Жаңалықтар

2025 жылға дейін жастарға жалға берілетін 12 мың пәтер салынады

Жастарға бағытталған жоба алдағы үш жылда елдің үш мегаполисі: Астана, Алматы мен Шымкент қалаларын қамтымақ
2025 жылға дейін жастарға жалға берілетін 12 мың пәтер салынады
Фото: Pixabay.com 09.11.2022 01:35 1077

Елімізде 2025 жылға дейін жастар үшін жалға берілетін 12 мың пәтер салынады, деп хабарлайды El.kz  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына орай ведомство кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған орай алдағы үш жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жалға берілетін 12 мың пәтер салынбақ.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін жыл сайын 3 мың пәтер салу және сатып алу көзделіп отыр. Биыл осы мақсатта республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге қарастырылған.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бес жыл мерзімге беріледі. Осы кезең ішінде жастардың өз баспанасының бастапқы жарнасын жинау мүмкіндігі тумақ. Ал кейіннен босаған тұрғын үй келесі үміткерлерге беріледі.
Жалпы алғанда, 2019 жылдан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтін жастарға еліміздегі үш мегаполисте 7 мыңға жуық жалға берілетін пәтер салынды.
Сонымен қатар бүгінде Астана қаласында «Елорда жастары», Алматы қаласында «Алматы жастары», Қарағанды облысында «Қарағанды жастары», Жамбыл облысында «Әулие ата жастары», Батыс Қазақстан облысында «Орал жастары», Қостанай облысында «Қостанай жастары», Алматы облысында «Алатау жастары», Атырау облысында «Атырау жастары»  тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды. Бұдан бөлек, Павлодар облысында «Ертіс жастары», Абай облысында «Абай жастары», Ақтөбе облысында «Ақтөбе жастары» өңірлік несиелендіру бағдарламалары даярлануда.
Өңірлік бағдарламалар жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ жергілікті бюджеттен және 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген. Алғашқы жарна көлемі – 0-10 пайызды құрайды. Несиелендіру мерзімі – 25 жылға дейін.
Айта кетейік, аталған шаралар Мемлекет басшысының қолжетімді жалға берілетін тұрғын үйлер салу және жеке баспана сатып алу құралдарын дамыту турасындағы тапсырмасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға