2026 жылы америкалық ірі технологиялық компаниялар жасанды интеллектті дамытуға рекордтық көлемде - шамамен 660 миллиард доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.
Төрт ірі компания - Amazon, Meta, Google және Microsoft - негізгі қаржыны деректерді өңдеу орталықтарын (ЦОД) салуға және ЖИ-ге арналған чиптерге бағыттамақ. Бұл шығын 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 60%-ға, ал 2024 жылмен салыстырғанда 165%-ға көп.
Алайда мұндай ауқымды инвестициялық жоспарлар инвесторлардың алаңдаушылығын күшейтіп, нарықтағы акция бағаларының төмендеуіне әсер етті. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ-ге жұмсалатын шығын табыстан әлдеқайда жылдам өсіп жатыр.
Bloomberg агенттігінің есебінше, аталған төрт компанияның ЖИ-ге жұмсайтын қаржысы 2026 жылы АҚШ-тағы 21 ірі корпорацияның (автоөндіріс, телеком, мұнай-газ, бөлшек сауда салалары) жалпы шығынынан да асып түседі. Ол компаниялардың жиынтық шығыны шамамен 180 млрд доллар болады деп күтіледі. Инвестициялық қор менеджері Джим Тирни бұл көлемді «таңғаларлық деңгей» деп бағалаған.
Financial Times дерегіне сәйкес, Google, Amazon және Microsoft компаниялары есеп беріп, ЖИ шығындарын арттыратынын жариялағаннан кейін олардың нарықтық капитализациясы жиынтығында 900 млрд долларға азайған.
Amazon акциялары 5 ақпандағы саудадан кейін 11%-ға төмендеді. Компания ІИ инфрақұрылымына 200 млрд доллардан астам қаржы бөлмек. Соған қарамастан, Amazon басшылығы ЖИ бағытындағы инвестициялар нәтиже беріп жатқанын айтады: Amazon Web Services бұлтты сервисінің табысы 24%-ға өскен.
Microsoft акциялары да арзандады - шамамен 18%-ға түсті. Компания табысы өскенін хабарлағанымен, деректер орталықтарын салу шығынының 66%-ға көбеюі инвесторларға кері әсер еткен. Сондай-ақ болашақ келісімшарттардың 45%-ы OpenAI компаниясымен байланысты болуы Microsoft-тың тәуелділігін арттырады деген пікір бар.
Google-дың материндік компаниясы Alphabet жылдық табысы 400 млрд доллар, пайдасы 132 млрд доллар екенін жариялағанымен, 2026 жылы ЖИ шығынын екі есеге - 185 млрд долларға дейін ұлғайтатынын мәлімдеді. Бұл да акция бағасына қысым жасады.
Meta компаниясының акциялары бір кезеңде 10%-ға өсті. Себебі компания инвесторларға ЖИ-дің жарнама өнімдерінің тиімділігін арттырып, нақты табыс әкеліп жатқанын көрсете алды. Бірақ кейін жалпы техсектордағы құлдырау әсерінен Meta акциялары да төмендеді.
Ал Apple бұл жарысқа белсенді түрде қосылған жоқ. Компания ЖИ шығындарын күрт арттырмаған. Соның аясында iPhone 17 сатылымының рекордтық көрсеткішіне байланысты Apple акциялары 7,5%-ға өсті.
Сарапшылар қазір нарықта «жасанды интеллект көпіршігі» (AI bubble) қалыптасуы мүмкін деген қауіп күшейіп келе жатқанын айтады. Өйткені ІИ-ге салынған инвестицияның нақты қайтарымы күтілгеннен ұзақ уақытта келуі ықтимал.
Жалпы алғанда, инвесторлар былтырғыға қарағанда биыл ірі технологиялық компанияларға сақтықпен қарай бастаған. ЖИ-ден бөлек бағыттардағы табысы өсіп жатса да, шығын көлемінің шамадан тыс ұлғаюы нарықтағы сенімді әлсіретіп отыр.

