2026 жыл жастар үшін ерекше кезең болмақ. Бұл жыл жаңа бастамалар мен батыл қадамдарға серпін беріп, қаржы мен білімге қызығушылықты арттырады. Ал жеке өмірге қатысты жағдай қалай? Отбасын құру үшін қай айлар қолайлы, ал қай айларда той жасауға болмайды? Осы және басқа да жастарға қатысты тақырыптарды нумеролог Құралай Бақыт тарқатып айтып берді.
Нумерологияға сүйенсек, 2026 жылдың саны – 1. Бұл – жаңа бастамаларға жол ашатын, алдағы тоғыз жылдық циклдың негізін қалайтын ерекше кезең.
2026 жыл жылдамдық, жаңару және түбегейлі өзгерістермен есте қалады. Қоғам цифрландыруға, автоматтандыруға және заманауи технологияларға бұрынғыдан да жақындай түседі. Спорт, IT, ғылым мен денсаулық салалары айрықша қарқын алады, – дейді нумеролог Құралай Бақыт.
Алдағы жыл өзгерістерге бейім, тез әрекет ететін жастар үшін мүмкіндіктерге толы болмақ.
2026 жылы заманауи ойлайтын адамдар алға шығады. Баяу, өзгеріске қарсы адамдар мүмкіндіктерді жіберіп алады. Жастарға жылдам шешім қабылдауды, шапшаң болуды үйрену керек. Бұл – өз идеяларын жүзеге асырып, өзін көрсететін өте күшті жыл, – деді ол.
Нумерологтың айтуынша, 2026 жылы жастар арасында қаржы сауаттылығы мен білімге деген қызығушылық артады. Жастар ақша жинауға, болашаққа жоспар құруға бейімделеді. Бұл жыл үнемдеуден гөрі дұрыс жинақтауды үйрететін кезең болмақ.
2026 жылы жастар қаржыны жинап үйренеді, ақшаға деген көзқарасы өзгереді. Көп адам білімге құштар болады. Білімге салынған инвестиция кейін міндетті түрде қайтады, – деді ол.
Құралай Бақыт жастарға 2026 жылы депозит ашып, қаржылық жоспарлауға ертерек кірісуге кеңес береді. Бұл жылы ақшаны дұрыс басқару, бюджет жоспарлау дағдысы қалыптасады. Сонымен қатар денсаулыққа көңіл бөлу де маңызды болмақ.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жылдың жоғары энергиясы адамдарды батыл қадамдарға жетелейді. Бұрын ұзақ ойланып жүргендер үшін жеке өмірге қатысты нақты шешім қабылдайтын уақыт туады. Алайда эмоцияға берілмеу де аса маңызды.
Бұл өте эмоционалды, жылдамдықты талап ететін жыл. Бойдақтарға үйленуге серпін береді. Ұзақ ойланып жүрген адамдар аяқ астынан шешім қабылдауы мүмкін. Ал отбасылы адамдар эмоцияға берілмей, сабырлы болғаны дұрыс, – деді ол.
Нумеролог 2026 жылды отбасын құруға қолайлы жылдардың қатарына жатқызады. Дегенмен әр айдың өз энергетикасы бар. Сол себепті той күнін таңдауда абай болған жөн.
2026 жыл – үйленуге қолайлы жыл. Наурыз, шілде, тамыз, қыркүйек айлары отбасын құруға өте сәтті. Ал мамыр мен маусым айларында той жасамаған жөн, – деді Құралай Бақыт.
Жалпы жыл позитивті болғанымен, кей айларда сақ болған абзал. Әсіресе күздің соңғы айларында эмоцияға ерік бермеген дұрыс.
Қазан, қараша айларында арандатудан сақ болған жөн. Жаз айларында от стихиясы күшейеді. Жалпы алғанда жыл жақсы, қатты қауіп төндіретін кезең жоқ, – деді нумеролог.
Құралай Бақыт 2026 жылды жаңа кәсіпті игеруге, өз миссиясын табуға дайындайтын кезең деп санайды.
2026 жыл адамды заманауи болуға бейімдейді. Жасанды интеллект пен автоматтандыру – жаңа дәуірдің бастауы. Оны қабылдаған адамдар алдағы тоғыз жылға фундамент құяды. Қарсы болғандар өздерін тежейді. Жастар үшін бұл жыл – кәсіп, спорт және IT саласында өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңа жылды депутаттар қалай қарсы алатыны жайлы жазған едік.

