2026 жыл қазақстандықтар үшін демалыс тұрғысынан ыңғайлы. Әсіресе мемлекеттік және ұлттық мерекелердің аптаның сәтті күндеріне сәйкес келуі бес күндік жұмыс кестесімен еңбек ететін азаматтар үшін тіпті қолайлы болмақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Күнтізбеге зер салсақ, жыл бойы қатарынан үш күн және одан да көп демалуға мүмкіндік беретін «ұзақ уикендтер» жиі кездеседі. Мұндай қолайлы жағдай отбасылық демалысты алдын ала жоспарлауға, сапарлар мен турларды ертерек броньдауға және еңбек пен тынығу арасындағы тепе-теңдікті сақтауға жол ашады.
Жаңа жыл демалыспен басталды
Жыл дәстүрлі түрде ұзақ демалыспен басталды. Қаңтар басталысымен қатарынан төрт күн демалған қазақстандықтар апта ортасында тағы бір тынығып алады. Себебі 7 қаңтар – Рождество мерекесі сәрсенбіге тура келеді және ресми демалыс күні болып саналады. Аптаның ортасында берілетін бұл үзіліс те жұмыс қарқынын жеңілдетеді.
Көктем: наурыз бен мамыр – мейрамға толы кезең
2026 жылдың көктемі демалыс күндерінің саны жағынан нағыз рекордшы кезең болмақ.
Наурыз айында қазақстандықтарды бірден бірнеше мерекелік демалыс күтеді:
- 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні: 7-9 наурыз аралығы, қатарынан үш күн демалыс;
- Наурыз мейрамы: 21-25 наурыз – қатарынан бес күн демалыс. Бұл – көктемгі ең ұзақ әрі маңызды мерекелік апта.
Мамыр айы да демалысқа бай:
- 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні: 1-3 мамыр, үш күн демалыс;
- 7 мамыр – Отан қорғаушы күні: бейсенбі, бір күн демалыс;
- 9 мамыр – Жеңіс күні: 9-11 мамыр аралығы, үш күн демалыс.
Бұдан бөлек, алдын ала есеп бойынша, Құрбан айт мерекесі 27 мамырға (сәрсенбі) түсіп отыр. Бұл күн де ресми демалыс болып белгіленеді.
Жаз: демалыс маусымын толықтыратын мерекелер
Жазғы кезең әдетте еңбек демалыстарымен тұспа-тұс келеді. 2026 жылы оны мемлекеттік мерекелер одан әрі әрлендіре түседі.
- Астана күні: 4-6 шілде аралығы – үш күн демалыс;
- Конституция күні: 29-31 тамыз – қатарынан үш күн демалыс.
Бұл күндер жазғы демалысты жоспарлаған азаматтар үшін қосымша мүмкіндік болмақ.
Күз бен қыс: маңызды даталармен аяқталатын жыл
Жыл соңында да қазақстандықтар демалыстан қағылмайды.
- 25 қазан – Республика күні: 24-26 қазан аралығы, үш күн демалыс;
- 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні: сәрсенбіге сәйкес келеді және ресми мерекелік демалыс саналады.
Жалпы алғанда, 2026 жыл – демалысты тиімді жоспарлауға таптырмас жыл. Ұзақ уикендтердің көптігі азаматтарға жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, ішкі және сыртқы туризмге көңіл бөлуге, отбасымен және жақындарымен көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Сондықтан биылғы жылдың күнтізбесін ертерек қарап, демалыс жоспарларын алдын ала жасаған жөн.

