©El.kz/Артем Чурсинов

2026 жылы Үкімет мұғалімдерге бұрынғыдан көбірек қаржы бермекші

Мәжілістің жалпы отырысында қаржы министрі Мәди Такиев «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырып, алдағы үш жылға арналған негізгі қаржылық бағыттарды жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрдің мәлімдеуінше, 2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға 6,8 трлн теңге бөлінбек.

Әлеуметтік саладағы басты жаңалық – әлеуметтік төлемдерді тағайындауда цифрлық тетіктерді енгізу және проактивті форматқа көшу. Бұл адами факторды азайтып, бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетуге және көмек көрсету процесін жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді Такиев.

Денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге қарастырылған. Министр атап өткендей, бұл – биылғы жылмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге артық қаражат және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Білім және ғылым саласына 2026 жылы 902 млрд теңге жоспарланып отыр. Бұл қаражат білім берудің сапасын арттыруға, дарынды жастарды қолдауға және ғылыми орталықтарды дамытуға жұмсалады.

Сондай-ақ мәдениет, туризм және спортты дамытуға келер жылы 263,5 млрд теңге бөлінбек.

Мемлекет басшысының орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары да бюджет жобасында ескерілді. Осыған байланысты, мемлекеттік қолдау шараларына кешенді талдау жүргізіліп, 2026 жылы экономиканың өсіміне тікелей әсер ететін шығындар көлемі шамамен 1,2 трлн теңге деңгейінде жоспарланған. Нақты секторды дамытуға бағытталған қаражат көлемі 540 млрд теңгеге артты және жалпы сомасы 3,7 трлн теңгені құрайды, – деді министр Мәжілістегі баяндамасында.

Бюджет жобасында 2026 жылы жалпы кірістер 23,1 трлн теңге, ал шығыстар 27,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Министрдің айтуынша, бюджет тапшылығы 2026 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 2,5%-ды, ал 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендеуі күтілуде.

Одан бөлек, өңірлерді дамытуға 2026 жылы 300 млрд теңге, ал әкімдіктердің дербестігін арттыру мақсатында трансферттер арқылы 5,1 трлн теңге бөлінуі жоспарланған. Қорғаныс саласына 3 трлн теңге қарастырылып, бұл жалпы ішкі өнімнің 1%-ын құрайды.

Министр сондай-ақ жаңа Бюджет кодексі аясында мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік сектордан бюджетке түсетін кірістердің нақты есебі де ұсынылғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2024 жылғы қорытынды бойынша республикалық бюджетке Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі – 11 млрд теңге, акционерлік қоғам акцияларының дивидендтері – 164,5 млрд теңге, ЖШС кірістері – 9 млрд теңге, Арнаулы мемлекеттік қордан – 490 млрд теңге және Ұлттық қорға республикалық мүлікті жекешелендіруден 900 млн теңге түскен.

Ұсынылып отырған бюджет параметрлері әлеуметтік және мемлекеттік міндеттемелерді уақытында орындауға, қаржы жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ экономикалық өсім мен инвестициялар тартуға барлық жағдайды жасауға мүмкіндік береді, – деді Мәди Такиев.