2025 жылы сатып алуға ең тиімді әрі қолжетімді iPhone аталды
Мөлдір Қайнар тілші
iPhone 16e — 2025 жылы сатып алуға ең тиімді әрі бюджеттік iPhone үлгілерінің бірі. Бұл модель Қазақстан нарығында айтарлықтай арзандап, функционалдық мүмкіндіктеріне қарай оңтайлы таңдау саналады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2025 жылдың ақпан айының соңында iPhone 16e бағасы шамамен 478 800 теңге болған. Алайда қазіргі таңда бұл смартфонды орта есеппен 347 800 теңгеге, кей дүкендерде одан да арзан бағада сатып алуға болады.
Сарапшылар бұл құрылғының үш негізгі артықшылығын атап өтті:
1. Флагмандық деңгейдегі өнімділік
iPhone 16e Apple A18 процессорымен жабдықталған — дәл осы чип флагманды iPhone 16 моделінде де қолданылады. Бұл чип бейне көру, әлеуметтік желілерді пайдалану, көптапсырмалылық сынды күнделікті міндеттерді жоғары өнімділікпен орындауға мүмкіндік береді. 6,1 дюймдік форм-фактор смартфонды бір қолмен қолдануға ыңғайлы етіп, оны iPhone 5s секілді ықшам модельдермен салыстыруға негіз береді.
2. Жедел жады және жасанды интеллект мүмкіндіктері
Смартфонда 8 ГБ жедел жады бар, бұл көрсеткіш тек iPhone 15 Pro және одан кейінгі флагман үлгілеріне тән. Көбірек жедел жады — бұл қосымшалар арасында жылдам ауысу мен фондық тапсырмалардың тұрақты жұмыс істеуі деген сөз. Сондай-ақ, AI-функцияларды қолдауы — заманауи талаптарға сай смартфон екенін көрсетеді. Кем дегенде 4–5 жылдық бағдарламалық қолдауға ие болады деп күтілуде.
3. Жоғары автономдылық пен энергия тиімділігі
iPhone 16e энергияны тиімді пайдаланатын құрылғы ретінде ерекшеленеді. Мұндай нәтижеге үш фактор әсер етеді:
- шағын дисплей (қуат үнемдейді),
- энергияны үнемдейтін A18 чипі,
- және фирмалық C1 модемі.
Осының арқасында құрылғы бір рет толық қуаттағанда ұзақ уақыт жұмыс істейді, тіпті iPhone 14 Plus үлгісімен салыстыруға болады — алайда бағасы әлдеқайда арзан және батарея көлемі де кіші.
Бұған дейін телефон тіркелмесе, отыз күннен кейін бұғатталатыны туралы жазған едік.

