2026 жылы елімізде көктем мен жаз қандай болады
«Қазгидромет» мамандары 2026 жылдың сәуір-қазан айларына арналған маусымдық ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Синоптиктер мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болады, ал жаздың соңына қарай жауын-шашын тапшылығы сезіледі.
Сәуір
Сәуір айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан шамамен 1 градус жоғары болады. Ал Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығысында және оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында температура нормаға жуық сақталады.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда әр екінші адам артық салмақтан зардап шегеді
- «Ертең істей саламын»: адам бойындағы жалқаулық қайдан пайда болады?
Жауын-шашын қалыпты деңгейде болады деп күтіледі. Дегенмен батыс өңірлерде (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары), сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыста (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары, Жетісу, ШҚО және Абай облысының оңтүстік-шығысында) мөлшері нормадан көп болуы ықтимал.
Мамыр
Мамырда да ауа температурасы ел аумағының басым бөлігінде нормадан шамамен 1 градус жоғары болады. Шығыс, оңтүстік-шығыс және орталықтағы кейбір өңірлерде көрсеткіш қалыпты деңгейге жуықтайды.
Жауын-шашын қалыпты мөлшерде болады. Алайда солтүстік облыстарда (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола) және батыс пен орталықтың жекелеген аймақтарында нормадан аз түсуі мүмкін.
Маусым
Жаздың алғашқы айында ауа температурасы еліміздің көп бөлігінде нормадан 1-2 градус жоғары болады. Шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда қалыпты деңгейге жақын.
Жауын-шашын негізінен нормаға сай, бірақ Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Атырау мен орталықтың кей өңірлерінде аз түсуі ықтимал.
Шілде
Шілдеде ел бойынша температура қалыпты болады. Алайда батыс өңірлерде (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары) аптап ыстық нормадан 1-2 градус жоғарылайды.
Оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс және орталықта жауын-шашын мөлшері артса, батыста, керісінше, азаяды.
Тамыз
Тамызда қайтадан ыстық күшейіп, температура көп өңірде нормадан 1-2 градус жоғары болады.
Жауын-шашын аз түседі. Батыс, солтүстік және оңтүстік-шығыста ғана нормаға жуық болуы мүмкін.
Қыркүйек
Күздің алғашқы айында да температура шамамен 1 градус жоғары болады. Жамбыл, Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында және бірқатар орталық өңірде ауа райы қалыпты деңгейге жақын болады.
Жауын-шашын көбіне нормадан төмен, кейбір солтүстік, шығыс және оңтүстік аймақтарда ғана қалыпты мөлшерде күтіледі.
Қазан
Қазанда жылы ауа райы сақталып, температура елдің басым бөлігінде тағы да шамамен 1 градус жоғары болады.
Жауын-шашын аз болады, тек батыс пен оңтүстік-шығыстың жекелеген өңірлерінде нормаға жуық болуы ықтимал.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың жылы маусымы Қазақстанда әдеттегіден ыстық болуы мүмкін, қуаңшылық күтіледі. Синоптиктер әсіресе жаздың екінші жартысында ылғал тапшылығы күшейетінін ескертеді.
Бұған дейін Nvidia ауа райын дәл болжайтын жасанды интеллект модельдерін таныстырған болатын.

