Жаңалықтар

2025 жылы белбеуімізді қаттырақ тартуымыз керек – Абзал Құспан

2025 жылы белбеуімізді қаттырақ тартуымыз керек – Абзал Құспан
Фото: El.kz/Арман МУХАТОВ 25.12.2024 13:30 333

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 2025 жылы елімізде қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат саяси өзгерістердің экономикалық ахуалға әсер етпей қоймайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұнай бағасы құлдырауы мүмкін.

Ашығын айту керек, 2025 жыл үлкен қиындықтармен келеді деп есептеймін. Трамптың сайлауда жеңіске жетуі және оның сайлауалды бағдарламасындағы мұнайдың бағасын 40 долларға дейін түсіремін деген мәлімдемесі бар. Мұндай жағдай Қазақстан экономикасына өте кері әсер ететін болады. Биыл 2024 жылдан да белбеуімізді қаттырақ тартуға тура келеді. Ол енді сөзсіз біздің экономикалық, әлеуметтік жағдайымызға теріс әсер етеді деп ойлаймын. Үкімет жақсы шешімдер қабылдап, қаражат табудың, кірістерді кіргізудің жаңа жолдарын ойлап тауып, жемісін тауып үлгермесе, қиындау болады, - дейді Абзал Құспан.

Мәжілісмен келесі жылы қылмыстық істерге қатысты мәселелерді жиі көтеруді жоспарлап отырғанын айтады.

2025 жылы қылмыстық істерге қатысты мәселелерді көтеру керек. 2024 жылы қазақ қоғамын көп алаңдатқан мәселелер қылмыстық істерден туындап жатыр. Құқық қорғау органдарының әрекеттері немесе керісінше әрекетсіздігіне байланысты екені жасырын емес. Сондықтан мен де осы бағыттан таймайтын боламын. Мысалы, 2024 жылы ең көп депутаттық сауал Бас прокурордың атына бағытталған еді. Келесі жылы да осы бағытта жұмысымды жалғастырамын. Құқық қорғау органдарында шынайы реформалар жүзеге аспаса, біз проблемадан құтылмаймыз. Өрт сөндіруші сияқты жұмыс істеуді қою керек, қай жерден өрт шықса, соны сөндіреміз. Біз реформа жасасақ қана бұл мәселеден құтыламыз. Реформа дегеніміз – құқық қорғау органдарының санын азайту. Қазір қылмыстық істі тергейтін 7 орган бар. Бұрындары Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі болатын. Қазір оның санын жетеуге жеткізіп қойдық. Прокуратура оның бәрін игере алмай отыр, - дейді Абзал Құспан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға