2025 жылғы реформалар: халық өміріндегі нақты өзгерістер
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Ұлттық талдау орталығы жүргізген, мың респондент қатысқан зерттеу 2025 жылды тек эмоциялық тұрғыдан емес, азаматтардың күнделікті өмірінде нақты сезілетін өзгерістер тұрғысынан бағалауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері негізгі салалардағы реформалардың қоғам назарында болғанын көрсетеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Цифрландыру – 2025 жылдың басты жетістігі
Зерттеу деректеріне сәйкес, соңғы жылдары мемлекеттік цифрлық қызметтер айтарлықтай қолжетімді бола түскен. Ал 2025 жылы азаматтар бұл өзгерістердің нақты нәтижесін жоғары бағалаған.
Респонденттердің 81%-ы цифрландырудың арқасында «күнделікті мәселелерді шешу әлдеқайда ыңғайлы болды» деген пікірмен келіседі немесе ішінара келіседі.
Бұл көрсеткіш тек технологиялық тиімділікті ғана емес, цифрлық қызметтердің күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын айқын көрсетеді.
Инфрақұрылымды жаңғырту: көзге көрінбейтін жұмыс – сезілетін нәтиже
Зерттеуде инфрақұрылым саласындағы өзгерістерге де ерекше назар аударылған. Әсіресе, жылу, су және коммуналдық қызметтер мәселесі қазақстандықтар үшін әрдайым маңызды.
Респонденттердің 75%-ы 2025 жылы ескірген желілерді қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылданды деп санайды, - делінген мәліметте.
Сарапшылардың пікірінше, бұл нәтиже әдетте көпшілікке байқала бермейтін инфрақұрылымдық жұмыстардың күнделікті өмірде айқын сезіле бастағанын көрсетеді.
Қайтарылған активтер әлеуметтік нысандарға бағытталуда
Зерттеу қорытындысында мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – қайтарылған активтерді әлеуметтік нысандар салуға пайдалану мәселесі де қамтылған.
Қазақстандықтардың 57%-ы мұндай әлеуметтік нысандар саны артып келе жатқанына келіседі немесе көбіне келіседі, - деп қосты орталық.
Азаматтар өз маңайында салынған мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды көрген сайын, әлеуметтік әділеттілік саясатының нақты нәтижесін сезіне бастайды.
Сонымен бірге жауап беруге қиналғандардың үлесі 15% болған. Бұл жағдай қайтарылған активтер есебінен салынған нақты нысандар туралы қоғамға қосымша түсіндіру жұмыстары қажет екенін көрсетеді. Көпшілік саясаттың бар екенін біледі, алайда оның нақты нәтижелерін әрдайым байланыстыра бермейді.
Қорытынды
Ұлттық талдау орталығының зерттеуі 2025 жылғы реформалардың қағаз жүзінде емес, азаматтардың күнделікті өмірінде нақты байқала бастағанын көрсетіп отыр. Цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік әділеттілік бағытындағы өзгерістер қоғам тарапынан оң бағаланып отыр.

