El.kz

2025 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар

23.12.2025 10:26

2025 жыл қазақ қоғамы үшін ұлы тұлғалармен қоштасу жылы болды. Жазушы Мұхтар Мағауин мен абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, классик қаламгерлер Дулат Исабеков пен Әкім Тарази, актер Асанәлі Әшімов, ақын Темірхан Медетбек пен Күләш Ахметова, фольклортанушы академик Сейіт Қасқабасов, этнограф Болат Бопай, ғарышкер Талғат Мұсабаев сынды тұлғалардың қазасы ұлттық жадыда тұтас бір дәуірдің үзіліп түскен тұсы ретінде қалмақ. Бүгін біз қазақ руханияты мен қоғамдық өміріне өшпес із қалдырған осы есімдерге тағзым етіп, олардың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін тағы бір мәрте саралаймыз.

Асанәлі Әшімов

21 желтоқсанда қазақтың аңыз актері Асанәлі Әшімов 89 жасына қараған шағында өмірден озды. Бүгін, 23 желтоқсанда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті актер, режиссер, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр.  Жерлеу рәсімі бүгін кейінірек «Кеңсай-1» зиратында өтеді.

Сахна саңлағы 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол театр институтында кәсіби білім алып шығармашылық еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында бастаған. Дарынды тұлға тек актер ғана емес режиссер және сценарист әрі ұлағатты ұстаз ретінде өнімді еңбек етті.

Өнегелі ғұмырында ол биік белестерді бағындырып 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағына ие болды. Ал 2017 жылы мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін Қазақстанның Еңбек Ері жоғары наградасымен марапатталды.

Асанәлі Әшімовтің есімі «Атаманның ақыры» мен «Транссібір экспресі» сынды тарихи кинотуындылар арқылы халық жадында мәңгі сақталды. Оның жарқын бейнесі мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет пен руханият тарихында өшпес із болып қалары сөзсіз.

Фото: Асанәлі Әшімов

Мұхтар Мағауин

2025 жылдың 9 қаңтарында бейсенбі күні Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин өмірден өтті. Ол өмірінің соңғы 18 жылдан астам уақытында шетелде тұрды.

11 қаңтарда Мұхтар Мағауинның АҚШ-тағы түріктің Diyanet Center of America мешітінде жаназа намазы оқылып, артынан  Парк Лаун мемориалдық зиратында жерлеу рәсімі өтті. Жаназаға жазушының ет жақын туыстарымен қатар Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаев және дипломаттар қатысты. Елші Ашықбаев қонағасыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан көңіл айту хатын оқыды.

Фото: Мұхтар Мағауин

Мекемтас Мырзахметұлы

11 қаңтарда Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Ол 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Жуалы (қазіргі Түлкібас ауданы), Майтөбе ауылында дүниеге келген.

Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, ясауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері мен шығыспен байланысы 1965 жылдан бастап ден қойылған.

Мекемтас Мырзахметұлы – отбасының кенжесі. Отбасында 12 бала болған. Бірі ашаршылық жылдары өмірден өтсе, енді бірі соғыстан оралмаған, арасында қызылшамен ауырып, дүниеден өткені бар. 12 баладан бір ұл, бір қыз қалған. Ата-анасы баласы жастай шешектен өле бергендіктен, "тастай қатты, бекем болсын" деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты.

Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.

Фото: Мекемтас Мырзахметұлы

Жабайхан Әбділдин

Ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, мемлекет қайраткері Жабайхан Әбділдин 93 жасында дүниеден өтті. Жабайхан Әбділдин 1933 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 

Ол - философия ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салған ғалым.

Жабайхан Әбділдиннің ғылыми еңбектері негізінен диалектикалық логиканың өзекті мәселелерін зерттеуге арналған. Ғалымның ғылыми басшылығымен 10 ғылым докторы, 40-қа тарта ғылым кандидаты дайындалды.

Жабайхан Әбділдин «Барыс» ІІ дәрежесімен, ТМД парламентаралық ассамблеясының «Достық» медальдарымен ,2022 жылы «Барыс» III дәрежесімен марапатталған.

Фото: Жабайхан Әбділдин

Нағыз “Тақиялы Періште” 

1 ақпанда “Тақиялы періште” фильміне негіз болған Сакко Қаратаев өмірден озды.Бұл туралы журналист Дархан Өмірбек әлеуметтік желіге жазды.

Қазақстандықтардың сүйікті фильміне айналған «Тақиялы періште» киносы шынайы оқиғаға негізделгенін білесіз бе? Фильмнің бас кейіпкері Тана емес – Айнагүл, ал Тайлақтың прототипі – Сакко есімді азамат болған.

Қаратаев Сакко Бейсекұлы 1937 жылы дүниеге келген. Оның әкесі халық жауы деп қуғындалып, сәби Сакко әкесін көрмей жетім қалған. Анасы Айнагүл жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, бәрін ел қатарына қосқан. Бірақ ең жуас, момын әрі үйленуге батылы жетпеген кенже ұлы – Сакко болды.

Жуас ұлы үйленбей қала ма деп алаңдаған анасы трамвайға отырып, болашақ келінін іздеуге кіріседі. Ол жол-жөнекей өзіне ұнаған қыздарды әңгімеге тартып, тұрмысқа шықпағандарын анықтаса, үйіне шайға шақырып отырған. Бірақ мұндай тәсіл нәтиже бермеген соң, медицина училищесінің қыздар жатақханасына барып, сондағы қыздармен таныса бастайды. Осылайша, Саккоға қалыңдық табу операциясы басталған.

Бұл оқиғаны Кәукен Кенжетаев өзінің ағасы Шәкен Аймановқа айтып бергенде, әйгілі режиссер бірден оны кино сюжетіне айналдыруды ойлайды. Нәтижесінде, 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмі экранға шығады.

1 ақпан күні Қаратаев Сакко Бейсекұлы 88 жасында өмірден өтті. Оның қызы Әлия Балапанова кезінде әкесінің тарихын көпшілікпен бөлісіп, оның әйгілі фильмнің басты кейіпкерінің прототипі екенін растаған болатын.

 

Дулат Исабеков 

21 ақпанда Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабеков 82 жасында дүниеден озды.

Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы "Ленин жолы" ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қызметінің әр жылдары қазақ теледидарының бас редакторы, "Жазушы" баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры, республикалық мәдени-сараптамалық "Мәдениет" журналының бас редакторы сынды лауазымды қызметтерді атқарған. Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры.

"Ақырамаштан наурызға дейiн", "Ескерткiш", "Социализм зәулiмi", "Конфронтация", "Талахан-186", "Бонапарттың үйленуi", "Ай-Петри ақиқаты", "Кемпiрлер", "Шалдар", "Тыныштық  күзетшiсi"  секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi. 

Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша "Гауһар  тас"  (1975), "Дермене"  (1994), "Тауқымет" ("Тiршiлiк" повесi бойынша, 1998), "Лоторея" ("Ержеткенше" повесі бойынша, 2013), "Балуан Шолақ" ("Жаужүрек" пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен "Әпке" атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.

Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы. "Әпке",  "Ертеңдi   күту", "Мұрагерлер", "Кiшкентай   ауыл", "Ескi үйдегi екi кездесу", "Тор", "Актриса", "Аққу-Жiбек", "Әншi құстар фестивалi", "Мұңлық- Зарлық" атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр. Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр. 2012 жылы жазушының 70  жасқа   толған   мерейтойына орай өткен "Исабеков әлемі" атты халықаралық театр фестиваліне алты отандық, алты шетел театрлары қатысты. 

2018 жылы "Қарғын" романы француз тіліне, "Ержеткенше" повесі БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді.

Фото: Дулат Исабеков

Нұрғиса Тілендиевтің жары, актриса Дариға Тілендиева

11 наурызда Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, актриса, композитор Дариға Тілендиева 79 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Дариға Тілендиева 1946 жылы 4 тамызда Алматы облысы Көксу ауданында дүниеге келген. «Қазақфильм» киностудиясының 2 жылдық курсын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын 1980 жылы бітірген. Алғаш рет «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Құлагер», содан кейін «Ақ машина», «Алты жасар Алпамыс», «Қоштасқым келмейді», «Жамбылдың жастық шағы», тағы басқа көркем фильмдерінде әр түрлі рөлдерді сомдады.

1993-2010 жылдар аралығында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінде конференьсе қызметін атқарды. Сонымен қатар Дариға Тілендікеліні «Қайран менің Нұрекем», «Қазақстан Республикам менің», «Қараталым», «Махамбет баба» атты көптеген ән-күйлердің авторы.

Фото: Нұрғиса Тілендиев пен Дариға Тілендиева

Болат Бопайұлы

Танымал этнограф Болат Бопай 65 жасында өмірден өтті. Болат Бопайұлы 1960 жылы ҚХР Шынжаң өлкесі, Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Қуертіс қаласында дүниеге келген.

Болат Бопайұлы кейінгі отыз жылда Қазақтың этнографиялық тақырбын терең қаузап, «Қазақ кəдесі», «Қазақ мінезі», «Қазақ таныған гүлдер», «Қазақ аспан есебі», «Қазақ түс жоруы», «Қазақ наурызнамасы», «Салт-дəстүр сөйлейді», «Бастаудан бахиға дейін», «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Ақыт ақиқаты», «Жазу шеберлігі» ,» Шетелдегі қазақ тұлғалары», » Сөз саралау өнері», » Əлдиден эфосқа дейін», «Қазақтың өлшем-мөлшер сөздері», «Қазақ жоқтау жырлары» сияқты 30-дан астам кітап жазған қаламгер. 

Фото: Болат Бопайұлы

Сейіт Қасқабасов

28 сәуірде белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасов дүниеден озды.

Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылы 24 маусым күні Семей қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Семей қаласының Жаңасемей бөлігіндегі №5 орта мектепке оқуға барады. 1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иснтитутының аспирантурасын бітірген. 1969 жылы «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.

Еңбек жолын 1970-1981 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшы әрі «Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы болып бастады. Кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет жөне өнер институтының ғылыми қызметкері, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым Академиясы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған. 

Фото: Сейіт Қасқабасов

Әкім Тарази

22 сәуірде Қазақстандық танымал жазушы, драматург, сценарист Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.

Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ 2023 жылы мамыр айында қаламгердің 12 томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өткен болатын.

Әкім Таразидің сценарийлері бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «алтын қорына» енді.

«Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де  драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.

1994 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды, 1997 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, 2002 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2011 жылы Прага қаласында Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығымен марапатталды. Сол жылы Англияда Ә. Таразидің «Қорқау жұлдыз» романы ағылшын тілінде жарық көрді. 2015 жылы «Отан» орденімен марапатталған. 2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері атанды.

Фото: Әкім Тарази
 

Темірхан Медетбек

10 мамырда қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Темірхан Медетбек өмірден өтті.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Темірхан Медетбектің өмірден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтады.

Темірхан Медетбек - өз заманының азаматтық үнін жеткізген, ұлттық болмыс пен тарихи жадының жарқын жыршысы бола білген үлкен жүректі ақын еді. Оның поэзиясы елдік пен ерлік рухын биікке көтеріп, ар мен намыс, ел мен жер туралы өршіл ой-толғамдарымен ұрпақ санасына терең сіңді. 

Диас Ахметшәріп

22 мамырда журналист Диас Ахметшәріп қайтыс болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі елімізге белгілі журналист Диас Ахметшәріптің мезгілсіз дүниеден озуына байланысты жақындарымен, қаламдас әріптестеріне көңіл айтады.

Белгілі спорт комментаторы Диас Ахметшәріп өмірінің 25 жылдан астам уақытын спорт журналистикасына арнады. Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастаған. Ұзақ жыл «Qazaqstan» телеарнасы мен «Хабар» агенттігінде қызмет етті. «Qazsport» телеарнасын басқарды. Олимпиада және Азия ойындарының, Әлем чемпионаттарының спорт шолушысы болған. Кейінгі жылдары Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының кеңесшісі, ал 2023 жылдан бастап Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі кеңестің құрамында болды.

Фото: Диас Ахметшәріп

 

Балтабек Қуандықов

7 маусымда қазақстандық көрнекті геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері, әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов өмірден өтті.

Балтабек Мұқанұлының бүкіл еңбек жолы еліміздің минералдық-шикізат базасын дамытуға, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, көмірсутек ресурстарын барлау мен игеруге ғылыми тәсілдерді енгізуге арналған еді.

Ол өзінің еңбек жолын 1971 жылы Биікжал мұнай барлау экспедициясынан бастаған. Жұмыс істеген жылдары ішінде Қарашығанақ, Жаңажол, Имашев, Кенбай, Әлібекмола, Арман және басқа да Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарын ашу мен игеруге зор үлес қосты. Ол “Қазақстанкаспийшельф”, Ұлттық мұнай-газ компаниясы “Қазақойл”, “Нельсон Ресорсиз Лимитед”, “Меридиан Петролеум” сияқты жетекші салалық компанияларды басқарды, сондай-ақ Chevron Overseas Petroleum халықаралық корпорациясында кеңесші болып еңбек етті.

Балтабек Мұқанұлы – Қазақстанның геологиясы мен мұнай-газ саласына арналған “Палеонтологиялық қалдықтар атласы”, “Мұнай-газ геологиясы терминдерінің глоссарийі” сынды іргелі еңбектерді қоса алғанда, 10 монография мен 80-нен астам ғылыми жарияланымның авторы атанған танымал ғалым.

Ол “Құрмет”, “Парасат”, ІІІ дәрежелі “Барыс” ордендерімен марапатталып, әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Фото: Балтабек Қуандықов

Қайрат Кемалов

17 шілдеде 68 жасында белгілі қазақ актері Қайрат Кемалов өмірден өтті. Қайрат Кемалұлы Кемалов 1957 жылы 8 қаңтарда Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келген.

1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын драма театр актеры мамандығы бойынша бітірген.

1978 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының, 1980-1983 жылдары, 1985-1994 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының, 1990-1995 жылдары Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері болған.

1995 жылғы қыркүйектен бері – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі.

Актер "Қазақ хандығы" – "Алмас қылыш" және "Алтын тақ" 20 сериялы фильмдер циклындағы Керей хан бейнесі арқылы, сондай-ақ көптеген күрделі образдарды шебер сомдап көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.

2017 жылы Қазақ хандығы – "Алмас қылыш" фильміндегі Керей хан рөлі үшін "Үздік ер рөлі" номинациясы бойынша марапатталған.

Сондай-ақ актер Түркияда, Африкада өткен халықаралық кино фестивальдерде "Ақ боз үй" көркем фильміндегі Пахраддин би рөлі үшін "Үздік ер адам рөлі" номинациясы бойынша марапатталған.

Фото: Қайрат Кемалов

Исраил Сапарбай

85 жасқа қараған шағында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы, ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай 18 шілде күні таңғы сағат төрт шамасында Қаскелеңдегі өз шаңырағында көптен меңдеген науқастан көз жұмды.

1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында туған.

Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң, бірнеше жыл Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген. 1973–1975 жж. Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. 1976–1983 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан. 1984 - 1985 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985–1992 жж. «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997–1998 жж. Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің І хатшысы, 1998–1999 жж. Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты. 

Фото: Исраил Сапарбай

Мұхтар Түменбай

21 шілдеде белгілі журналист, жазушы, отандық ақпарат кеңістігінде өз қолтаңбасын қалдырған тұлға Мұхтар Түменбай өмірден өтті.

Мұхтар Жақсылықұлы – өзінің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымымен ел есінде қалған тұлға еді. Ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, талай маңызды бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы атанды. Әсіресе, «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы елдегі маңызды оқиғаларға терең талдау жасап, көрерменнің құрметіне бөленді.

Сондай-ақ  тарихи-патриоттық деректі фильмдері жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух дарытып, ел тарихын ұмытпауға үндеді.

Фото: Мұхтар Түменбай

Талғат Мұсабаев

4 тамызда Атақты ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті. Ол 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Қарғалы ауылында дүниеге келген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

 Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын, — деп жазылған жеделхатта.

Ол Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын «Авиациялық радио жабдықтарын техникалық пайдалану» мамандығы бойынша, Алматыдағы армияға, авиация мен флотқа жәрдемдесу ерікті қоғамының аэроклубын, сондай-ақ Ақтөбе азаматтық авиациясының жоғары ұшқыштар училищесін тәмамдаған.

Ригада оқып жүргенде спорттық гимнастикадан КСРО құрамасына қабылданған. Спорттық гимнастикадан спорт шебері нормативін орындаған. Аталған спорт түрінен біраз жетістіктерге жеткен.

 

Фото: Талғат Мұсабаев

Ағымсалы Дүзелханов

21 тамызда қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелханов қайтыс болды.

Ағымсалы Дүзелханұлы Дүзелханов 1951 жылы 19 тамызда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келді. 1976 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1982 жылы В.И.Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет институтын тәмамдаған.

Қолданбалы графика, плакат, кітап безендіру, кескіндеме, портрет жанрларында еңбек етеді. Тарихи, фольклорлық тақырыптағы және балаларға арналған 200-ден астам кітапты, әлеуметтік және тарихи тақырыптағы 50-ден астам плакатты безендірген. "Томирис", "Сақтар", "Айман – Шолпан", "Қыз Жібек", т.б. литографиялардың "Алтын сарбаз", "Түркістан", "Ордабасы", "Көроғлы", "Оғыз хан", т.б. кескіндеме жанрындағы туындылардың авторы. Сондай-ақ, оның "Абылай хан", "Әбілқайыр хан","Әйтеке би", "Қазыбек би", "Төле би", "Қорқыт" тәрізді портреттер сериясы бар. Қазақстанның ұлттық ақшасы – теңгені безендірушілердің бірі. "Жоғалған ұйқы" қуыршақты мультфильмінің қоюшы-суретшісі болған. Дүзелханов Қазақстан Мемлекетінің сыйлығын (2002), Абай, Әлішер Навои атындағы сыйлықтардың иегері.

Фото: Ағымсалы Дүзелханов

 

Мақсат Тәж-Мұрат

30 қазанда Көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұрат дүниеден өтті.

Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат 1959 жылы қарашада Атырау облысына қарасты Қосшағыл поселкесінде дүниеге келген. 1978-1983 ж. аралығында ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыған. 1983-1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты секретары, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болып істеді.

1990-1999 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде аспирант, аға оқытушы, доцент болды. 1994 ж. «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

2006-2007 ж. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 2007-2009 ж. «Ана тілі» газетінің бас редакторы. 2009 жылы Астана қаласына ауысып, 2013 ж. дейін «Астана» журналының бас редакторы болып істеді.

Мақсат Тәж-Мұрат «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» кітаптарының және мерзімді басылымдар бетінде жарияланған жүзге тарта мақаланың авторы.

Фото: Мақсат Тәж-Мұрат

Ержан Бабақұмаров

Астанада түнде 90-жылдардан бері мемлекеттік құрылымдарда әртүрлі қызмет атқарған Ержан Бабақұмаров қаза тапты. Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты.

1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі болған. Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты хатшы және вице-министр қызметтерін атқарған. Премьер-министр канцеляриясы басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі – Президент Әкімшілігінің талдау және болжау орталығының меңгерушісі қызметтерін де атқарған.

2019 жылдың шілдесінен 2022 жылдың ақпанына дейін Алматы әкімінің орынбасары болған.

Фото: Ержан Бабақұмаров

Ғалым Доскен

11 қарашада 65 жасында белгілі әдебиет сыншысы, филолог, режиссер әрі сценарист Ғалым Доскен дүниеден озды.

Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға.

Ол "Ұлан" газетінің бас редакторы, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырған. Соның ішінде "Қазақтың дәстүрлі 1000 әні" мен "Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі" атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді.

Режиссер әрі сценарист ретінде "Киелі жерлер", "Жоғалған жарық хроникасы" секілді деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттады.

Фото: Ғалым Доскен

 

Күләш Ахметова

14 қарашада қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ақын Күләш Ахметова Қырғыз Республикасының Талас ауданы, Киров аулында 1946 жылы 25 сәуірде дүниеге келген. 

Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы ҚазМҰУді тамамдаған.

Еңбек жолын Үшарал медицина пунктінің меңгерушісі болып бастап, кейін журналистика саласында жұмыс істеді. Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде, 1973–1977 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер және бөлім меңгерушісі болып, 1977–1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болып қызмет атқарды.

Қазақ поэзиясына терең мазмұнды, лирикалық әрі азаматтық бағыттағы көптеген жырлар қалдырды. «Сен менің бақытымсың» үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын, «Құт» жинағы үшін Мемлекеттік сыйлықты, «Болашақ» поэмасы үшін халықаралық К. Симонов сыйлығын алды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды.

«Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған аяулы ақын Күләш Ахметованың шығармашылығы қазақ әдебиетінде мәңгі сақталады.

Фото: Күләш Ахметова

 

Рымкеш Омарханова

18 қарашада театр және кино майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаушылардың бірі Рымкеш Омарханова 86 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Ол 1939 жылы 30 қазанда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңа негіз бөлімшесі Сарытау ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қарағанды музыкалық училищесінде оқыды. Осы жылдары Қарағанды қаласының С.Сейфуллин атындағы қазақ музыкалық драма театрында Актриса ретінде қызмет атқарды.

1990 жылы Целиноград қаласының әкімшілігінің шақыруымен қазіргі Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ашылуына атсалысып, осы күнге дейін еңбек етіп келді. Рымкеш Омарханова өзінің өнер саласындағы көп жылғы еңбегінде көптеген дипломмен, мақтау қағаздарымен марапатталды және облыстық, аудандық депутаттыққа сайланды.
Жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырында сахнада 150-ден аса бейнені сомдап шығарды.

Актриса Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінде Мақпалды, «Қыз Жібекте» Төлегеннің анасын, Әуезовтың «Қаракөзінде» Мөржанды, «Еңлік-Кебекте» Еңлікті, Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» Толғанайды, «Ақ кемеде» кемпірді сомдады.

2014 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2024 жылы Президент Жарлығымен мемлекетіміздің мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.

 

Фото: Рымкеш Омарханова

 

Диля Ибрагимова

28 қарашада белгілі тележурналист Диля Ибрагимова қайтыс болды. Диля Ибрагимова ұзақ жылдар бойы «Хабар» және «КТК» телеарналарында спорт жаңалықтарын жүргізіп, қазақстандық спорт журналистикасының ең танымал және сүйікті тұлғаларының бірі болды. Отандық журналистиканың дамуына өзіндік зор үлес қосты.

Диля Ибрагимова бірнеше жыл бойы ауыр дерттен зардап шеккен. Оның артында ұлы қалды.

 

Фото: Диля Ибрагимова