fingramota.kz

2026 жылдан бастап кімдердің ақша аударымдары тексеріледі?

2026 жылдан бастап Қазақстанда кімдердің ақша аударымдары тексерілетіні жөнінде, Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдардың қандай жағдайда бақылауға алынатыны жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Комитеттің айтуынша, азаматтың кәсіпкерлік қызметтен табыс тауып отыр деген күдік тудыратын бірқатар белгілер бар. Бұған дейінгі талап тек түсімдердің санына байланысты болатын: егер үш ай бойы 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша келсе, тексеру жүргізілетін. Енді жаңа ережеде қосымша өлшем енгізіліп отыр. Сол кезеңдегі барлық түсімдердің жалпы сомасы қаржы жылы басталар кездегі ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен артық болуы керек.

Жаңартылған Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап қазақстандықтардың ақша аударымдары төмендегі жағдайларда бақылауға алынады:

  • Бір жеке тұлғаның кәсіпкерлікке арналмаған есепшотына үш ай қатарынан 100 және одан көп әртүрлі адамның ақша жіберуі;
  • Сол кезеңдегі түсімдердің жиынтығы қаржы жылының 1 қаңтарында белгіленген ең төменгі жалақының 12 еселенген көлемінен асып кетуі.

Айта кетейік, бұған дейін мобильді аударымдары көп тұлғаларға қандай хабарлама келетіні жөнінде хабарлаған едік.