©El.kz коллажы

2025 жылы ғылыми-фантастика жанрында түсірілген ең үздік 10 фильм

2025 жыл ғылыми-фантастика жанры үшін шын мәнінде берекелі болды. Ауқымды блокбастерлерден бастап, философиялық астары терең туындыларға дейін бұл жанр өз әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ғылыми фантастика эффект пен қиялдың ғана емес, батыл идеялардың, эмоция мен визуалды эксперименттердің алаңына айналды.

ScreenRant редакциясы жыл қорытындысын жасап, 2025 жылғы ең үздік 10 ғылыми-фантастикалық фильмді атады. Бұл туындылардың бір бөлігі кассалық табыспен көзге түссе, екінші бөлігінің айналасында шу аз болғанымен, мазмұны және көркемдік деңгейі жағынан кем түспейді. Ең бастысы – олардың барлығы көрерменді ойлануға, сезінуге және таңғалуға мәжбүрлейді. Солардың басым бөлігі 2026 жылы беделді кино байқауларында жүлдегерлер қатарынан табылады деген болжам бар.

The Gorge / «Шатқал»

Apple TV+ платформасының жыл басындағы ең шулы премьераларының бірі.
Режиссер Скотт Дерриксон («Доктор Стрэндж», «Синистер») Аня Тейлор-Джой мен Майлз Теллерді екі мергеннің рөліне тоғыстырған. Олар құпияға толы шатқалды күзетеді, алайда оның түбінде не жатқанынан бейхабар.

Фильм ғылыми фантастика мен хоррордың шекарасын шебер ұштастырады. Актерлер арасындағы химия оқиғаны тірілтіп, кей сәттерде иронияға толы диалогтар көрерменге ерекше әсер қалдырады. Әсіресе, кейіпкерлердің «Ход королевы» мен «Одержимость» фильмдеріне жасалған ишаралары есте қалады.

The Running Man / «Жүгіруші адам»

Стивен Кингтің танымал романының экранизациясы – көпшілік асыға күткен жобалардың бірі.

Эдгар Райт классикалық оқиғаға жаңа тыныс берсе, басты рөлді Глен Пауэлл сомдайды.

Сыншылар пікірі екіұшты болғанымен, фильм динамикасы, әзілі және әлеуметтік астарымен ерекшеленеді. Колман Доминго мен Джош Бролин сынды актерлері бар құрам туындының салмағын арттыра түскен.

Elio / «Элио»

Pixar тағы да күрделі тақырыпты қарапайым әрі жүрекке жететін тілмен жеткізетінін дәлелдеді.

Кездейсоқ түрде галактикалық қауымдастықта Жердің «елшісіне» айналған баланың хикаясы – қабылдау, отбасы және өз орныңды табу жайлы әсерлі әңгіме.

Фильм күлкі мен мұңды, ғарыштық шытырман мен адами жылулықты қатар ұсынады. Elio «Алтын глобусқа» ұсынылып, жылдың мәнді премьераларының біріне айналды.

The Fantastic Four: First Steps / «Фантастикалық төрттік: Алғашқы қадамдар»

Marvel киноәлеміндегі күтпеген әрі батыл бетбұрыс.

Фильм экшннен гөрі ғылыми идеяларға, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасқа басымдық береді.

Күміс Серфермен болған қуу сахнасы MCU тарихындағы ең әсерлі көріністердің бірі атанса, жалпы фильм өзінің зияткерлік деңгейімен сыншылардың да оң бағасын алды.

Companion / «Компаньон»

Жылдағы ең көп талқыланған фильмдердің бірі. Өзін-өзі танып-білген робот-компаньон туралы оқиға билік, бақылау және еркіндік жайлы қатал әрі эмоциялық оқиғаға айналады.

Софи Тэтчердің ойыны сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, фильм Rotten Tomatoes-та 93% көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – 2025 жылғы ең мықты фантастикалық триллерлердің бірі.

Predator: Killer of Killers / «Жыртқыш: Аңшыларды аулаушы»

Анимациялық форматтағы күтпеген эксперимент.
Әртүрлі дәуір жауынгерлерінің Жыртқышпен шайқасы ауқымымен және көркемдік еркіндігімен таңғалдырды.

Фильм франшиза тарихындағы ең жоғары бағалардың бірін алып, анимацияның «Жыртқыш» әлемін жаңа қырынан аша алатынын көрсетті.

Mickey 17 / «Микки 17»

«Паразиттерден» кейін Пон Джун-хоның көптен күткен оралуы.
Роберт Паттинсон өлімге қауіпті ғарыш миссиялары үшін жасалған клонның екі нұсқасын сомдайды.

Фильм философиялық ой, әзіл мен әлеуметтік сатираны үйлестіре отырып, адам құндылығы мен болмысы туралы терең толғанысқа жетелейді.

Avatar: Fire and Ash / «Аватар: От пен күл»

Джеймс Кэмеронның аңызға айналған сагасының үшінші бөлімі.
Джейк пен Нейтиридің отбасы жаңа На’ви кланымен бетпе-бет келеді, ал оқиға шиеленісі бұрынғыдан да ушыға түседі.

Сюжетте таныс мотивтер болғанымен, визуалдық ауқым мен эмоциялық әсер өте жоғары деңгейде.

Predator: Badlands / «Жыртқыш: Өлім планетасы»

Франшизадағы ең батыл идеялардың бірі – басты кейіпкердің өзі Жыртқыш.
Жас жауынгердің өз құндылығын дәлелдеуге талпынысы күтпеген жерден әсерлі әрі адамгершілікке толы хикаяға ұласады.

Эль Фаннинг фильмге ерекше реңк беріп, туынды сериядағы үздіктер қатарына қосылды.

Bugonia / «Бугония»

Жылдың ең тосын әрі интеллектуалды фильмі.

Йоргос Лантимос абсурд пен шындықтың арасындағы шекараны тағы да шебер бұзады.

Корпорация басшысын «бөгде ғаламшарлық» деп күдіктеніп, оны ұрлау жайлы оқиға психологиялық ойынға айналады. Эмма Стоун мен Джесси Племонс тандемі фильмді әсерлі ете түседі. Bugonia жүлде маусымының басты үміткерлерінің бірі саналып отыр.