©El.kz

2026 жылы ескі көліктердің салығы өзгереді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде көлік салығын төлеу тәртібі жаңартылады. Ең басты жаңалық – ескі көліктердің иелеріне айтарлықтай жеңілдіктер беріледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жасы 10 жылдан 20 жылға дейінгі автокөліктердің салығы 30%-ға төмендейді.

20 жылдан асқан машиналар үшін салық мөлшері екі есе (50%-ға) қысқарады.

Мәселен, бұрын 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде төленетін салық үшін енді небәрі 7,5 АЕК төлеу жеткілікті болады.

Сонымен қатар қуатты қозғалтқышы бар автокөліктерге қатысты қосымша жоғары мөлшерлемелер алынып тасталды. Енді бірыңғай шкала қолданылады:

Қозғалтқыш көлемі 3-4 литр болса – 15 АЕК және әрбір қосымша текше сантиметр үшін 7 теңге,

Қозғалтқыш көлемі 4 литрден асса – 117 АЕК.

Бұл сомаға да көліктің жасына байланысты жеңілдіктер қолданылады.

Қымбат көліктерге жаңа акциз салығы енгізіледі

Бағасы 70 миллион теңгеден асатын (18 мың АЕК шамасында) люкс-санаттағы көліктер тіркеу немесе сату кезінде қосымша 10% акциз салығымен салықтандырылады.

Толықтай босатылатын санаттар

Белгілі бір әлеуметтік топтар көлік салығынан толық босатылады. Олардың қатарында:

  • Ұлы Отан соғысының және басқа да соғыс ардагерлері,
  • Көпбалалы отбасылар,
  • Мүгедектігі бар азаматтар,
  • Шаруа қожалықтары,
  • Кейбір ұйымдар бар.

Яғни көлік ескірген сайын салығы азаяды, бірақ қымбат әрі элиталық машиналарға қосымша жүктеме енгізіледі.

Есептеулер мен нақты мысалдар

Қазақстанда көлік салығы қозғалтқыш көлеміне, автокөліктің жасына және айлық есептік көрсеткішке (АЕК) сүйене отырып есептеледі.

Mercedes-Benz CLS 500 (2005 ж., қозғалтқыш көлемі – 5 литр, бағасы – шамамен 8,5 млн теңге). Бұрынғы салық – 430 мың теңге. 2026 жылдан кейін 50% жеңілдікпен бұл сома 215 мың теңгеге дейін азаяды. Иесі жылына шамамен 215 мың теңге үнемдейді.

BMW X5 (2004 ж., қозғалтқыш көлемі – 4,4 литр, бағасы – 6 млн теңге). Бұрынғы салық – 380 мың теңге. Жаңа ережеге сәйкес ол 190 мың теңгеге дейін төмендейді.

Осылайша, жаңа ережелер қарапайым автокөлік иелеріне айтарлықтай жеңілдік әкелмек, алайда қымбат көлік иелеріне қосымша акциз енгізіледі.

Ескі люкс-көліктерге салық екі есе азаяды

Toyota Land Cruiser Prado (2004 ж., қозғалтқыш көлемі – 4 литр, бағасы шамамен 7,7 млн теңге). Бұрынғы салық мөлшері – 350 мың теңге, жаңа ережеге сәйкес ол 175 мың теңгеге дейін қысқарады.

Lexus LX 470 (2005 ж., 4,7 литр, бағасы 11,5 млн теңге). Бұрынғы салық – 410 мың теңге. 2026 жылдан бастап иесі 205 мың теңге ғана төлейді.

Porsche Cayenne (2004 ж., 3,2 литр, шамамен 6,8 млн теңге). Бұрынғы салық – 300 мың теңге, ал жаңа жүйе бойынша – 150 мың теңге.

Bentley Continental Flying Spur (2005 ж., қозғалтқыш көлемі – 6 литр, бағасы 15,9 млн теңге). Бұрынғы төлем көлемі – 500 мың теңгеден артық болса, енді бар болғаны 250 мың теңге.

Land Rover Range Rover Sport (2006 ж., 4,2 литр, бағасы 6,9 млн теңге). Салық көлемі 370 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін төмендейді.

Бұл не білдіреді?

Салықтың 50%-ға қысқаруы ескі люкс-көліктерді ұстауды айтарлықтай арзан етеді. Кейбір модельдер үшін жыл сайынғы үнем 200–250 мың теңгеге жетуі мүмкін. Әрине, қымбат жанармай мен қосалқы бөлшектерді ескерсек, жалпы шығындар азаймайды, бірақ салық жеңілдігі иелеріне жеңілдік береді.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгеріс екінші нарықтағы сұранысқа әсер етуі мүмкін: бұрын салығы ауыр деп алудан қашқан адамдар қазір ескі BMW, Mercedes немесе Bentley секілді көліктерге көбірек қызығуы ықтимал.

Сарапшылар пікірі

Сараптамалық топ жетекшісі Сергей Домнин жаңа ережелерге баға беріп, былай деді:

Көлік салығы бюджеттің негізгі көзі емес. 2024 жылғы дерек бойынша, ол жергілікті бюджет кірісінің небәрі 2%-ын ғана құрайды. Бұл – негізінен салықтық ынталандыру құралы, – деді ол.

Оның айтуынша, көптеген дамыған елдерде, керісінше, көлік ескірген сайын салық өседі, бұл автопаркті жаңартуға және зиянды шығарындыларды азайтуға ынталандырады.

Алайда Қазақстанда басқа жол таңдалды. Сарапшының пайымдауынша, бұл шешім ҚҚС мөлшерлемесінің өсуінен кейін ең осал топтардың жүктемесін азайтуға бағытталған тактикалық қадам.

Экономикалық тұрғыдан бұл ең тиімді шешім емес, бірақ әлеуметтік тұрғыдан түсінікті, – деді Домнин.

Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Магбат Спановтың бұл мәселеге қатысты көзқарасы бөлек:

2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оның аясында көлік салығының төмендеуі экономикалық себептерге емес, саяси мүдделерге байланысты. Экономика мен экология тұрғысынан бұл дұрыс емес, бірақ ішкі саясат тұрғысынан қисынды шешім, – деді ол.

Сарапшылар ескерткен қауіп

Үкімет бұл өзгерістерді автокөлік иелерінің жүктемесін жеңілдету үшін жасалғанын айтады. Жеңілдіктер миллиондаған көлікке әсер етпек.

Дегенмен мамандар бұл қадамның кері әсері болуы мүмкін деп отыр: себебі қазақстандықтар ескі, экологияға зиянды көліктерді әрі қарай да пайдалануды жалғастыра береді, ал бұл жайт автопарктің жаңаруын баяулатады.