2026 жылы қазақстандықтар визасыз баратын елдер
2026 жылы қазақстандықтардың саяхат географиясы айтарлықтай кеңейеді. Енді Қазақстан азаматтары визасыз Еуропа, Азия, Африкаға бара алады. Бұл – демалысқа, іскерлік сапарға немесе ұзақ мерзімді саяхатқа шығуды әлдеқайда жеңілдететін мүмкіндік. Ендеше, виза талап етілмейтін елдер қайсы? 2026 жылы отандастарымыз үшін ашық бағыттарды ұсынамыз.
Туроператор өкілі Ер-әлі Тілеуовтің айтуынша, 2026 жылы қазақстандықтар визасыз бара алатын елдердің қатары кеңейіп келеді. Қазіргі таңда визасыз бағыттар арасында Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр және жақында қосылған Үндістан бар. Сонымен қатар Қытай мемлекеті де визасыз елдердің қатарына енді.
Одан бөлек, Еуропадағы Белград (Сербия) пен Черногория елдері визалық режимге қатысты өзгерістер енгізіп, Қазақстан туристері үшін бұл бағыттардың қолжетімділігін арттырып отыр. Биыл осы елдер қазақстандық туристік нарықты дамытуға айтарлықтай үлес қосуда.
Туристер үшін биылғы жылы визасыз режимде ашылып жатқан маңызды бағыттардың бірі – Вьетнам. Біз бұл елге арнайы туристік бағыттарды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ жазғы маусымда Түркияның Анталия өңірі, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр және Үндістан бағыттары белсенді түрде ашылады, – деді.
Туроператоры өкілінің айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық туристер тек стандартты, үйреншікті бағыттармен шектеліп қалмай, біртіндеп жаңа елдерге де саяхаттай бастады. Сонымен қатар оңайлатылған визалық режим арқылы Алматы мен Астана қалаларынан Ларнака мен Солтүстік Кипрге бару мүмкіндігі бар. Бұл елдер туристерге жеделдетілген және ұлттық визалар береді.
Алдағы жылдары Грекия мемлекетінің де қазақстандықтар үшін визасыз режим енгізуі мүмкін деген үміт бар. Бұл бағытта келіссөздер мен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда түбегейлі өзгерістер көп болмаса да, жағымды жаңалықтар жеткілікті, – деді Ер-әлі Тілеуов.
Сондай-ақ туроператоры өкілінің сөзінше, тікелей әуе рейстерінің саны артып келеді. Мәселен Қазақстанның әр өңірінен Түркияның Анталия қаласына тікелей рейстер бар. Вьетнам бағыты бойынша да бірнеше рейс ашылуда. Бұдан бөлек, Қытайдағы Хайнань аралына жаз бойы тікелей рейстер жүзеге асып, визасыз режим қолданылып отыр. Осындай жаңа бағыттар алдағы уақытта да көбейе береді деді.
Еуропа
Еуропадағы визасыз бағыттар негізінен Балқан және ТМД елдеріне шоғырланған. Бұл аймақ – тарихы, мәдениеті және табиғаты жағынан қызықты.
Албания – 90 күнге дейін
Жерорта теңізі жағалауындағы бұл ел – табиғаты мен бағасының қолжетімділігімен танымал. Жазғы демалыс үшін таптырмас бағыт.
Армения – 90 күнге дейін
Қазақстанмен тығыз байланыстағы ел. Таулы табиғат, тарихи ескерткіштер және ұлттық асханасы туристерді қызықтырады.
Беларусь – 30 күнге дейін
Мәдениеті ұқсас, тарихи қалалары мен таза табиғатымен ерекшеленеді.
Молдова – 30 күнге дейін
Шарап туризмімен әйгілі. Еуропадағы ең тыныш әрі арзан елдердің бірі.
Ресей – 90 күнге дейін
Іскерлік, білім және туристік мақсаттағы сапарлар үшін қолайлы.
Сербия – 90 күнге дейін
Балқан түбегіндегі қонақжай ел. Музыка фестивальдері мен тарихи қалалары бар.
Черногория – 30 күнге дейін
Адриатика теңізі, таулы пейзаждар мен курорттарымен танымал.
Украина – 90 күнге дейін
Мәдени-тарихи мұралары мол ел (сапар алдында қазіргі жағдайды ескеру қажет).
Азия
Азия – қазақстандықтар үшін ең танымал бағыт: жағажай демалысы, таулар, мәдениет және қолжетімді бағалар.
Қытай – визасыз (қысқа мерзімге)
Туристік және іскерлік бағытта шектеулі мерзімге визасыз кіруге мүмкіндік бар.
Түркия – 90 күнге дейін
Қазақстандықтар ең көп баратын елдердің бірі. Демалыс, шопинг және медицина туризмі дамыған.
БАӘ – 30 күнге дейін
Дубай мен Әбу-Даби – заманауи инфрақұрылым мен люкс демалыстың орталығы.
Малайзия – 30 күнге дейін
Экзотикалық табиғат, мегаполис пен жағажай демалысын қатар ұсынады.
Вьетнам – 30 күнге дейін
Бағасы қолжетімді, теңіз жағалауы мен ұлттық асханасы танымал.
Тайланд – 30 күнге дейін
Туризмнің барлық түрі дамыған ел: жағажай, мәдениет, түнгі өмір.
Моңғолия – 90 күнге дейін
Көшпелі мәдениет пен кең дала табиғатын сезінгісі келетіндерге арналған бағыт.
Әзірбайжан – 30 күн (тіркеусіз)
Тарих пен заманауи архитектура үйлескен ел. Асханасы қазақтарға жақын.
Гонконг – 14 күн
Қаржы орталығы әрі заманауи мегаполис. Қысқа сапарға ыңғайлы.
Грузия – 365 күн
Ең ұзақ визасыз режим. Көп қазақстандықтар қыстап шығу үшін осы елді таңдайды.
Иран – 14 күн
Тарихи қалалар мен мәдени туризмге қызығатындар үшін.
Катар – 30 күн
Жаңа туристік бағыт. Заманауи қала мен шөл туризмі дамып келеді.
Оңтүстік Корея – 30 күн (K-ETA қажет)
Алдын ала электронды рұқсат алу міндетті. Медицина және білім туризмімен танымал.
Қырғызстан – 30 күн (тіркеусіз)
Жақын әрі табиғаты әсем ел. Демалыс пен қысқа сапарларға ыңғайлы.
Макао – 14 күн
Ойын-сауық пен туризм орталығы.
Мальдив аралдары – 30 күн
Романтикалық және люкс демалыс үшін ең танымал бағыттардың бірі.
Оман – 30 күн
Араб мәдениетін тыныш форматта сезінуге мүмкіндік береді.
Тәжікстан – 30 күн (тіркеусіз)
Таулы аймақтарды ұнататын саяхатшылар үшін.
Өзбекстан – 30 күн (тіркеусіз)
Тарихи қалалар: Самарқанд, Бұхара, Хиуа.
Филиппин – 30 күн
Тропикалық аралдар мен жағажай демалысы.
Африка
Африка бағыттары экзотикалық демалыс үшін тамаша: жағажайлар мен табиғат.
Марокко – 30 күн
Африка мен араб мәдениеті тоғысқан ерекше ел.
Тунис – 90 күн
Жерорта теңізі жағалауы, көне Карфаген қаласы бар.
Сейшель аралдары – 30 күн
Ақ құмды жағажайлар мен экологиялық туризмнің орталығы.
2026 жылы қазақстандықтар үшін визасыз елдердің географиясы өте кең. Дегенмен, сапар алдында паспорттың жарамдылық мерзімін, қайту билеті, қонақүй және қаржылық талаптарды алдын ала тексеру маңызды. Кей елдерде визасыз режим болғанымен, қосымша электронды рұқсат немесе тіркеу талап етілуі мүмкін.

