2025 жылы Mercedes-Benz-тің табыс екі есеге қысқарған
Германиялық автоконцерн 2025 жылғы қаржылық нәтижелерін жариялап, өткен кезең компания үшін оңай болмағанын мәлімдеді. Ресми есепке сәйкес, таза пайда 2024 жылғы 10,409 млрд еуродан 5,331 млрд еуроға дейін қысқарған. Яғни, бір жыл ішінде табыс шамамен екі есеге азайған көрінеді.
Бұл ретте өндіріс көлемі де төмендеді. 2024 жылы конвейерден 1,983 млн автомобиль шықса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,801 млн-ға дейін кеміді. Сарапшылар мұны әлемдік нарықтағы бәсекенің күшеюімен, электрлі көліктер сегментіндегі қайта құрылымдаумен және негізгі экспорттық нарықтардағы геосаяси әрі сауда факторларымен байланыстырады.
Компания үшін басты сыртқы нарық - Қытай. Алайда жергілікті автоөнеркәсіптің қарқынды дамуы неміс брендіне деген қызығушылықты әлсіреткен. 2024 жылмен салыстырғанда Қытайдағы сауда көлемі 19 пайызға төмендеді. Соған қарамастан, аталған елде 551,9 мың автомобиль сатылып, Қытай әлі де брендтің ең ірі нарығы болып қала берді. Бұл көрсеткіш АҚШ-тағы сатылымнан (284,6 мың) шамамен екі есе жоғары.
Америка нарығында да ахуал күрделі болды. Дональд Трамп енгізген тарифтік шектеулердің әсерінен АҚШ-тағы клиенттер саны 12 пайызға азайды. Бұл премиум сегментке бағытталған еуропалық маркалар үшін қосымша қысым туғызды.
Еуропада жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. Қарт құрлықтағы тұтынушылар 634,6 мың «Mercedes-Benz» автокөлігін сатып алған. Бұл көрсеткіш компанияға ішкі нарықтағы позициясын сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Mercedes-Benz Ресей нарығынан ресми түрде кеткеніне қарамастан, балама жеткізу арналары арқылы 10,2 мың автомобиль сатылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.
Қазақстандағы көрсеткіш те назар аудартады. 2025 жылы елдегі сатылым 7,7 пайызға төмендеген. Дилерлер 12 ай ішінде 504 автомобиль өткізсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 546 болған еді.
Электрлі көліктер сегменті жалпы статистикаға айтарлықтай ықпал етті. Әсіресе, Mercedes-Benz EQS 580 4MATIC AMG Line сияқты EQS топтамасының күткен нәтижені бермеуі сатылым динамикасына әсер еткен. Дегенмен, қуатталатын гибрид модельдерге сұраныс артқаны байқалады.
Спорттық бөлімше – Mercedes-AMG 7 пайыз өсім көрсетіп, премиум өнімдерге деген қызығушылық сақталғанын дәлелдеді. Ал Mercedes-Benz G-Class сатылымы модельдің 46 жылдық тарихындағы ең жоғары деңгейге жетіп, брендтің имидждік тірегіне айналды.
Қиындықтарға қарамастан, компания басшылығы алдағы кезеңге өршіл жоспар қойып отыр. 2026 жылға қарай барлық класта 2 млн автомобиль сату, премиум сегмент үлесін 15 пайызға арттыру және электрлі модельдер саудасын екі еселеу көзделген.
Осы мақсаттарға жету үшін алдағы жылдары толықтай жаңа немесе елеулі жаңартудан өткен 16–18 модель нарыққа шығарылады. Mercedes-AMG мотор гаммасына Еуро-7 экостандартына бейімделген алты цилиндрлі қозғалтқыш пен V8 агрегаты қайта оралады. Бұдан бөлек, AMG GT XX концептісінің сериялық нұсқасы ұсынылмақ. Бұл модель жеке платформада жасалып, Porsche Taycan-ға тікелей бәсекелес болады деп күтілуде.
Осылайша, 2025 жыл Mercedes-Benz үшін қаржылық тұрғыдан күрделі кезең болғанымен, концерн стратегиялық қайта бағдарланып, электрлендіру мен премиум сегментке басымдық беру арқылы жаңа өсім кезеңіне қадам басуды көздеп отыр.

