2025 жылғы ең сенімді көліктер тізімі жасалды
АҚШ-тағы беделді коммерциялық емес Consumer Reports ұйымы автомобиль нарығындағы ең сенімді брендтердің жаңартылған рейтингін жариялады. Биыл да көш басында Lexus, Subaru және Toyota маркалары тұр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Зерттеу барысында мамандар 2000 жылдан бері шығарылған 380 мыңға жуық автокөлікке қатысты деректерді талдаған. Сонымен қатар 2023-2026 жылдардың басында шыққан жаңа жеңіл көліктер, жол талғамайтын машиналар мен жүк көліктеріне арналған болжамды сенімділік көрсеткіштері де ескерілген.
Сарапшылар автокөліктердегі 20 негізгі проблемалық аймақты қарастырды. Олардың қатарында интерьердің тез тозуы, бағдарламалық жасақтамадағы ақаулар сияқты ұсақ кемшіліктерден бастап, қозғалтқыш, трансмиссия мен аккумулятордың істен шығуы секілді қымбат әрі қауіпті ақауларға дейін бар. Әрбір көрсеткіш жөндеу құны мен жүргізуші қауіпсіздігіне әсеріне қарай 100 балдық шкаламен бағаланған.
Қорытынды рейтинг осы бағаларды жол сынақтарының нәтижелерімен, краш-тест деректерімен, көлік иелерінің қанағаттану сауалнамаларымен және қауіпсіздік сипаттамаларымен біріктіру арқылы жасалды.
2025 жылғы ең сенімді 10 автокөлік
Toyota – 66 ұпай
Subaru – 63 ұпай
Lexus – 60 ұпай
Honda – 59 ұпай
BMW – 58 ұпай
Nissan – 57 ұпай
Acura – 54 ұпай
Buick – 51 ұпай
Tesla – 50 ұпай
Kia – 40 ұпай
Қызықты деректер
Рейтингке ену үшін брендтің кемінде екі моделі 2023, 2024, 2025 немесе 2026 жылдың басында шығарылған болуы тиіс. Осы талапқа байланысты Alfa Romeo, Dodge, Fiat, Infiniti, Jaguar, Land Rover, Porsche және бірқатар басқа марка тізімге енбеді.
Ең сенімді модель ретінде Honda Passport танылып, ол 97 ұпай жинады. Одан кейін Toyota 4Runner (95) және Lexus IS (84) орналасқан.
Үздік ондыққа Toyota компаниясының алты моделі бірдей кірді.
Lexus маркасының барлық модельдері орташа немесе одан жоғары сенімділік деңгейін көрсетті.
Жанармай қозғалтқышы мен батареясы бар электромоторлы гибридтер (PHEV) мәселесі көп көліктер қатарына жатқызылды – оларда 20 ақаулы аймақ тіркелген. Ал ең аз мәселе толық электрлі көліктерде (12) анықталған.
Электромобильдер қозғалтқыш тұрғысынан сенімді болғанымен, сыртқы және ішкі әрлеу сапасы бойынша әлі де кемшіліктері аз емес.
Tesla өз тарихындағы ең жоғары – 9-орынды иеленді, ал марканың ең сенімді моделі Model 3 деп танылды.
Кәдімгі гибридтер (HEV) ең сенімді көлік түрі ретінде қалса, электромобильдер мен PHEV модельдері рейтингтің соңғы бөлігінде орналасқан.
Есесіне Mazda қатты құлдырады – бірден 8 сатыға төмендеп, 14-орынға түсті.
Орташа сенімділік көрсеткіші бойынша азиялық өндірушілер көш бастап тұр (56 ұпай), ал еуропалық брендтер 50 ұпаймен екінші орында. Топ-10-ға Еуропадан тек BMW ғана енді.
Кузов түрлері бойынша ең сенімдісі – седандар, хэтчбектер және универсалдар (58 ұпай). Жол талғамайтын көліктер мен минивэндер екінші орында (46), ал пикаптар соңғы орынға жайғасты (44).
Мамандар жаңа немесе жаңартылған модельдерді бірден сатып алуға асықпауға кеңес береді. Себебі алғашқы жылдары олардың сенімділік көрсеткіштері көбіне орташа деңгейден төмен болады, ал өндірушілер енгізген жаңашылдықтар әрдайым өзін ақтай бермейді.

