2025 жыл Қазақстан жастары үшін елеулі жетістіктер жылы болды. Әнші Димаш Құдайберген жеке концертімен әлемдік сахналарды бағындырса, футболшы Темірлан Анарбеков УЕФА Чемпиондар лигасында сенімді ойын көрсетті. Асылжан Алтай мен командасы «Aleem» қосымшасымен, ал суретші Әсел Сабыржанова танымал жұлдыздардың бейнесін кілемге түсіріп, әлемдік аудиторияның назарын аударды. Ендеше, жастардың биылғы жетістіктерін бірге саралап көрейік.
Технология және білім саласы
2025 жылы қазақстандық жастар технология мен білім беру саласында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Соның айқын дәлелі – ағылшын тілін тегін үйретуге арналған «Aleem» қосымшасы. Жобаның авторлары – Асылжан Алтай, Алидар Кучуков, Ален Алтай, Темірлан Аманжанов, Темірлан Темірбаев, Бердібек Сапарбеков, Дінмұхамед Асаинов, Айя Жұма және Амаль Садеков. Қосымша App Store платформасында жүктелу саны бойынша Duolingo-ны басып озып, алғашқы үш күнде 107 елден 60 мыңнан астам пайдаланушы жинады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Технология саласындағы тағы бір ірі жетістік – Higgsfield AI стартапының «единорог» мәртебесіне жетуі. Жобаны Ерзат Дулат пен Алекс Машрабов құрды. Екі жылға жетпей 1 миллиард доллардан асатын бағалауға ие болған стартап Қазақстаннан шыққан алғашқы технологиялық «единорог» ретінде тарихқа енді. Higgsfield генеративті бейне жасау бағытында әлемдік нарықта миллиондаған пайдаланушыға қызмет көрсетіп отыр.
Білім саласындағы тағы бір жарқын жетістік – Алматы қаласындағы №23 мектеп-гимназиясының оқушысы Дария Насимуллинаның халықаралық деңгейдегі жеңісі. Ол Грекияда өткен KGL Contest-2025 ағылшын тілі олимпиадасында бірінші орынды иеленді. 40-тан астам елден қатысқан 8–17 жас аралығындағы үздік оқушылар арасында Дария ең жоғары B2 деңгейі бойынша топ жарып, Қазақстанның бұл байқауға алғаш қатысуында ел абыройын асқақтатты.
Ал 11 «А» сыныбының оқушысы Мартынюк Игорь Қазақстандағы ең ірі стартап-бағдарламалардың бірі – Nfactorial Incubator жобасының жеңімпазы атанды. Ол Алматыда өз стартабын дамытып, Демо-күнде инвесторлар алдында жобасын сәтті қорғады. Жоба инвестиция тартып, қысқа уақытта қолданушылар санын арттырды.
Мәдениет және өнер саласы
2025 жылы қазақстандық жастар мәдениет саласында халықаралық сахналарда көзге түсті.
Димаш Құдайберген Madison Square Garden-де «Stranger» атты жеке концертімен ТМД елдері бойынша алғашқы қазақстандық әртіс атанды. Сол жылдың 12 қарашасында Лондон мен 12 желтоқсанда Латвияның Рига қаласындағы Xiaomi Arena сахналарын бағындырып, ауқымды концерттік турын сәтті аяқтады.
Опера саласында жас талант Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен XI Халықаралық CLIP 2025 байқауында бас жүлдені жеңіп, «Көрермендер көзайымы», «Ең үздік әйел дауысы» номинациялары мен Карло Майер атындағы арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл жетістік Орталық Азиядан ешбір өнерпаз әлі қол жеткізбеген деңгейде.
Сонымен қатар, Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармония әншісі Алмагүл Батталиева Беларусьтегі «Витебскідегі Славян базары» XXXIV Халықаралық өнер фестивалінде 137 ұпай жинап, Гран-при жеңіп алды.
Сондай-ақ, талантты қазақстандық суретші Әсел Сабыржанова әлемге танымал Дженифер Лопестің және танымал актер Джеки Чанның бейнесін кілемге түсіріп, көрерменнің ерекше назарын аударды. Оның бұл еңбегі Instagram желісінде жарияланып, әлеуметтік желі қолданушылары мен өнер сүйер қауым арасында кеңінен таралып, оң бағасын алды.
Жас әнші Еңлік Құрарбектің шығармашылығы да биылғы жылы ерекше назарға ілікті. Оның «Мейлі» хиты ресми релизге шықпай тұрып-ақ трендке айналып, әлемнің әр түкпіріндегі қолданушылар ән үзінділерін пайдаланып видео жасауда. Бұл Еңліктің шығармашылығының халықаралық аудиторияға да жеткенін айқын көрсетті.
Мемлекет басшысының жарлығымен мәдениет саласына үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Грэмми» жүлдесін алған Иманбек Зейкенов «Құрмет» орденін, актер Еркебұлан Тоқтар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алып, көпшілік арасында талқыға түсті.
Алматыда «Қазақ аруы – 2025» ұлттық сұлулық байқауында Талдықорған қаласының атынан қатысқан жас дизайнер, кәсіпкер Дәрия Қуатжан жеңімпаз атанып, көптің көзайымына айналды. Байқаудың жеңімпазы дауыс беру арқылы анықталып, нәтижесі жобаның Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды.
Спорт саласы
2025 жыл қазақстандық спорт үшін жаңа есімдер мен жарқын жеңістерге толы болды. Әсіресе жас спортшылардың халықаралық ареналарда сенімді өнер көрсетуі ел спортының болашағына деген сенімді арттырды. Футболдан бастап бокс, гимнастика, күрес пен тенниске дейінгі түрлі салада көзге түскен жастар ірі жарыстарда топ жарып, Қазақстанның атын әлемге танытты.
Биыл футбол сүйер қауымның назары «Қайрат» клубының жас ойыншыларына ауды. УЕФА Чемпиондар лигасындағы ойындар қазақстандық футболда жаңа буын қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті. 22 жастағы қақпашы Темірлан Анарбеков сенімді ойынымен УЕФА деңгейінде мойындалып, бір турдың үздік ойыншылары қатарына енді. Қазіргі таңда оған бірқатар еуропалық клубтар қызығушылық танытып отыр. Ал 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде гол соққан Қазақстаннан шыққан тұңғыш футболшы ретінде тарихқа енді. Оның лондондық «Челсиге» ауысатыны белгілі болып, 2008 жылы туған әлемдегі ең перспективалы шабуылшылардың қатарына қосылуы қазақ футболы үшін үлкен жетістік болды. Темірлан жарақат алған сәтте негізгі құрамдағы орнын толықтырған 18 жастағы Шерхан Қалмырза да маңызды матчтарда өзін сенімді көрсете білді.
Жекпе-жек спортында да қазақстандық жастар айрықша нәтиже көрсетті. Боксшы Санжар Тәшкенбай Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, мансабында екінші рет әлем чемпионы атанды. Назым Қызайбай 48 келі салмақта әлем чемпионатында топ жарып, үш дүркін әлем чемпионы атанып, ел спортының тарихына тағы бір рекорд қосты. Айбек Оралбай да әлем чемпионатында жеңіске жетіп, халықаралық ареналардағы тәжірибесі мен шеберлігін дәлелдеді.
2025 жыл қазақстандық бокс үшін ағайынды Сабырхандардың жетістігімен де есте қалды. Махмұд пен Төрехан Сабырхан әлем чемпионатында қос алтын алып, бір отбасынан шыққан екі чемпион ретінде тарихта қалды. Сонымен қатар Наталья Богданова, Сәкен Бибосынов, Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева әлем біріншіліктерінде жеңіске жетті.
Көркем гимнастикада жас спортшы Ақмарал Ерекешева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі алтын, бір күміс медаль жеңіп алып, үлкен спорттағы болашағынан үміт күттіретінін көрсетті. Ал грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали араға 26 жыл салып Қазақстанға әлем чемпионатының алтын жүлдесін әкеліп, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Теннис саласында да ел спорты үшін айтулы жеңіс тіркелді. Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде топ жарып, бұл турнирді жеңіп алған алғашқы қазақстандық теннисші атанды. Финалда ол Арина Соболенконы екі сетте жеңіп, Қазақстан спортының тарихына есімін алтын әріппен жазды.

