2025 жыл қорытындысы: мемлекет басшысы 252 сағат уақытын ұшақта өткізді
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай 2025 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы және ішкі саясаттағы қызметі «өте қауырт әрі жемісті» болғанын атап өтті.
Оның айтуынша, биылғы жыл Қазақстан үшін елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырулар кезеңі болды.
Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер орын алды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толды. Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды, – деп жазды ол.
Руслан Желдібайдың мәліметінше, 2025 жылы президент елдің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми және әлеуметтік-мәдени нысанды аралаған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 16 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерінің есептерін тыңдаған.
Экономикалық өсім және жаңа жобалар
Баспасөз хатшысы экономикалық көрсеткіштерге де тоқталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп күтіледі. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш, – деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан тарихында алғаш рет ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асып, жан басына шаққанда 15 мың долларға жетпек. Елде жалпы құны 1,478 триллион теңгені құрайтын 185 жоба іске қосылып, 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған.
Жобалардың барлығы толық қуатына көшкен кезде экономикаға айтарлықтай серпін береді. Өндіріс көлемі 2,3 триллион теңгеге жуықтайды, – деп атап өтті Руслан Желдібай.
Көлік-логистика және инфрақұрылым
Президенттің көлік-логистика әлеуетін дамытуға ерекше мән бергенін атап өткен баспасөз хатшысы 2025 жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталғанын хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, – деді ол.
Сонымен қатар ел нарығына жаңа авиакомпаниялар кіріп, 35-тен астам жаңа халықаралық бағыт ашылған. Оның ішінде Шанхай, Гуанчжоу және Мюнхенге алғаш рет тікелей рейстер іске қосылды.
Цифрландыру және жасанды интеллект
Руслан Желдібай 2025 жыл цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуда серпінді кезең болғанын атап өтті.
Президент биылғы Жолдауында Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойған еді, – деді ол.
Осы бағытта «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Астанада Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылып, Alemcloud ұлттық суперкомпьютері іске қосылды. Ол әлемдік TOP-500 рейтингінде 86-орынға ие болды.
Халықаралық қатынастар
Баспасөз хатшысының мәліметінше, бір жыл ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев 23 рет шетелге сапарлап, 186 халықаралық кездесу өткізген.
Халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды, – деп жазды Руслан Желдібай.
Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстан халықаралық диалогтың белсенді алаңына айналып, шет мемлекеттердің басшылары елге 30 рет сапармен келген.
Құжаттар мен шешімдер
Жыл қорытындысы бойынша мемлекет басшысы 95 заңға, 388 жарлыққа, 80 өкімге және мыңдаған қызметтік құжатқа қол қойған. Олардың қатарында Бюджет, Салық және Су кодекстерінің жаңа редакциялары, сондай-ақ «Жасанды интеллект туралы» Заң бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімдері экономикалық өсімнің жаңа ортасын қалыптастыруды көздейді, – деп түйіндеді Руслан Желдібай.

