнделікті азық-түлік секілді түрлі шығын кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Осындайда мемлекеттен жұмыссыздарға уақытша әлеуметтік төлем алуға болатынын білесіз бе? Ендеше, оны қалай рәсімдеуге болады, қандай талаптар бар, бірге қарап шығайық.   

Қазақстанда қанша жұмыссыз бар?

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жұмысынан айырылған азаматтарға  жәрдемақы төлейді.  2025 жылдың қорытындысы бойынша, қор 354,2 мың адамға әлеуметтік көмек көрсеткен. Соның ішінде 311,9 мың адам төлемді алғаш рет рәсімдеген. Бір жылдың ішінде қор тарапынан берілген қаражаттың жалпы көлемі 130,4 млрд теңгеге жетті.

Жұмыссыздық жәрдемақысын кімдер ала алады?

Жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алу үшін азамат алдымен ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Бұл мәртебе әртүрлі себеппен жұмыстан айырылған адамдарға беріледі. Мысалы, штат қысқарса, өз еркімен жұмыстан шықса, кәсіпорын жабылса осы төлемге өтініш бере аласыз.

Заң талаптарына сай жәрдемақы тек еңбек қатынасы тоқтатылған қызметкерге ғана тағайындалады. Сонымен қатар барлық мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйе арқылы тексеріледі. Жұмыс беруші тарапынан әлеуметтік сақтандыру қорына кемінде алты ай міндетті аударымдар жасалуы шарт. Тексеру аяқталмайынша, жұмыссыз мәртебесі рәсімделмейді.

Әлеуметтік төлемге Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ табыссыз қалып, жұмыс іздеп жүрген шетел азаматтары да өтініш бере алады.

Жәрдемақы қандай жағдайда берілмейді?

Жұмыссыздыққа байланысты әлеуметтік төлем кейбір санаттағы адамдарға берілмейді. Олардың қатарына – студенттер мен мектептің жоғары сынып оқушылары, зейнеткерлер, жұмысы бар азаматтар, сотталғандар мен жалған құжат тапсырғандар кіреді.

Айта кетерлігі, төлем тағайындалмай тұрып, мансап орталығы сізге жұмыс ұсынады. Тиісінше не келісім бересіз не бас тартасыз. Егер жұмысқа орналассаңыз, тіпті уақытша болса да, жәрдемақы төлеу бірден тоқтатылады.

Жәрдемақы мөлшері қалай есептеледі?

Жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемнің көлемі әр адамға әртүрлі есептеледі. Мұнда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне, кейінгі екі жылдағы ресми табысқа қарай анықталады. Қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен төленеді. Ал ең жоғары мөлшері бұрынғы жалақының шамамен 45 пайызына дейін жетуі мүмкін.

Есептеу кезінде кейінгі 24 айдағы орташа айлық табыс арнайы коэффициентке көбейтіледі: базалық коэффициент (қазір – 0,45) және еңбек өтілі коэффициенті.

Еңбек өтілі коэффициенті мынадай тәртіппен белгіленеді:

  • 6 айдан 1 жылға дейін – 0,7;
  • 1 жылдан 2 жылға дейін – 0,75;
  • 2 жылдан 3 жылға дейін – 0,85;
  • 3 жылдан 4 жылға дейін – 0,9;
  • 4 жылдан 5 жылға дейін – 0,95;
  • 5 жылдан жоғары – 1,0.

Егер әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзімі 5 жылдан асса, әр толық жыл үшін 1,0 коэффициентіне қосымша 0,02 үстемелейді, бірақ жалпы көрсеткіш 1,3-тен аспайды.

Сондай-ақ жұмыссыздық төлемі тағайындалған кезде оның 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде ұсталады.

Жәрдемақы қанша уақытқа беріледі?

Жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемнің ұзақтығы міндетті әлеуметтік аударымдардың қанша уақыт жүргізілгеніне қарай белгіленеді.

Төлем 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады:

  • 6 айдан 12 айға дейін аударым болса – 1 ай;
  • 1 жылдан 2 жылға дейін – 2 ай;
  • 2 жылдан 3 жылға дейін – 3 ай;
  • 3 жылдан 4 жылға дейін –  4 ай;
  • 4 жылдан 5 жылға дейін – 5 ай;
  • 5 жыл және одан көп болса – 6 ай төленеді.

Яғни, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзімі ұзарған сайын жәрдемақы алу кезеңі де ұзарады.

2026 жылы төлемді қалай алуға болады?

Биыл жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аударымына,  кейінгі 24 айдағы табысқа байланысты тағайындалады. Мерзімі – 1 айдан 6 айға дейін. Оның мөлшері бұрынғы жалақының шамамен 45 пайызына дейін жетуі мүмкін. Қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен беріледі.

Төлем рәсімдеу үшін алдымен eGov.kz порталына кіріп, «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміндегі «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау керек. Онлайн өтінімді толтырып, электронды цифрлық қолтаңбамен растағаннан кейін сұраныс жіберіледі. Бір тәулік ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде азаматқа қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі, қажет болса орталық мамандары қосымша мәлімет алу үшін хабарласады. Бұл қызметті Электрондық еңбек биржасы – enbek.kz арқылы да пайдалануға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы дерек түскен соң, Еңбек министрлігінің жүйесі проактивті түрде мобильді телефонға SMS жолдап, МӘСҚ төлемін тағайындауға келісім сұрайды. Хабарламаға жауап берілгеннен кейін жәрдемақы автоматты түрде рәсімделеді.

Қандай жағдайда жәрдемақы берілмеуі мүмкін?

Кейде жүйе төлем тағайындауға өтініш қабылдау кезеңінде-ақ құжатыңызды кері қайтаруы мүмкін. Мысалы, бұрын осы төлемді рәсімдесеңіз немесе проактивті түрде өтініш жіберілген болса, құжаттар толық тапсырылмаса не мерзімі өткен анықтама ұсынылса, жеке куәлік деректері базадағы ақпаратпен сәйкес келмесе, сондай-ақ азаматтың өзі төлем алуға жатпайтын санатқа (студент, оқушы, зейнеткер, жұмыс істеп жүрген адам) кірсе, өтініш қабылданбайды. Бұдан бөлек, дербес мәліметтерді өңдеуге келісім бермесеңіз, кейінгі 24 айда әлеуметтік аударымдар түспесе немесе міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне аударым кезеңі  6 айдан аз  болса, төлем ала алмайсыз. 

Құжаттар қабылданғаннан кейін де төлем бекітілмеуі ықтимал. Егер тексеріс барысында жалған немесе күмәнді мәлімет анықталса, жәрдемақы шарттарына сәйкес келмейтін ақпарат берілсе немесе қор сұратқан қосымша құжаттар уақытында ұсынылмаса, өтініш қанағаттандырылмайды.

Жәрдемақы төлеу қашан тоқтатылады?

Жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем бірнеше жағдайда тоқтатылуы мүмкін. Ең алдымен, егер азамат жалған құжат тапсырғаны анықталса, оның жұмыссыз мәртебесі күшін жояды және төлем тағайындалған күннен бастап бірден тоқтатылады.

Алушы өз еркімен бас тартса, жәрдемақы өтініш берген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап төленбейді. Сондай-ақ азамат жұмыссыздар тізімінен шығарылған жағдайда да төлем келесі айдың басынан тоқтатылады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған кезде әлеуметтік төлем тиісті ақпарат тіркелген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап берілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін көлікті тиімді бағамен қалай алуға болатыны жайлы жазған едік.